Сенбі, 21 желтоқсан, 19:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Санақ санау үшін ғана ма?

07.11.2021

1362 0

 «Қазақстанда әркім маңызды!». Бұл сөзді соңғы кезде жиі естіп, жиі оқып жүрген боларсыз. Бұл – биылғы ұлттық халық санағының ұраны. Өз елің үшін сенің орның бөлек. Сен өз еліңде ғана еркінсің. Мемлекетің үшін әрбір азамат маңызды. Бір ауыз сөздің мағынасы осыған саяды. Жүрекке жететін жылы сөз…

Әне-міне дегенше, халық санағы науқаны да аяқталып қалды. Санақтың өту барысы, сауалнамадағы сұрақтар қоғамда біраз талқыланып, уақыт өте ол да ұмыт бола бастады. Санақ қорытындысымен халық санының қанша болғаны жалпақ жұртқа жария болады да осымен санақ жұмысы тәмам. Жалпы халық санағы халық санын анықтау үшін ғана ма?

Қазақ елі үшін санақ жұмысы бірінші рет емес. Тәуелсіз қазақ елінің бірінші ұлттық санағы 1999 жылы, ал екінші санақ 2009 жылы өтті. Әр он жыл сайын өтуі тиіс кезекті санақ 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда әлемді жайлаған пандемия салдарынан науқан кейінге шегеріліп, биылғы жылдың күзіне бұйырды.

Биылғы санақтың  ерекшелігі – онлайн өтуі. Пандемия сынағы халық­тың цифрлық сауаттылығын қаласа да, қаламаса да арттыра түскенін айтсақ, халық санағынан өту кезінде де жалпы жұрт онлайн өтуге дайын болды десек, артық айтқандық емес. Себебі қай салада болсын, смартфон арқылы жұмысты бітіруге халық тез үйренді. Қолма-қол ақша ұстамаудан бастап, онлайн сауда, онлайн жұмыс, онлайн оқу жаңа технологияның жемісі екенін, оның тиімділігін түсінген ел халық санағының да онлайн өтуіне тосырқай қараған жоқ. Ең бастысы, интернет жылдамдығы іркілмесе болғаны.

Халық санағындағы қоғамда пікір­талас қыздырған мәселе – ондағы сұрақтар мазмұны. Әсіресе «неше бала­ны тірі тудыңыз?» деген секілді сауалдар көпшілікке түрпідей тиді. Елдегі демографиялық жағдайды, халық денсаулығын, ана мен бала денсаулығына сараптама жасау үшін мұндай ақпараттар да қажет болар. Дегенмен сұрақтардың қойылуы да көпшілікті бей-жай күйге қалдырғаны рас.

Санақ сауалнамасындағы сұрақ­тың көптігі жайында «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтып өтті. «Халық санағы – бұл елдегі халық өмірінің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша, оларды экономи­калық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, әлеу­меттік бағдарламалар құру үшін. Сондай-ақ мемлекеттік билік орын­дарының функцияларын орындау, қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдалануға болатын ауқымды деректер алуға мүмкіндік беретін ауқымды шара. Санақ нәтижесі эко­номикалық және бюджеттік бағ­дарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс, баспаналарды бөлу, демографиялық көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты тұтынушы туралы сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір тұрғын мемлекеттік әлеуметтік бағдарлама­ларды жоспарлауға және әзірлеуге үлес қосады», – дейді ол.

Санақ ба­рысында көпті алаңдатқан тағы бір мә­се­ле жеке де­рек­тердің қауіп­сіздігі. Көп көк­кейіндегі бұл сауал­ға ҚР Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Әлихан Смайылов БАҚ-қа бер­ген сұхбатында нақты жауабын берді.

– Ұлттық статистика бюросының ақпараттық жүйесі ақпараттық-комму-никациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізіміне енгізілген және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамында мо­ниторингте тұр. Халыққа сұрау салу планшеттер арқылы және интернет желісі арқылы онлайн режімде өтеді. Планшетте санақ парақтарын толтыру кезінде шифрланған күйде сақталатын контейнер қалыптасады және деректерді Ұлттық статистика бюросының серверлеріне МОБТЖ (Мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық жүйесі) бойынша қор­ғалған каналдар арқылы жолданады.

Sanaq.gov.kz сайтын қорғау үшін әлемдегі ең ірі арнайы коммерциялық сертификаттау орталықтарының бі­рі – Sectigo SSL сертификаты сатып алынды. Онда пайдаланушы мен сер­вер арасында деректер алмасу қорғал­ған https хаттамасы бойынша жүреді. Қазақстанның «Ақпараттандыру ту­ра­лы» заңына сәйкес, тоқсан сайын­ғы негізде кемшіліктердің бар-жо­ғына зерттеулер жүргізіледі. Соны­мен қатар Ақпараттандыру сала­сын­дағы заңнама талап­тарына сәйкес ақпарат­тық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талапта­рына сәй­кестігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алын­ды. Алынған деректердің құ­пия­лы­лығы мен сақталуын Қазақстан заңнамасымен реттелетін процес­тер шеңберінде және ақпарат­тық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтаса отырып қазіргі заманғы техникалық құралдарды пай­далану арқылы жүзеге асырылады, – деді үкімет басшысының орынбасары.

Бүгінде халық санағы бойынша нақтылау шаралары басталды. Бұл жұмыс 8 қарашаға дейін жалғаспақ. Халық санағының 1 қарашадағы мәлі­меті бойынша елде 19450179 адам санақ жүргізу шарасымен қамтылған.

Халық санын ғана емес, тұтас бір мемлекеттің бет-бейнесін, халқының жай-күйін анықтайтын және санақ нәтижесіне қарай ел игілігіне қызмет ететін бағдарламалар мен шешімдер қабылданатын ұлттық санақ та мәре­сі­не жеткелі тұр. Қазақтың саны көбейсін!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: