«Біздің бір үлкен кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі, біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Қызыл Киргизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» – дейді С.Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы жарияланған 66-нөмірінде.
Тіл – ұлттың жаны, рухы, халықтың жүрегі, өткені мен болашағы. А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлтымыз үшін қандай маңызды екенін бір ауыз сөзге сыйдырған. Қазақ тілі – ана тіліміз. Әр адамға ана тілінен артық тіл жоқ. Қай заманда да ата-бабамыз есті сөзбен ессізді тоқтатып, сөзден ой-маржанын теріп, ізбасар ұрпақтың санасына құя білген.
Бүгінде өз тілін шұбарлап, өзге тілде сөйлегенді мақтаныш көретін жастар да, үлкендер де жетерлік. Оған қайда жүрсек те куә болып жүрміз. Жастардың орыс тіліндегі сөзді жиі пайдалануы адамды ашындырады. Бұдан бөлек ата заңымыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi деп көрсетілген.
Орыс тілінің қазақ тілмен бір деңгейде қолданыста жүргені қиын. С.Сейфуллин сол замандағы үкіметтің тіл туралы қаулысына көп шенеуніктердің немқұрайлы қарап келе жатқанына қынжылып, ресми газетке келесі мазмұнда ашық хат жариялайды: «Қазақ тілін нақты түрде кеңсе тіліне кіргізу үшін қазақша жазуды жақсы білетін, кеңсе істерін тәуір білетін һәм орысша білетін адамдар керек. Тез шындап іздесе бұлар табылады. Бірақ сонша адам табылғанша қазақ тілін кеңсе істеріне кіргізу тоқтатып қоймай, үсті-үстіне істей беру керек» – дейді. Кезінде ұлтым, халқым, тілім деп басын тәуекелге тіккен ұлт жанашырларының еңбегі еш кете ме деп қорқамын.
Қанша ақын, би-шешен бабаларымызды бұлбылша сайратқан, екпіні мықты толқындай өткір тіліміздің осынау уақытқа дейін тұншығып, қадір-қасиетінен айырылуға шақ қалғанда, ұлтым деп жүрген аға-буын бұрқ етіп қайнаған тілімізді қайта тірілтті. Ұлтымыздың көзі ашылып, қазақ тілі «мемлекеттік тіл» деп жарияланды.
Осы мың өліп, мың тірілген тілдің қадір-қасиетін жоғалтып алмас үшін, ана тілімізді көкке көтеріп, келешек тарих сахнасына мәңгі өшпестей етіп шығару – біздің міндет. Себебі қазіргі «үш тұғырлы» тілдің заманында ана тілімізді өзге тілдердің көлеңкесіне қалдырмай биіктету басты мақсатымыз болып отыр.
Аружан СЕЙДУЛЛА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
ІІІ курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!