Ел егемендігінің бірден-бір кепілі – жер тұтастығы. Онсыз бірлікті бекем ұстау, дамуға ұмтылу, тыныштықты сақтау әрекеті бос әурешілікке пара-пар. Оны алыс бармай-ақ Қарабақтағы жанжалдың жайынан аңғаруға болады. Өзгенің жеріне көз алартқандар түбі күшке салып, бұрыннан таласты, даулы аймақты қолға түсіруге ұмтылады. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары алдымен шекараны бекітіп, көршімен келісімге келуі де келешек келеңсіздіктің алдын алуға жасалған қадам еді. Соның арқасында қазақ жерінде еш елдің еншісі болмай, бірауыздан құпталған.
Алайда соңғы жылдары Ресейдің В.Никонов, В.Федоров, В.Жириновский секілді кейбір шенді-шекпенділері Қазақстанның солтүстік аумақтарының тұтастығына сына қағу әрекетін жасауда. Бірі «Солтүстік өңір – қазаққа сыйға тартылған орыс жері» десе, енді біреуі «Солтүстік Қазақстан – Ресей жерінің бір пұшпағы» деп есірді. Ол аз болғандай, солтүстіктегі облыстар атауын қазақшалау ісіне де қарсылық білдіріп келеді. Мұндай орынсыз, қасақана айтылған ой-пікірдің түп-төркіні белгілі емес пе?! Онысы «жерге тоймайтын» шовинистік құлқынның қып-қызыл көрінісі ғана. Артық та емес, кем емес.
Белсенділердің бұлай айды аспаннан шығарып, қоғам санасына күдік ұялату әрекеті алғаш жасалып тұрған жоқ. Бұған дейін де жыл сайын осы тақылеттес бірнеше оқиға халық назарына ілінді, қоғам дүрлікті. Айта-айта жауыр болғасын ба, тіпті ел арасында «Жириновский не айтпай жатыр?!», «саясатта салмағы жоқ адамдардың ойы» деген көнбіс сылтаулар пайда бола бастаған еді. Алайда салмағы жоқ сөз сыртқа шықпайтынын аңғарғандар дер кезінде лайықты жауап қатып, қалғыған қоғамды оятып отырды. Әсіресе зиялы қауымның үндеуі, ізденісі оқиғаның өзгеше өрбуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде солтүстік өңір қазақтың ежелден ата-қонысы екенін дәлелдейтін деректер мен мұрағат мәліметтері БАҚ пен ғаламтор кеңістігіне кең тарап, өзіндік қарсылық шарасы күшейе түсті. Сонда да болса жансақ айтып, артық кеттік деп ойынан қайтқан «Жириновскийлерді» көрмедік. Патша заманы мен Кеңестік дәуірді көксейтін империяшыл саясаткерлердің бұлай сөйлеуіне солтүстіктегі орыстілді халықтың басым түсуі түрткі болып келеді.
Павлодар– Кереку, Петропавл – Қызылжар
Майдан тек қару кезенумен жүрмесі анық. Қазіргі таңда ақпараттық соғыс пен «жұмсақ күш» кез келген саяси қадамның негізгі бөлігіне айналды. Қазақ қоғамы да солтүстіктегі бірқатар қала мен облыс атын қазақшалау арқылы түйіткілді мәселеге нүкте қоюды, өңірлерге тарихи атауын қайтаруды мақсат тұтып келеді. Әсіресе орыс апостолдары Петр мен Павелдің құрметіне қойылған Павлодар мен Петропавл қалаларына еншілі есімін қайтаруға арналған үндеулер белең алуда. Ұтымды шешім ретінде, Павлодар қаласын – Кереку, Петропавл қаласын Қызылжар атаған дұрыс деген ой айтылған. Алайда қос қаланың атауын өзгерту әзірге жүзеге аспай келеді. Себебі солтүстіктегі шаһар түгілі, шағын көшенің атауына өзгеріс енгізу кейбір тұрғылықты халық пен беймәлім ұстанымдағы билік өкілдерінің қарсылығына жиі ұшырайды. Бірақ бұл да уақытша келеңсіздік екені сөзсіз. Себебі қазақтың ата-қонысы қазаққа ғана тиесілі, өзгертіп-түзеуге қазақтың ғана хақысы барын естен шығармаған абзал
Анығында, бүгінгі Павлодар мен Петропавл шаһары орыс отаршылдары келмес бұрын көшпелі қазақтың асыр салып, дәурен құрған қонысы. Мұнда қаншама тарихи оқиғалар орын алып, белгілі тұлғалар дүниеге келді. Басқасын айтпағанда, Керекуде (Павлодар) Жаяу Мұса, Бұхар жырау, Әлкей Марғұлан, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кемел Ақышев секілді тұлғалар дүниеге келген. Сондай-ақ солтүстік аймақтың шұрайлы жері ғасырлар бойы көшпелі қазаққа құтты қоныс болғаны мәлім. Сол себепті «Солтүстік Қазақстан жері мүлдем қоныстанылмаған, Ресейдің Қазақстанға берген сыйы» деген шындыққа жанаспайтын пікірлер түбегейлі теріске шығады. Керісінше, Патшалық Ресей мен Кеңестік мүдде солтүстіктегі шұрайлы жерді мұжықтарға беру арқылы қазақтарды ығыстырып, мұндағы халық құрылымын мүлде өзгертуге тырысты емес пе? Бүгінгі жағдайдың осынша түрленуіне сол әрекеттің де ықпалы бар.
Уақыт пен сана толқынысы ғасырлар шеңберіндегі қателікті түзейтінін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Қазіргі солтүтіктегі орысша қала атауларын өзгерту идеясы да жаңа буынның ой-санасы арқылы жаңа деңгейге көтеріліп, қолдаушылардың саны артып келеді. Бұл – ешқандай «орыстан жеріну» емес, рухани жаңғыруға жасалған қадам, заман талабы. Себебі еркін елдің ертеңгі жасы жалтақ болмау үшін сана бостандығының орны ерекше.
P.S. Бір қуанарлығы, біз сөз еткен мәселенің күрмеуі жыл санап шешіліп келеді. Мәселен, биыл Кереку (Павлодар) қаласындағы 23 көшенің атауы қазақшаланып, ел-жұрттың мерейі тасыды. Қоғам белсенділері мен саясаткерлердің қарқыны қайтпаса, Кереку мен Қызылжардың ресми атауға айналар уақыты таяған секілді.
Берен Шағыров
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!