Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 22:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тәттіге таласқан жұрт таң азанымен кезекте тұр…

21.06.2022

738 0

Дәл осы уақыт – халықтың түрлі жеміс-жидектен тосап дайындайтын кезеңі. Соған байланысты тұрғындар қантты жаппай сатып алып жатыр. Тіпті кейбір дүкендердің сөрелерінде тез таусылып қалуда. Осыған орай елімізде қайтадан қант тапшылығы туындап отыр.  Бүгінде халықтың бар назары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауында емес, оның тапшылығында болып тұр.

Тұрғындар сауда үйлерінде ұзын-сонар кезекке тұрып, құмшекерді жаппай сатып алуда. Соның салдарынан кіші дүкендерде аталған өнім қалмай отыр. Кейбір жеке кәсіпкерлер осы жағдайды пайдаланып, жоғары бағадан беруде. Ал ірі сауда үйлері қантты тәулігіне шектелген мөлшерде шығаруға мәжбүр. Осылайша құмшекердің қымбаттағаны рас. Біздің аймақта оның бағасы 800 тең­геге жетті.

Расында, қазір құмшекер облыс бойын­­ша ғана емес республика көлемінде өзекті мәселеге айналып отыр. Оның басты себебі Ресей мен Украина арасындағы қалыптасқан жағдайға байланысты. Біздің аймақ негізінен қант нарығында импортқа тәуелді. Сыр өңіріне осы кезге  дейін қант өнімі Жамбыл, Алматы облысындағы қант зауыттары мен Ресей елінен тасымалданып келді. Сондай-ақ қант Бразилия елінен Ресей арқылы жеткізілді. Қазіргі кезде Ресей арқылы әкелінетін шикі зат басқа логистикалық жолмен тасымалдануда. Сон­дықтан ол қант бағасының өсуіне өз әсерін тигізуде. Өйткені арақашықтықтың ұзаруы қосымша шығындарға әкеп соғуда.

– Біздің тарапымыздан бағаны тұрақ­тандыру мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы тұрақтандыру қорына 272 тонна қант сатып алынып, 38 әлеуметтік дүкен мен 14 әлеуметтік бұрышта төмен бағада тұрғындарға ұсынылуда. Осы жағдайды пайдаланып, кейбір шағын дүкен иелері қант бағасын көтеріп сатуда. Бүгін­­де облыс бойынша қанттың орташа бағасы 491 теңгені құрайды. Ал әлеуметтік дүкендерде құмшекер 370 теңгеден сатылуда. Қазіргі кезде аймақта жалпы қоры 247 тонна қант бар. Сонымен қатар тікелей қант зауыттарынан 680 тонна қант өнімін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ал жыл аяғына дейін 3315 тонна қант көлемін сатып алу жоспарлануда. Сон­дықтан ешқандай байбалам салудың қажеті жоқ. Өйткені тұрақтандыру қо­рында қант қоры жеткілікті, – деді об­лыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Жалпы аймақтағы тұрақтандыру қо­рында тауарларды сақтауға арналған 5250 тонналық 2 қойма бар. Оның біріншісі 2011 жылы, ал екіншісі 2020 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде тұрақтандыру қорында 393,5 млн теңге көлемінде 759,9 тонна өнім қоры бар.

«Байқоңыр» ӘКК АҚ басқарма төраға­­сы Нұржан Ахатовтың айтуынша, әлеу­меттік дүкендердегі өнімдердің бағасы на­рықтық бағадан төмен болғандықтан, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін әлеу­меттік дүкендерде және бұрыштарда мөлшерлеп қана босатылуда. Мәселен, бір сатып алушыға нан – 4 дана, қант – 2 келі., картоп – 5 келі, сәбіз – 2 келі, өсімдік майы 1 литрден берілуде.

Бүгінде облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен күн­бағыс майы, қант, тауық жұмыртқасы, қырыққабат және басты пияз өнімдерін сату бағаларына үстемақы қосылуына байланысты тексеру жүргізілуде. Одан бөлек қала тұрғындарынан «Магнум» гипермаркетіндегі және «Смолл»  супер­маркетіндегі азық-түлік тауар­ларының бағаларына қатысты 6 арыз келіп түскен. Соған байланысты осы жылдың наурыз айында «Магнум» гипермаркетіндегі қы­рық­­қабат, сәбіз, пияз және «Смолл» супер­маркетіндегі қант, ас тұзы, картоп, сәбіз, пияз бағаларына қатысты 4 арыз-шағым негізінде жоспардан тыс тек­серу жүргізілді. Бұл жөнінде өңірлік ком­муникациялар оратылығында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орын­басары Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.

Дегенмен күннен-күнге азық-түліктің бағасында өсу бар да түсу жоқ. Бұрын бес мың теңгеге бір пакет зат алсақ, қазір тіпті ол ақшаға екі-үш заттың өзі әрең түседі. Осыған дейін маусымдық кезде ғана өсіп, қайта қалпына келуші еді. Ал бүгінде өскеннің үстіне өсуде. Себебі күнде базар­ға немесе дүкенге бара қалсаң, әйтеуір бір заттың қымбаттағанын аңғарасың. Қанша жерден қадағалау болса да бағаның шарықтауына ешқандай тұсау болмай тұр. Әйтпесе, қатаң тексеріспен талап болса, баға аспандамай тұрақталар еді. Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?!

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: