Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Самокатқа да бақылау бар

18.07.2023

403 0

Соңғы уақытта қалада самокат тізгіндеген жастарды жиі көреміз. Жүйткіп жүрген олар жол ережесін өрескел бұзып, адам өміріне қауіп төндіретін әрекетке баруда. Неге десеңіз, кейбірі жаяу жүргінші жолынан ретсіз өтіп, автожолға шығу арқылы көлік қатынасына кедергі келтіреді. Жанталаса жарысамын деп жан тапсырғандар бар. Қиысар жолда қақтығыс болып, біріне-бірі соғып кінәлі болып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан бұл бағытта қатаң заң, темірдей тәртіп қажет.

Бүгінде билік аталған олқылықтың барын жасырмай, шешуге ұмтылды. Уәжі де орынды. Маман сөзінше, электр самокаттар бағдаршамға бағынбай, кептелісте кідірмей, көліктер арасынан қыстырылып өтеді. Жол ережесін бұзу былай тұрсын, қауіпті жағдай туғызу арқылы өзгенің өміріне қауіп төндіру жағдайы көбейген. Жуырда осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаңа жол жүру тәртібін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жол қозғалысындағы жаяу жүргіншілер мен мопед пен самокат жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін нормативтік актілер қабылданып жатыр.

«Қазақстанның инфрақұрылымы велоси­пед жолағына 500 шақырым ғана беруге арналған. Сондықтан да самокаттарды жол­дың оң жолағымен 18-ге толған, жүргізуші куәлігі бар, қорғау шлемі бар жүргізушілер айдай алады. Қалған жерлерде, мысалы, тротуарда жүретін болса, басымдық жаяу жолаушыларға беріледі. Биыл 1 қаңтардан бастап самокат жүргізушілерінің қатысуымен 44 оқиға тіркелді. Былтыр 1 адам қайтыс болды. Осындай статистика бар», – деді Ішкі істер министрі.

Аталған мәселе Мәжіліс отырысында да айтылған болатын. Тіпті, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актіле­ріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Құжат аясында электр самокаттардың жолда жүру тәртібі рет­теліп, олқылық реттеледі деген болжам бар.

«Самокат алу заман талабы екені түсінікті. Уақыт үнемдеуге, шығынсыз жүруге көмегі зор. Дегенмен қауіпсіздікті қапы жіберуге де болмайды. Сол үшін осындай қатаң заң қажет-ақ. Жылдамдықты асырып, келеңсіз оқиғаға душар ететін жастар хабардар болса екен. Осы заңның ішінде түнгі уақытта өзге көлік жүргізушісіне көрінетіндей жарық шағылыстыратын зат тағуға міндеттеу дұрыс. Аталған шешім апаттың алдын алары аян, – дейді қала тұрғыны Мақсат Жолшараев.

Аталған заң жобасы екі жыл бұрын әзір­ленген. Алайда электр самокаттарға қа­тысты техникалық регламент тек 2022 жыл­дың шілдесінде қабылданған. Жобаға сәй­кес электр самокаттар жеке көлік құралы ре­тінде танылады. Сондай-ақ сағатына 25 км жылдамдықпен жүретін көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде еркін жүре алады. Ал тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Оның үстіне, электр самокаттар жол жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне болады. Алайда, ол үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен жүргізуші куәлігі болуы қажет. Бұл – жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін ең қолайлы шешім.

«Кейінгі жылдары электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге осындай жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәсе­лелері бойынша өтініш көп түседі. Бұл, әсіресе, мегаполистер үшін өзекті мәселе. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіріп жатыр, – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: