Сейсенбі, 26 қараша, 21:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Заң күшеймей, талап орындалмайды

28.11.2023

1176 0

Фото  stylishbag.ru

Соңғы жылдар қоғамда отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болып, жәбір көрген қыз-келіншектер туралы мәселе көтеретіндер көбейді. Оның себебі де белгілі, өйткені өмірлік жарым деп таңдағандары тағдырын сеніп тапсырғандарға жәбір көрсетуде. «Бір таяқ бата тиеді, бір таяқ қата тиеді» демей ме, мұндай жанжалдың арты кісі өлімімен де аяқталып жатыр.

 Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішев тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен бет-бет келетін әйелдердің ресми статистикасын атады.

 – Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан кем дегенде 80 әйел көз жұмады. 150 әйел ауыр жарақат алса, 200 әйел орта дәрежедегі, 4 мыңнан астам әйел жеңіл жарақат алады. Полицияға күн сайын 300 шағым түседі. Оның ішінде бала мен әйелді сабау, мүгедектікке душар ету, тіпті кісі өлтіру фактілері бар, – деді қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы. Сондай-ақ елдегі әрбір үшінші әйел отбасында зорлық-зомбылыққа тап келетінін жеткізді.

Қызылордадағы Ахуал қалай?

Жыл басынан бері облыс көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 2619 адамнан хабарлама түскенін ОПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция майоры Светлана Баймағанбетова айтып берді.

– Келіп түскен 688 хабарламаның 524-і әкімшілік кодекстің 73 – «отбасы тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабы бойынша тіркелген. Ал 73-1-ші бап «денсаулыққа қасақана жеңіл түрде зиян келтіру бойынша 77 адам болса, 73-2 «ұрып-соғу» бабымен 87 оқиға тіркелген. Осыған сәйкес отбасылық зорлық-зомбылық көрсеткен 152 адам қамауға алынса, оның 175-не ескерту түріндегі тәртіптік шара көрген. Қалған 19 адам айыппұл төлеген. Сондай-ақ 1866 жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңға сәйкес қорғау нұсқасы шығарылып, мінез-құлыққа байланысты сотпен талаптар орнатылған. Жалпы әйелдерге қарсы жасалған қылмыстық іс әрекеттердің биыл 65-і тіркелді. Ол өткен жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға көбейген, – деді аға инспектор.

Кикілжің неден басталады?

– Менің алдыма келетін қыз-келіншектер көбіне экономикалық қысым көретінін айтады. Яғни керек-жарағын алуға ақша бермей, үйге тамақты өзі әкеліп, әр нәрсенің есебін алып, санап отыратын отбасылар және әйелін қонаққа жібермейтін, бірге барса айналасындағы адамдардан қызғанып ұрыс керіс шығаратын күйеуден зардап шеккен келіншектер келеді, – дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Әмина Кетебаева.

Қаржылық жағдай да отбасындағы ұрысқа себеп болады.

– Бүгінде отбасындағы өзекті мәселенің бірі – қаражат. Көбіне әйел адам еріне жұмысың жоқ, ақша таппайсың деп түрлі сөздер айтып, намысына тиеді. Соның салдарынан отбасында кикілжің басталып, соңы зорлық-зомбылықпен аяқталады, – дейді әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бойынша бөлімінің аға инспектор психологы, әділет капитаны Айзат Мырзалы.

Тұрмыстық жағдайы жақсы отбасыларда да ұрыс-керіс болып жатады. Мұндай жағдайдың өз тәжірибесінде кездескенін психолог Гүлмира Ақтаева айтып берді.

– Менің тәжірибемде кездескен толыққанды, материалдық жағдайы жақсы отбасындағы ер мен әйел бір-бірін толық түсініп, мәмілеге келе алмаған. Яғни оларда сырласу, әңгімелесу барысында мән беріп тыңдамай, келесі адамның пікірін сыйлай алмаумен қатар құрметтемеудің салдарынан арадағы қарым-қатынас суыған. Ата-ананың бір-бірімен суық қарым-қатынасы балаларға кері әсер етеді. Балаға ата-ананың мейірімі мен махаббаты керек. Сондықтан отбасында ұрып-соғу болмаса да, ата-ананың қателігі өздерінің ренішін, отбасындағы ұрыс арқылы балаларға эмоцияналдық зорлық-зомбылық көрсету болып саналады, – дейді психолог Гүлмира Ақтаева.

Зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін не істеу керек?

Қоғамдағы түрлі жағдай мен мәселенің шешімін табуға көмектесіп, адамдарға бағыт-бағдар беріп жүрген психолог мамандар екі жастың арасындағы дау-дамайды қалай болдырмау керегінде айтты.

– Отбасы мемлекет құндылығы, қоғам бірлігі дейміз. Алайда отбасы болғандықтан түрлі жағдай мен эмоцианалдық әсер болады. Сондықтан екі жас ауызбіршілікте болып, өзара түсіністік пен терең қарым-қатынаста отбасылық құндылықты нығайтуы қажет. Әсіресе әйел адам отбасындағы бірлік пен татулықты өрбіту мақсатында менмендікті қойып, үйдегі ерін сыйлап, құрметтесе дау-дамайдың алдын алуға болады.

Сондай-ақ әр адам жауапкершілікті сезініп, ұясын махаббат пен шаттыққа толтырса, көптеген қиындықтан өте алады. Дегенмен барлығын әйелге ысыра бермей, ер азамат та өзінің атқаратын міндетін білуі керек.

Жалпы әйел адамның бақытты болуы ер азаматтарға байланысты. Себебі ерлер қауымы қыз-келіншектерді бақытты етемін, мәңгі бақытқа бөлеймін деп сөз береді. Ер азамат уәдесінде тұрса одан әйелі мен балалары қашпас еді, – дейді № 68 мекемесінің арнайы контингент арасында әлеуметтік- психологиялық тәрбие жұмысы бойынша бөлімінің аға инспектор психологы, әділет капитаны Айзат Мырзалы.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Әмина Кетебаеваның айтуынша, адамдар сауатты болып, өзін тәрбиелеп, өзінің құқығын білсе әрі мейірім мен құрмет танытатын болса бәлкім зорлық-зомбылыққа жеткізбей кикілжіңнің алдын алуға болар ма еді? Жалпы қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін оны тәрбиеден бастау керек. Нақтырақ айтсақ, ана мен кыз, әке мен ұл арасында жақындык пен ақыл-кеңес болса, еңбекке баулу мен бос уақыттарын тиімді пайдалану арқылы артық негативті ойлардан сақтар еді. Баланы болашақ ана, әке деп тәрбиелеу арқылы жауапкершілік алуды әрі өмірді берілген мүмкіндік деп жақсылап, мәнді етіп сүру керегін ұғындыру.

Сондай-ақ құқықтық сауаттылық пен әрбір адамның жауапкершілігін арттыру маңызды. Отбасынан бастау алатын тәрбиеде гиперқамқорлық, баланы шеттету, қатаңдық пен баланы төмендету арқылы мысын басып өсіру де түрлі зорлық-зомбылықтың құрбанына шалдығуына себепші болуы мүмкін. Сондықтан осы істерден бойды аулақ ұстап, баланың болашақ тұлға болып дамуына ықпал жасау керек.

Зардап шеккен қыз-келіншектер не дейді?

– Қыз жігіт болып жүргенде жолдасым өте сабырлы, салмақты көрінетін. Ал отбасын құрған сәтте не түрткі болғанын білмеймін өзгеріп сала берді. Кейде анасы хабарласқан сәтте жұмыстан қол тимей қалып жауап беріп үлгермесем, артынша баласына хабарласып, тұтқаны алмағанымды айтатын. Кешке жұмыстан үйге келгенде жолдасым үйдегі заттарды маған қарай лақтыратын. Негізі біз бөлек тұрамыз. Бірақ енем күнде хабарласып, телефонмен айдап салатындай көрінді. Бірақ нақты не айтатынын білмейтінмін. Ашулы жолдасымнан «менің анамды неге ренжітесің?» деген сөзді еститінмін. Шыны керек, мен жұмыста жүрген адаммын, енеммен көп сөйлеспей, әр басқан қадамымды аңдап басатынмын. Алайда уақыт өткен сайын мені аяусыз көгертіп ұрып, «жұрт та осылай көгеріп жүр, өлмейсің» дегенді шығарды. Бастапқыда кетіп қалмай шыдадым. Енді қазақы тәрбиеде өскендіктен «қайтып келген қыз жаман» деген сөзді ешкім айтпасын, ата-анама кір келтірмейін деп отбасын сақтауға қолымнан келгенін жасадым. Алайда ұрып-соғу тыйылмады. Сөйтіп, енеме өзінің баласына хабарласқан сайын артынша мені ұратынын және баласынан ажырасуға шешім қабылдағанымды айттым. Осылайша ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Кейіннен жолдасым қайта келіп, кешірім сұрады. Енем де ажырасқанымызды қаламайтынын айтты. Содан, кешірім беріп қайтадан мүмкіндік бердім. Бүгін, міне, 4 жыл өтті. Қазір ұрмайды, құдды ұрыс-керіс болмағандай, енем де айдап салмайды. Енем психологиялық тренингтерге қатысып, намазға жығылды. Негізі кикілжіңнің бастауы сол қызғаныш болған екен. Қазір енем қатты өзгерді, мені қызындай қабылдады. Баласы сәл дауыс көтере қалса, мені қызғыштай қорғайды. Түсім емес пе деп қалатын кездерде болады. Жолдасым да қадірімді түсінгендей жұмыстан келгенде үйге қуанып кіреді. Мереке сайын сыйлық береді, шүкір бақыттымыз, – дейді Әсел (есімі өзгертілген) есімді келіншек.

Бүгінде екі бала тәрбиелеп, адал, сүйікті жар болып жүрген Жанерке есімді ару өзінің екінші рет қалай тұрмыс құрғанын айтып берді.

– Алғашқы некемде мені жолдасым алып қашқан болатын. Артымнан қуғыншылар келгенде келісімімді беріп қалдым. Шыны керек, қалғым келмеген, бірақ мені өлтіремін деп айтқандықтан, мәжбүрлі түрде қалуға келісім бердім. Ол үй мен үшін тозаққа айналды. Қайын атам түрмеден шыққан кісі екен. Ол кісі түрлі жаман сөздер айтады. Үйді сол кісі басқарып, әрбір шаруаға араласатын. Тіпті кір жуатын ұнтақты қанша салу керегін де сол кісі айтатын. Ал жолдасым болса кеш келетін. Үйдегі жағдайдан бейхабар еді. Алайда қайынапа, қайынсіңлім, енем барлығы жолдасымды шақырып алып, мені жамандайтын. Алғашында үндемей, маған ештене айтпай жүретін. Бір күні жолдасым ішіп келіп, орнымнан тұра алмайтындай етіп ұрып, тепті. Осы көрініс күнде қайталанатын болды. Уақыт өте артымнан жақындарым іздеп келді. Өйткені мені үйден мүлде шығармайтын. Жақындарым келген сәтте кететінімді айттым. Оларда түрімнен байқаған болар, ешқандай сұрақ қоймастан алып кетті. Сөйтіп, қайын жұртымның қарсылығына қарамастан кетіп қалдым. Сол кезде тұңғышыма екіқабат екенімді де білмеген едім. Алдыма қанша жалынып келсе де енді отбасы болмайтынымызды айтып, үйдегі ағаларыма енді кіргізбеуін өтіндім. Содан кейін дүниеге келгенде баламды бала сүйе алмай жүрген жақындарым заң жүзінде қамқорлығына алып, «сен өз бақытыңды тап, әлі жассың» деді. Баламды бергім келмеді, бірақ амал қанша үлкендердің айтқанын тыңдадым. Өйткенім жасым небәрі 19- да болды. Қазір шүкір, екінші рет отбасын құрдым, екі балам бар. Бұл үй жұмағыма айналды, – дейді кейіпкер.

Әйел баласына қол көтеру Еуропада да болып тұрады екен. Жуырда Венецияда күллі Италияны дүр сілкіндірген оқиға болды. 22 жасар студент Джулия Чеккеттиниді бұрынғы жігіті пышақтап өлтіргені туралы ақпарат итальян қоғамына төбеден жай түскендей әсер етті. Осы оқиғаға қатысты Италияның вице-премьері мен сыртқы істер министрі Антонио Таяни ерлер атынан Италия әйелдерінен кешірім сұраған. Сондай- ақ премьер-министр Джорджия Мелони әйелдердің өлтірілуін «төзуге болмайтын ауытқушылық» деп атап, «варварлықты тыю» керектігін мәлімдеп, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы ақпараттық кампания жарияланғанын жеткізді. Біздікілер осындай қадамға бара ала ма? Заң күшейтпей, талап орындалмайтын сияқты.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: