Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 10:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Су денеңді мұздатқанымен, оқыстан  жаныңды сыздатады

17.06.2023

843 0

Адам баласына айтпай келетін апат саны көбейіп отырғаны жасырын емес. Тілсіз жаудың құрбанына айналып, талай адам көз жұмды. Әсіресе жаз маусымы басталысымен су жағалап демалатындар саны артады. Арнайы суға түсуге қауіпсіз жер белгіленіп, ескертілгенмен оны тыңдамай, қауіпті ай­мақта суға түсіп, ақыр соңы қайғылы жағдайға ұшырап жатқанды жиі еститін болдық. Қазақта «сақтансаң, сақтаймын» деген тәмсіл бар. Әсіресе балаларға абай болған жөн.

– Су айдындарындағы қауіпсіздікті қатаң сақтауларыңызды және балалардың бос уақытына бақылау жасауды сұ­раймыз. Суға түсу мерзімі мамыр айының 15-нен басталады. Былтыр 12 адам суға кеткен болатын.  Ал биыл 14 мамырда Қызылорда қаласы, Мерей шағын ауданынан 6 бала суға түсуге келіп, 2009 жылғы жасөспірім суға батып кеткен. Оқиға орнында жедел құтқару жасағының қызметкерлері іздестіру жүргізіп, 14 сағат 48 минутта баланың денесі оқиға орнынан төмен қарай 30 метр жерден табылды. Өте өкінішті жағдай, –  дейді  төтенше жағдайлар  басқармасының басшысы Жасұлан Түймебаев. 

Төтеншеліктердің айтуынша, суда адам­дардың қаза болуының негізгі себебі – қауіпсіздік ережесін өрескел бұзуы, өзен немесе арнаның  кез келген, әрі зерттелмеген жерге суға түсуі, ересектердің спирттік ішімдік ішуі, балалардың бақылаусыз су жағасына барып, суда жүзе білмегендігінен болып отыр.

Басқарма қызметкерлері тарапынан су айдынындағы сақтық шарасын жасау үшін құтқару бөлімшесінің құтқарушылары по­ли­ция қызметкерлерімен бірлесіп, суға шомылуға тыйым салатын орында күн сайын рейд жүргізілген. Биылғы маусымда 462 азаматқа судағы қауіпсіздік ережесі түсіндіріліп,  үнпарақ таратылған. Сондай-ақ  адам көп шоғырланған «Арай сити молл» ойын-сауық орталығы, жаңа, ескі базар аумағында дауыстық зорайтқыш арқылы судағы қауіпсіздік ережесі  насихатталған. Қаладағы барлық мектеп оқушылары мен ата-аналарының WhatsApp желісі арқылы топ ашылып,  бейнеролик көрсетілген.

– Онлайн режимде қаланың 4278 оқу­шысына судағы қауіпсіздік ережесі, суда зардап шегушіні құтқару жолы, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек жайлы интерактивтік сабақ өткізілді. 2023 жылдың басынан қала аумағында судағы қауіпсіздік ережесі бойынша 1 брифинг өткізілді. Сондай-ақ басылым беттеріне судағы қауіпсіздік тақырыбындағы 4 мақала жарияланып, об­лыстық төтенше жағдай департаменті  өзі­нің әлеуметтік желідегі парақшасына 7 бей­неролик пен 11 мақала жариялады.Судағы қауіпсіздікті сақтау үшін қалада жағажай ашу қолға алынбақ. Су тасқынының алдын алу, су айдындарында балық аулау басқа да қайғылы оқиғаның алдын алу –  біздің басты борышы­мыз. Күн жылынғаннан бастап төтеншелік­тер су жағалап, ескертпе жұмысын жүргізіп, суда абай болуға шақырып, тұрғындардың төтен­ше жағдайға ұшырамауын қадағалайды. Алайда өз өміріміз өз қолымызда. Әсіресе балалар­дың үлкендерсіз суға түсуі өте қауіпті, – дейді  басқарма басшысы.

Басқарма тарапынан судағы қауіпсіздік­ті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыстың жүргізілуіне қарамастан, ауа райы­ның қатты ысуына байланысты тұрғындар­дың белгіленбеген жерге суға түсуі азаймай отыр. Осы тұста қала тұрғындары мен қонақта­ры үшін суға түсуге қауіпсіз орынды көбей­ту қажеттілігі туындайды.

Төтеншеліктер қанша ескерткенімен, өкі­нішке орай оған бейжай қарайтын жерлес­те­ріміз бар.  Ажал айтып келмейтініндей, су денеңді мұздатқанымен, жақыныңнан қапыда айырып, жүрегіңді сыздататынын ұмытпайық.

Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: