Жұма, 26 сәуiр, 18:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сай сайға, бай байға құяды…

25.06.2022

1647 0

Жақында бала күннен бірге өскен құрбым тұрмысқа шығатын болды. Тойды ақылдасу мақ­сатында екі жақтың үлкендері кездесті. Жігіт ауыл­да тұратын қарапайым отбасының баласы. Ал құр­бым бақуатты жердің қызы. Арадағы тұрмыстық жағдай әсер етті ме, не керек, той болмайтын болды. Бәріміз аң-таң күйде қалдық. Осылайша арада біраз уақыт өтіп, құрбым өз теңін тауып, бар жерге келін болып түсті. Сол кезде ғана «Сай сайға, бай байға құяды» деген сөздің мағынасын ұқтық. Қазақтың «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, бай мен кедей құда болса, ілінісіп зорға жүреді» деген тәмсілі осындайда айтылса керек.

Қашанда қазақ халқы салт-жоралғыны, әдет-ғұрыпты берік ұстанады. Оның ішінде қызға қалың мал, құдаға кәде-кәумет беру дәстүрі ерекше мәнге ие. «Кәде сұрағанға беру – міндет» деген ұғым осы­дан қалған.  Бұл арқылы бір-бірінің көңілін тауып, шынайы ниетін білдіріп, өзара сыйластықты нығайтқан. Дегенмен ол кездері қолда барына қанағат тұтты.

Ал қазір аталған дәстүрді көбіне қыз ұзатып, келін түсіргенде қолданады. Алайда бүгінде құда­лардың бір-біріне киіт кигізуі көптің талқысына түсіп, түрлі көзқарас тудыруда. Сондай-ақ бұл мәселе талай жастың ортасына от салып, жас жұбайлардың кейінгі өміріне кері әсерін тигізуде. Әсіресе қазіргі той жасау бәсекесі күшейген кезеңде құдасының иығына құндыз шапан жауып, құдағиының қолына бриллиант білезік тағуға екінің бірінің шамасы келмейді. Десе де баласы үшін намысқа тырысып,  қарызданып жұрттан қалмай той өткізетіндер көп. Тіпті көбі төрт күндік қызық үшін төрт жыл несие төлеп жүр. Әрине, құдасын қалай сыйлаймын десе де өз еркі. Бірақ жастардың сезімі мен шешімін дүниемен өлшеу қаншалықты дұрыс?

Еліміздің әр өңірінде қызға берілетін қалың малдың мөлшері де әр түрлі. Әсіресе  оңтүстіктегі қалыңмал қымбатқа түседі. Салтымыздың бұл түрі заман талабына сай жыл сайын түрленіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қалың мал мөлшері де өсуде. Мәселен, қазір біздің өңірде ең төменгісі 500 мың теңге болса, жоғарғы қалың мал 1 млн теңгеден асады. Бұл тек қыздың қалың малына берілетін ақша. Оның сыртында, әке күші, ана сүті, той мал, күйеу алып баратын ілу, ағайын-туысқа беретін кәде-кәумет тағы басқа көптеген жоралғы бар. Осындай кезде реніш, ұрыс-керіс, бәсекелестік пен қызғаныш алға шығып, тойдың сәнін қашырады.

Қазір қалың мал мен

кәде-кәумет беру керек пе?

Бұл мәселеге келгенде халықтың пікірі екіге бөлінеді. Бірі мұны ескіліктің белгісі десе, енді бірі ерекше салт-дәстүр екенін алға таратады. Тіпті «қызды сата ма?» деген көзқарастағы адамдар да бар. Әрине, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Дегенмен «теңін тапса, тегін бер» деген сөзді ұмытпаған жөн. Әсіресе, бүгінгідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан заманда кім-кімге де той жасау оңайға соқпайды. Кейде халық кешегі сынақтан сабақ алмады ма деген ойға келесің. Екі жыл карантиннің кезінде той жасамақ түгілі, үйден шығу мұң болды. Бәріне тыйым салынды. Тіпті жастар үйлену тойын өткізбек түгілі, некесін қидырғанына мәз болды. Қалай карантин талаптары алынды, солай бұрынғы әніне қайта басты. Бұл жолы бәрі де қымбатқа түсуде. Атап айтсақ, қыздың қалың малы өсті. Азық-түліктің бағасы шарықтап, мейрамхана бағасы аспандады. Сонда да халық баласын қата­рынан қалдырмас үшін той жасап әлек. Әліптің артын бақпай, той жасау екі жастың болашағына да тікелей әсер етеді.

– Мен үйдің үлкенімін. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Ата-анам қарапайым шаруа адам­дары. Өздері оқымаса да маңдай терімен тапқан жиған-тергеніне бізді оқытты. Жұрттың баласынан кем етпей өсірді. Көптің қолы жете бермейтін қызметке тұрғызды. Тек жұмысты ойлап жүріп, жасымның 30-ға келгенін байқамаппын. Үйге келін түсіріп, анамның қолын ұзартқым келді. Осылайша үйленуге бел будым. Кездескен қыздардың ішінен қарапайым, үй шаруасына епті қызды іздедім. Көп ұзамай ойымдағы аруды жолықтырып, үйлендім. Қалыңдығымның әкесі дәулетті кісі болып шық­ты. Таршылық көрмей өскен келіншегім тойға дайындық кезінде біраз еркеледі. Қайын енем де анама құдалыққа киіт кигізуге тиісті туыстарының тізімін үйіп жазып берді. Сонымен қатар «Бар­лығын алтындатасың» деді. Бізде мұндай ақша қайдан болсын? Бар ойымыз адал еңбегімізбен тапқан бес-он теңгемізге той жасау еді. Анам өз қалтамыз көтеретін киіттерді алды. Тойымыз да ойдағыдай өтті. Қырғынның басы содан кейін басталды. Келіншегімнің келгелі қабағы ашылмай, жоқ жерден сылтау іздеп, ұрыс шығаруды әдетке айналдырды. Әдепкіде мән бермей жүрдім. Ол күннен-күнге үдетіп, түрлі мінез көрсете бастады. Одан неге олай етіп жүргенін сұрадым. Сонда ол біздің тарапымыздан берілген сый-сияпатқа ата-анасының көңілі толмағанын айтып, шу шығарды. Сол күннен бастап арамыз салқындай берді. Бұл келіспеушіліктің соңы бізді екі жаққа бөлді, – деп Бауыржан өз өкінішін білдірді.

Осындай да ата-ана үшін баласының бақы­тынан, қу дүниенің артық  болғаны ма деп іштей қайран қаласың. Иә, расында күнделікті тіршілікте мате­риалдық құндылықтың маңызды екені рас. Алайда өзегіңді жарып шыққан ұр­пағыңнан ештеңе артық емес. Қазіргі кезде  мұндай жағдайға тап келген тек Бауыржан ғана емес. Өйткені бүгінде осындай келеңсіздік талайдың тағдырын талқандауда. Сондай-ақ үйленейін десе, қалтасы көтермейтін қаншама жастарымыз сүрбойдақ атанып, кәрі қыздар саны артуда.

Басқа өңірде қалай?

Әрбір өңір өз салтымын қыз ұзатып, келін түсіргенді қалайды. Әрине, ол да дұрыс шығар. Десе де солтүстік пен шығыс жақтағылар оңтүстікпен құда болуға жүрексінеді екен. Өйткені бұл жақтың салт-дәстүрді берік ұстанып, қазақылықтың қай­наған ортасы деп біледі. Расында да солай-ақ. Алайда кейде аста-төк астамшылықтан әрі аса алмай кететін жайттар да кездеседі.

Дегенмен арамызда «Кәде-кәумет бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр, оны жоюға болмайды» дейтіндер де кездеседі. Осыған орай киіттің берілу жолдары уақыт талабына сай түрленуде. Мәселен, қазір көбі тек отбасы мүшелеріне ғана әкеледі. Сондай-ақ жас жұбайлардың болашағы, бақыты үшін екі жақ орталай ақша шығарып, екі жастың игілігіне жұмсауда.

– Былтыр қызымды қолдан ұзаттық. Жаңа құдалармен алдын ала киіт беріспейтін болып келістік. Басында туысқандарымыз қарсылық білдірді. Оларға ақша, дүние қолдың кірі, қызым барған жерінде абыройлы, бақытты болғанын қалайтынымды айттым. Ең бастысы, екі тараптан да той кезінде ұрыс-керіс, түсінбеушілік, әңгіме-сөз өрбіген жоқ. Осылайша  қазір екі жас тату-тәтті өмір сүруде, – деді Анар Жансейтова есімді көпбалалы ана. 

Шынында, алыс-беріс арадағы сыйластық мәзірі ғана. Сондықтан оны бәсекеге айнал­дырып, басты құндылыққа баламаған жөн.  Себебі әрбір ата-ана үшін баласының болашағы, оның бақыты маңызды болу керек.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: