Сейсенбі, 03 желтоқсан, 22:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Сырдан шыққан тұңғыш партизан қыз

20.12.2022

1026 0

Бірде Қызылорда қаласындағы №235 мектептің жанынан ашылған «Атамекен» мұражайына барған едік. Бұл жерден Сырдан шыққан тұңғыш партизан қыз – Тұрғанбике Жұмабайқызы туралы деректерді кездестірдім. Бұл 2017 жыл болатын.

Ерлігі мен даналығы, әсемдігі мен көркемдігі арқы­лы танылған қазақ қыздары аз емес. Сонау Тұмар ханымнан бастап шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүкке дейін есімдерін тарихта алтын әріптер­мен қалдырған қайсар арулар баршылық. Дегенмен Сырдан шыққан тұңғыш партизан қыз туралы деректер мені ерекше қызықтырды. Сол себепті Тұрғанбике Жұмабайқызы туралы мақала жазуды ұйғардым.

Әңгіме арқауына айналып отырған Тұрғанбике апамызды ел ішінде Тұрғаш деп атайды екен. Этнографиялық бағытта жұмыс істейтін жәдігерлер мекеніне жетекшілік ететін ардагер-ұстаз Күләш Алматшаеваның айтуынша, Т.Жұмабайқызы 1922 жылы Жалағаш өңірінде өмірге келген.

Халықаралық ақпараттандыру академиясы­ның ака­демигі Алдажар Әбіловтің айтуынша, Тұрғаш апамыздың әкесі – Жұмабай Піржанұлы теміржолшы болған. Анасы – Алуа Жүсіпқызы туралы көп айтылмайды. Қолда бар деректерде ол 1898 жылы Қараөзек бойындағы «Қызыл үй – Мортық» деген жерде дүниеге келіп, 1959 жылы 61 жасында Жалағаш қыстағында қайтыс болған делінеді.

Осы жерде Сыр бойынан шыққан қазақ қызы қалай партизан болып жүр? Майдан даласына қашан барды? Қай жерден аттанды? деген сұрақтар туындайды. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ Тұрғанбике апамыздың өмір жолына үңілгеніміз жөн.

Бұл кісі 1939 жылы Батырхан Қаражігітов деген жас офицерге тұрмысқа шығады. Үйлену тойы өткеннен кейін екеуі Белоруссияға, яғни күйеуі қызмет атқаратын  Батыс әскери округіне барады. Міне, осы кезден Тұрғаштың Белоруссия жеріндегі өмірі басталады. Күйеуі лейтенант шенінде взвод командирі болып қызмет атқарады. Ерлі-зайыпты екеуі 1940 жылы ұлды болған. Әйтсе де бұлардың қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені 1941 жылы соғыс басталған еді.  Сол жылдың  22 маусымында  таңғы сағат 4-те әскери дабылмен кеткен Батырхан көп ұзамай телефон арқылы Тұрғашқа  «Тез арада елге қайт» дейді. Бірақ бәрі кеш еді. Жау қоршауында қалған әскери қалашықтағы тұрғындар жақын жердегі Лугайск орманын паналайды. Күйеуінен хабар болмаған соң Тұрғанбике жаудан кек алмақ болған партизандарға қосылады. Олардың басшысы Николай Дорбин екен. Топтары бірте-бірте үлкейіп, «Николай Щорс» атындағы партизандар бригадасы атанады.

1942 жылы оларға Мәскеуден арнаулы радио­техника мектебін бітірген Нұрғаным Байсейітқызы келеді. Көп ұзамай ол Тұрғашқа радиотехниканың тілін үйре­тіп, шұғыл жағдайда қалай байланыс жасау қажеттігін меңгертеді. Сонымен қатар Тұрғанбике апамыз неміс тілін де жетік меңгеріп алады. Бұған дейін орыс, беларус тілдерінде еркін сөйлейтін Тұрғашты партизан­дар Тамара деп атайды. Ол радист қызметін атқарып, өте маңызды әрі қажетті ақпарларды өз командирлеріне жеткізіп отырды. Сонымен қоса наубайхана мен асхана жұмыстарына жәрдемдесті. Барлаушылар «тіл» әкелсе, әкелген тұтқыннан жауап алуға да қатысты. Тіпті жан беріп, жан алысқан ұрыстардың да ортасында жүрген. Сондай сұрапылдың бірінде арқасындағы баласына оқ тиіп, ажал құшады. Онсызда сүйген жарынан хабар ала алмай жүрген Тұрғаш апамызға баласының өлімі қатты тиді.

Соғыс аяқталғаннан кейін Тұрғанбике Жұмабай­қызы елге оралады. Ол   ІІ  дәрежелі «Ұлы Отан соғысының партизаны» орденімен марапат­талған.

Арада екі-үш ай өткенде Батырхан да келеді. Тұрғаш апамыз 1945 жылы аудан орталығындағы балабақшаға меңгеруші болып қызметке орналасады. Соғыс салған жара жазылмай ол 1947 жылы өмірден озады.

Бір киноға, тіпті кітапқа  арқау боларлық қиындыққа, қарбаласқа толы тағдыр. Сырдан шыққан алғашқы партизан қыз әлі талай шығарманың кейіпкеріне айналары сөзсіз.

А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: