Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

София Темірболат, «Cyber City хикаялары»© комикс кітабының авторы: «Киберәлемнің қауіпсіз болуы ең алдымен өзімізге байланысты»

11.04.2023

3910 0

Жақында жаңа кітап жарыққа шықты. Бұл кітаптың орны бөлек. Атының өзі кітап қолға тигенше қызықтыра түседі. Цифрландыру әлемінің тұрғындары үшін бұл еңбектің маңызы зор. Яғни әркім де оқуға тиіс. «Cyber City хикаялары»© комикс кітабының авторы София Темірболат Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Информатика мамандығы ғылыми-педагогикалық бағыты бойынша 1-курс магистранты. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.  IТ-park резиденті, «Jastar Ruhy» жастар қанатының мүшесі. Орайы келгенде киберәлемнің қызығы мен шыжығын зерттеп жүрген жас маманмен сұхбаттастық.

– София, жақында кітабыңыз жарыққа шықты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, оқырманға ұсынған дүниеңіз ерекше. Бүгінгі уақыт талабына жауап беретін кітап десек те болады…

 –  Иә, 2022 жылы «Innofest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі «Контент & Медиа» секциясының І орын жеңімпазы атанып, жобамыз қаржылай қолдау тапқан еді. 

«Cyber City хикаялары» комикс кітабының баспадан шығуына Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Ибадулла Сәбит Ибадуллаұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Информатика және ақ­параттық-коммуникациялық техно­логиялар» ка­федрасының аға оқы­тушысы, «Қазақстан IT мамандары ассоциациясы» директоры Құлмырзаев Нұрлан Серікұлы бағыт-бағдар берді. 

Кітапты алдағы уақытта Smart Qyzylorda мобильді қосымшасынан, It-park сайтынан жүктеп алуға болады.

– Киберқауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Жас ұрпақты қалай қор­ғаймыз?

– Қазіргі кезде мектепте кибер­қауіпсіздікті оқыту мәселелеріне жет­кілікті көңіл бөлінбейді. Балалар смартфондарды, планшеттер мен компьютерлерді бірінші сыныптан бастап қолдана бастайды. Дәл осы кезеңде олардың дүниетанымы қалыптасады. Сондықтан киберқауіпсіздік негіздерін, ғаламторда өзін-өзі ұстау мәдениетін, теріс мазмұндағы ақпаратты қарауға жол бермеу туралы комикс кейіпкерлерінің мысалдарына негізделген комикстерді бірінші сыныптан бастап оқыту маңызды.

Қазіргі балалар күн сайын кибер-объектілер мен, кибер-қауіптерге тап болуда, себебі олардың өмірінің көп бөлігі ғаламторда өтуде. Олар ғалам­торды мектеп үй тапсырмасын дайын­дауда, көркем фильмдерді онлайн тамашалағанда, онлайн ойындарда, әлеуметтік желілерді пайдаланғанда қолданады. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар балаларға киберкеңістікте сауатты мінез-құлықты үйретуі керек.

– Бұл кітап жалпы жұртқа не береді? Кибергигиенаны қалай сақтау қажет?

– Комикстер белгілі бір ерекше педагогикалық әлеуетке ие. Комикс кітапшасының өзі оқушылардың зерт­телетін материалға эмоционалды қосылуын білдіреді. Комикстерді қол­дану жаңа тақырыпқа, сонымен қатар оқу материалдарын бекіту сатысында да орынды болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, комикспен танысу белгілі бір мотиватор ретінде әрекет ете алады; екінші жағдайда – зерттелген тақырып бойынша қосымша материал бола алады.

Соңғы жылдары балалардың ақ­параттық қауіпсіздігінің қауіптері смартфондар мен компьютерлердің жаппай таралуына, сондай-ақ интер­нет-ресурстардың қол жетімділігіне байланысты өзекті бола бас­тады. Балаларды интернеттегі кибер­қауіпсіздікті үйрету кезінде мұғалім ко­микс­терге жүгініп, оқулық мәтінін көр­некі ақпаратпен сурет­тей алады. Зерттеу барысында шетелдік мамандардың пікірі мен зерттеулері негізге алынды. Интернетті пайдаланушылардың кибер­қауіпсіздіктен хабардар болуы мен білімін қамтамасыз ету үшін оқушылар ең алдымен киберкеңістікте қауіпсіз жұмыс істеуді үйренуі қажет. Бұл білім олардың киберқылмыстан қалай қорғану керектігін түсінуін қамтамасыз етеді. Бұл жоба мектептердегі киберқауіпсіз­дік бойынша білім берудің мәнін зерттей­ді және білім беру ұйымдарында бүкіл әлем бойынша киберқауіпсіздік білімін ілгерілету үшін педагогтар пайдалана алатын стратегияларды ұсынады. Зерт­теуде киберқауіпсіздік бойынша білім беруді оқу орнында қалай жүзеге асыруға болатыны туралы қорытынды жасалады.

Бастауыш сыныпта мұғалімнің ал­дында бірқатар нақты міндеттер тұр.  Бұл оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, әр оқушыға жеке көзқарас, оқушылардың сыни тұрғыдан ой­лауын қалыптастыру, т.б. Бастауыш мектеп жасында оқушылардың зейіні жеткілікті болуы мүмкін, бірақ бұл жас категориясы да болып жатқан нәрсеге қызығушылығын тез жоғалтуға бейім, сондықтан білім берудің бұл кезеңінде стандартты емес және қызықты оқу құралдарын пайдалану өте маңызды. Бұл міндеттерді орындау үшін мұғалім әртүрлі әдіс-тәсілдерді, көрнекілік құралдарды пайдаланады. Ақпараттық технологиялардың дамуымен мұғалім жұмысында оқу-тәрбие мәселелерін шешудің жаңа, стандартты емес құ­ралдары пайда болып, қолданыла бас­тады. Осы стандартты емес ақпарат құралдарының бірі комикс болып табылады.

Комикс кітабын жасамас бұрын 6 мен 14 жастағы балалар мен ата-аналардан сауалнама алынды. Сауал­нама нәтижесінде алынған мәлімет­терді пайдалана отырып, негізгі пробле­ма­лары комикс арқылы салынды.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес мектептегі киберқауіпсіздік негіздерін оқытудың мақсаты тұжырымдалып, балаларда киберкеңістіктің құрылымы, ондағы жұмыс принциптері, Интернет пайдаланушыларына төнетін қауіптер туралы түсінік қалыптастыратын, ға­ламторда, әлеуметтік желіде өздерінің жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ережелер қамтылған комикс кітабы жасалды.

Комикс авторлық құқықпен қор­ғалған. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы авторлық құқықты растайтын куәлік 2023 жылғы «24» қаңтар № 31981 берілген.

Комиксті жасау барысында:

– оқушылардың жас ерекшеліктеріне, танымдық және коммуникативтік ерекшеліктеріне сәйкестігі;

– оқушылардың тілдік деңгейіне сәйкестігі;

– тақырыпқа сай келуі;

– мәтіннің лексикалық және грам­матикалық құрамы;

– мәтіннің танымдық құндылығы;

– мәтіннің оқушылардың мүдделеріне сай болуы ескерілді.

«Cyber City хикаялары»© комикс кітабының келесі бөлімдерінде кибер­буллинг жайлы ақпараттар қамтылған. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі қудалауға тап болмау жолдары мен кибербуллинг терминдерімен таныса алады.

Кибербуллинг  –  бұл киберкеңестік­тегі шешімін таппай жүрген ең өзекті мәселе. Жалпы, цифрландыру адам қызметінің барлық салаларын сөзсіз түрлендіруде, соның ішінде қорқыту мен қудалау ерекше дамыды. Егер бұрын қорқыту ғана болса, қазір оған қоса бізде кибербуллинг – интернетте агрессивті қудалау пайда болды. Осыған байланысты зардап шеккендерге, әсіресе осал жасөспірімдерге агрессорларға қарсы тұру қиындай түсті. Дәлірек айтсақ, жасөспірімдер ортасында ки­бербуллинг жиі кездеседі. Көбіне әлеуметтік желілер кибербуллинг алаңына айналады, бірақ агрессор басқа байланыс арналарын да пайдалана алады: электрондық пошта, мессенджер, SMS, бейне платформалар. Сонымен қатар, кибербуллердің қудалау объекті­сіне тікелей хабарлама жіберуі мүлдем қажет емес. Ол өз парақшасында қорлайтын және ар-намысына тиетін мәлімдемелерді фотосуреттер, бейне және аудио жазбалар сияқты жариялай алады. Осы мәселе бойынша арнайы комикс бөлімдері дайындалуда. Яғни бала кибербуллингке тап болса, содан кейінгі қандай іс-әрекет ету керектігі жазылған. Ата-анаға айту, сол жазбаларды суретке түсіріп көрсету, сол жазбаларға сөз қайтармай, өзінің буллерге айналмауына жол бермеу сияқты кеңестер бар.

Кітапта жеке деректер құпиялығы туралы да сөз қозғалған. «Вирус» атты комиксте белгісіз сайттарға жеке және құпия деректерді толтыруға болмайтынын, қиын құпиясөздерді пайдалану мен қауіптердің алдын алу жолдары көрсетілген. 

Балаларға киберқауіпсіздік негіз­дерін оқытудың маңыздылығы ай­қындалып, алдағы жұмыс жоспары жасалды. Комикс кітабын дайындау үшін арнайы шетелдің Жапон, Корей, Еуропа елдерінің суретшілерінен үйреніп, шеберлікті шыңдадым. Комиксті салу ережелерін ескере отырып, 10 бөлімнен тұратын кітаптар сериясы әзірленді.

Қазіргі уақытта «Cyber City хикаялары»© комиксінің алғашқы кітабы жарық көрді. Жыл соңына қарай 2 және 3 бөлімдерін баспаға беру жоспарланған. Зерттеулер аясын қеңейте отырып, авторлық курс оқыту жұмыстарын жүргізуге дайындық жасалуда.

XXI ғасырда киберкеңестікте қауіпсіздікті сақтау, құпия мәліметтердің алаяқтар мен хакерлердің қолына өтіп кетпеуі және оларға тап болмау өте қиын. Осы бағытта арнайы зерттеу жүргіздім. Кибершабуылдар түрлері және оны жасау мақсаты өте көп. Мен балалардың кибершабуылдардан қорғау мен ата-аналардың балаларын кибершабуылдан қорғау жолдарын зерттедім. Жалпы киберәлемінің қауіпсіз болуы ең алды­мен өзімізге байланысты екенін ұмытпау қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: