Бейсенбі, 25 сәуiр, 11:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады…»

12.06.2021

1981 0

«Біздің бір үлкен кемшілігі­міз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі, біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Қызыл Кир­гизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіт­тері бұл қатені түзетеміз десе оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөз­ді жұмсап, басқа жұрт­тың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қа­зақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» – дейді С.Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы жарияланған 66-нөмірінде.

Тіл – ұлттың жаны, рухы, халық­тың жү­ре­гі, өткені мен бола­шағы. А.Байтұрсын­ұлы: «Сөзі жо­ғал­ған жұрттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлтымыз үшін қандай маңызды екенін бір ауыз сөзге сый­дырған. Қазақ тілі – ана тіліміз. Әр адамға ана тілінен артық тіл жоқ. Қай заманда да ата-бабамыз есті сөзбен ессізді тоқтатып, сөзден ой-маржанын теріп, із­басар ұрпақтың санасына құя білген.

Бүгінде өз тілін шұбарлап, өзге тілде сөйлегенді мақтаныш көретін жастар да, үлкендер де жетерлік. Оған қайда жүрсек те куә болып жүрміз. Жастардың орыс тіліндегі сөзді жиі пайдалануы адам­ды ашын­дырады. Бұдан бөлек ата заңы­мыздың 7-бабында Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi деп көрсетілген.

Орыс тілінің қазақ тілмен бір деңгейде қолданыста жүргені қиын. С.Сейфуллин сол за­мандағы үкіметтің тіл туралы қаулысына көп шенеуніктердің нем­құрайлы  қарап келе жатқанына қынжылып, ресми газетке келесі мазмұнда ашық хат жариялайды: «Қазақ тілін нақты түрде кеңсе тіліне кіргізу үшін қазақша жазуды жақсы білетін, кеңсе істерін тәуір білетін һәм орыс­ша білетін адамдар керек. Тез шындап іздесе бұлар табылады. Бі­рақ сонша адам табылғанша қазақ тілін кеңсе істеріне кіргізу тоқтатып қой­май, үсті-үстіне істей беру керек» – дейді. Кезінде ұлтым, халқым, тілім деп басын тәуекелге тіккен ұлт жана­шырларының еңбегі еш кете ме деп қорқамын. 

Қанша ақын, би-шешен бабала­ры­мызды бұлбылша сайратқан, екпіні мықты тол­қындай өткір тіліміздің осынау уа­қытқа дейін тұншығып, қадір-қасиетінен айы­рылуға шақ қалғанда, ұлтым деп жүрген аға-буын бұрқ етіп қайнаған тілімізді қайта тірілтті. Ұлтымыздың көзі ашылып, қазақ тілі «мемлекеттік тіл» деп жарияланды.

Осы мың өліп, мың тірілген тілдің қадір-қасиетін жоғалтып алмас үшін, ана тілімізді көкке көте­ріп, келешек тарих сахнасына мәңгі өшпестей етіп шығару – біздің міндет. Себебі қазіргі «үш тұғырлы» тілдің заманында ана тілімізді өзге тіл­дердің көлеңкесіне қалдырмай биіктету басты мақсатымыз болып отыр.

Аружан СЕЙДУЛЛА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
ІІІ курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: