Сенбі, 20 сәуiр, 03:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Шекарасы бекем, қорғаны мығым

13.03.2021

4504 0

Қарабах жанжалы екіжақты аймақтық бөлініс пен шекара мәселесіне бей-жай қарамау қажеттігін аңғартты. Осындайда Тәуелсіздік жылдары еш елге есе жібермей мемлекеттік шекараны шегендеп, іргемізді бүтіндеп алғанымыз қандай жақсы. Себебі шекара түгендеуде теңіміз өзгелердей жас мемлекет емес, Ресей мен Қытай секілді алпауыттар болды емес пе? Ондай қырағы көршімен шекара нақтылау түгілі, келісімге отырудың өзі жылдарға созылуы мүмкін еді. Оның үстіне жаңа ғана азаттық тиген аз халық ұлан ғайыр жерге еге болса, қай елді түрен түртпесін. Сондықтан жан-жағы толған әккі саясат арасынан келер ұрпақ үшін батыл әрекет жасаған сол кезгі мемлекет қадамы ерлікке пара-пар көрінеді. Қазір де бар ғой, «мына аймақ біздікі», «ана жер қазақтыкі» деген әңгімелер. Қарап отырсақ, осы мұраны сақтап қалу да оңайға соқпаған. Мәселен, алғашқы шекара нақтылау қадамы басталған Қытаймен келіссөздің өзі екі жылға созылған. Тек 1994 жылдың 26 сәуірінде «Қазақстан Қытай мемлекеттік шекарасы» туралы келісімге қол қойылды. Уағда бойынша Қазақстан Сауыр тауынан Шаған-Оба асуының сол жағына дейінгі 442 км² (70%) жерді егеленсе, Қытай халық республикасына Адырбай және Талдыайырық өзенінің жоғарғы ағысы, Тарбағатай тауының оң жақ бөлігі мен Баймырза асуынан 187 км² (29,7%) бекітілді. Сол аралықта 944 км² даулы аймақтың 56,9 проценті Қазақстан тарапына, 43,1 проценті Қытайдың иелігіне берілген. Мұны айтудағы себеп, келісім күшіне енген кезеңде де ел арасында жер бөлінісіне көңіл толмаушылық кездескен. Алайда ғалымдардың тарихи дерек, жер ерекшелігіне құрылған аргументтері әділ келісімді ақтап шыққан көрінеді. Қалай дегенмен, қазба байлық, шабындық, жайылым жердің дені біздің үлесімізге тигенін ескеру керек секілді.
Ресеймен де келісім оңайға соқпады. Қазір құрлықтағы ең ұзын шекара саналып орныққанымен, кезінде иен жерді еншілеуге әрекет жүргені жасырын емес. Осы орайда ел аузында жүрген Борис Ельцин мен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы әңгіме есіме түсіп отыр. Бейресми кездесудің бірі болса керек, сол кезгі Ресей президенті Борис Ельцин Нұрсұлтан Назарбаевқа Теңіз кен орнын Ресей құрамына қаратуды ұсынады. Әңгіме ауаны өзгергенін байқаған Елбасы Ельцинге қарап: «Жарайды, онда бізге Орынборды қайтарыңыздар. Ол біздің тарихи астанамыз емес пе?» деп жауапты қалжыңға сүйеген екен. Жиындағылар әзіл-шыны аралас жауапқа күліп, разы болған көрінеді. Кейін бұл мәселе қайтып көтерілмепті. Міне, жер дауына келгенде өткір әзіл мен қалжың орайы да үлкен көмек беретінін дәлелі.
Өзге көршілермен шекара бөлінісінде тек нақты құжат, тарихи дерек емес, халық қалауы да ескерілген. Елбасы белгілі журналист Сауытбек Әбдірахмановпен сұхбатында айыр қалпақ ағайындармен болған сондай келісімді былайша еске түсіреді:
«Қырғыздарда Степное деген бір село бар. Шекара сызығы сол селоның дәл жанынан өтеді екен. Шекара анықтау барысында сол ауылдың қабір-қорымы Қазақстан жағында қалатындығы анықталды. Қырғыздар жаңағы тұстан 13 гектар жер беруді, яғни ата-бабалары жатқан бейіттің аумағын өздерінде қалдыруды сұрады. Мен бұл өтінішке түсіністікпен қарауды тапсырдым. Оның есесіне Жамбыл ауданының біраз демалыс үйлері мен саяжайлары картографиялық талап бойынша қырғыздарда қалып қоюы керек екен, олар бізге сол жерлерді Қазақстанға қосуға келісті. Сондай-сондай басқа да ауыс-түйістер болды, олардың бәрі дау-дамайсыз шешілді» – дейді.
Шынында, келер ұрпақ алдындағы жүзіміз жарқын тұстың бірі – шекара белгілеу, даусыз келісім орнауы. Ендігі міндет мемлекет аумағын қорғау, келісімді өз күшінде сақтау екені белгілі. Әлемдік ахуалда сәт сайын құбылған тұста елдіктен айырылмаудың төте жолы да жер бүтіндігі. Сондықтан бүгінгідей емес, келер буынға артылған жүк еселенері анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: