Ақтөбе облысында сүт өнімдерінің бағасы қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Қамар Бекмұратқызы сүт өнімдерін «Анвар» сауда желісінен сатып алады. Отбасында 4 бала өсіріп отырған көпбалалы ана өткен айдан бері сауда орындарындағы сүт, айран, сүзбе, қаймақ, тағы басқа сүт өнімдерінің бағасы біршама қымбаттағанын айтады. Ол супермаркетке бір келгенде 13-15 мың теңгеге азық-түлік сатып алады екен.
Дәрігерлер сүт өнімдерін барынша көп ішу керектігін айтады. Себебі бұл өнімдердің құрамында кальций бар. Ол сүйекті, тісті нығайтады, балалардың иммунитетін көтереді, қанның түзілуіне оң әсер етеді. Сондықтан біз айран, сүт, сүзбе сияқты өнімдерді көп сатып аламыз. Өкінішке қарай, қазір дүкендегі бағалар өскен: айран — 60-70, сүт бағасы 30-40 теңгеге қымбаттаған. Ал 300 грамдық «Айс» компаниясының сүзбесі 735 теңге тұрады. Біз сияқты көпбалалы отбасыға бағаның бұлай өсуі — үлкен салмақ. Сондай-ақ жергілікті өнімдердің бағасы Ресейден келетін тауарлардан әлдеқайда қымбат, — дейді Қ.Бекмұратқызы.
Ал Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев жергілікті өнімдердің бағасы өсуіне қала әкімдігі ықпал жасай алмайтынын айтады.
Біз әлеуметтік маңызы бар өнімдер қатарындағы 2,5 пайыздық сүт және айранның бағасын тексереміз. Ал сүт өнімдерінің басқа түрлеріне мониторинг ғана жүргіземіз. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес кәсіпкерлер тауарға қосатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауы керек. Егер баға негізсіз көтерілсе, Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қарастырылған әкімшілік шараларды қолданады, — дейді А.Көкеев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!