Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Судың жайы – елдің жайы

08.02.2022

1023 0

Дария жағасындағы елдің көңілінде қобалжу бар. Жер-Анаға дән себумен несібесін молайтқан сырбойылық диқандардың бар үміті де, тілегі де – Сырдария. Өткен жылы қуаңшылық қиындығын көрген ел дария жайына алаңдаулы. Жасыратыны жоқ, биыл Сырдариядағы су көлемі өткен жылғыдан да аз болатынын айтып, мамандар дабыл қағуда. Ернеуінен асып-тасып жататын Сырдария бүгінде жабырқаулы күйге түскен. Енді қалай болады?

Бұл – дүйім жұрттың көкейіндегі сауал. Судың жайын ойлаған тиісті мамандар жедел іске кірісті. Сырдариядағы су тапшылығы бүгінде күн тәртібінен түспей тұр. Бұл мақсаттағы іс-шаралардың бірі – елімізде Су кеңесінің құрылатындығы. Бұл туралы Орталық коммуникация орталығында брифинг берген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлімдеді. «Бірінші, мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу үшін келіссөздер процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін ҚР Премьер-Министрінің басшылығымен Су кеңесі құрылмақшы. Бұл кеңестің негізгі міндеті сыртқы су саясатын әзірлеу барысында Үкіметтің барлық құрамының іс-қимылын үйлестіру болады», – деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ министрлік су ресурстары ко­митеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейтуге жол ашпақшы. «Су ресурстарын басқарудың қолданыстағы жүйесі бірінші кезекте су шаруашылығы құрылыстарын қайта жаңарту және салу жөніндегі жоба­ларды іске асыруға бағытталған. Су ре­сурстарын есепке алу, су үнемдеу, талдау және жағдайдың дамуын болжау сияқты мәселелер тиісті назардан тыс қалып келеді. Бассейндік инспекцияларды су ресурстарын мемлекеттік басқарудың негізі ретінде қарау қажет инспекторға түсетін жүктеме тым ауыр. «Бүгінде бассейндік инспекцияның бір қызметкері 93 ауылдық елді мекен орналасқан 41 мың шаршы қашырым аумаққа қызмет көрсетеді. Бассейндік инспекцияларды мате­риалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі өзекті болып табылады», – деді вице-министр.

Брифингте мәлім болғандай, Қызылорда облысына қажетті су насостары уақыт оздырмай қамтамасыз етілмек. Облыс бюджетінен 20 су арнасын тазалап, 20 насос алуға қаржы бөлінгенімен бұл жеткіліксіз.Осы орайда ел қазынасынан 67 насос алып беруге ұсыныс түскен. Бұл мәселе де шешімін таппақ.

 Сырдария суының жайын көзбен көру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов арнайылап Сыр өңіріне келді. Іссапар барысында Жаңақорған ауданында болып, Келінтөбе суландыру магистралының мәселесін маман­дармен бірге талқылады. Сондай-ақ облыс әкімдігінде өткен су тапшылығына қатысты мәжіліске қатысып, егін егетін елді сусыз қалдырмау жайын пысықтады.

– Былтыр облыстың су шаруашылығын­да­ғы жағдай қиын болды. Қазгидрометтің болжа­мы бойынша биылғы 1 ақпандағы жағдайы да көңіл көншітпейді. Өткен жылдан да қиын болуы мүмкін деген болжам бар. Атап өтсек, таулы жерлерде судың келуі 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40-50 пайызға дейін кем деп есептеліп отыр. Сырдарияға түсетін судың 90 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы түседі. «Тоқтағұл» су қоймасында бүгінгі таңда 8,9 млрд текше метр су бар. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге кем. Мамандар «Шардара» су қоймасына вегетациялық кезеңінде өткен жылдың 1 қазанынан бастап осы жылдың 1 сәуіріне дейін 10,3 млрд текше метр су келеді деп болжаған еді. Алайда су болжамнан да кем түсіп отыр. Осы жағдай жалғасатын болса, 10,3 млрд текше метр судың орнына Шардараға 7,3 млрд текше метрге аз су келуі ықтимал. Қызылорда облысының егістік жерлері бар. Одан қалды Арал маңындағы көлдер жүйесі бәрі де «Шардараға» қарап тұр. Аталған су қоймасының сыйымдылы­ғы – 5,2 млрд текше метр. Су қоймасына вегетациялық кезде су келмейтін болса жағдай өте күрделі болмақ. Барлық ауданда қиындық бар. Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» магистралды каналын суландыру мәселесі туындаса, Шиеліде Қамысты каналында проблема бар. Былтыр насоспен магистральды суды қосымша беріп көрдік. Нәтижесі болды. Сол себепті бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Сырдария мен Жалағаш ауданында да ондай мәселе жоқ. Екі ауданның әрқайсысында жылына 20 мың гектарға дейін күріш егі­леді. Дегенмен биыл онда күріш көлемін шектеуіміз керек деп ойлаймын. Себебі жақын орналасқан Қармақшы ауданына су жетпей, қиындық туғызады. Ал өткен жылы Қармақшы ауданында Батыс Қармақшы қашыртқысынан Қурайлы каналына насос айдап көрдік. Биыл да сол жұмыстар жалғасын табады. Аз да болса Қармақшының жағдайы дұрысталады деген ойдамыз», – деді вице- министр.

Сондай-ақ  аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария өзеніндегі су көле­мі бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін «Facebook» парақшасында жазды: «Қадірлі сырбойылықтар! Бүгінгі күні өңіріміз үшін ең өзекті мәселе суға қатысты екені белгілі. Сыр перзенті ретінде Сырдариядағы су кө­лемінің жеткілікті деңгейде болмауы мені де алаңдатады. Бұл ретте бірлескен шешімдерді қабылдау күн тәртібінен бірде-бір түскен емес.

Осы аптада ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында су деңгейінің мәселесі қаралып, өз тарапымыздан өңірдегі су тапшылығына қа­тысты ұсыныстарымызды жеткіздік. Осы мақсатта ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге әзірленген өңірлік Жол картасы пысықталды.

Үкімет басшысы алда Өзбекстан Респуб­ликасында өтетін Үкіметаралық жиында Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша өзара келіссөздер жүргізетін болады.

Сонымен бірге облысымызға арнайы іссапармен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, «Қазсушар» республикалық ком­муналдық кәсіпорнының бас директоры Алтай Елжасовпен кездесті.

Алдағы уақытта арнайы штаб құрып, су тапшылығынан шығуға қажетті қадамдарды бірлесе іске асырамыз. Осы ретте шаруалар түсіністік танытып, суды үнемдеп пайдалану­дың технологияларын енгізуге көшуі керек. Әр 10 күн сайын ахуал сараланып отырады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда» – деп жазды аймақ басшысы.

Қалай болғанда да алдағы көктем Сыр жұртына оңай тимегелі тұр. Ендігі мәселе – бар суды үнемдеп пайдалану ғана.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: