Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 04:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жеңімпаз әкімнің арманы бар ма?

27.01.2023

1078 0

«Aqmeshit-aptalygy.kz» ақпараттық агенттігінің телеграм арнасында жарияланған «Халқына жақын әкім кім?» сауалнамасы негізінде қалаға қарасты Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов жеңімпаз атанғанын өткен аптада жариялаған едік. Жас та болса ел басқару ісіне араласып, өзінің білім-білігі, іскерлігі арқасында тасбөгеттіктердің ықыласына бөленген кент әкімімен әңгімелесудің сәті түсті. Мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап жүрген жеңімпаз кент әкімі Семсер Сыздықовпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Семсер Зұлпыхарұлы, «Халқына жақын әкім» атанғаныңыз құтты болсын! Озып шығарыңызға сендіңіз бе?

         – Рахмет! Алғашқыда мұны білмедім. Әріптестерім «Aqmeshit-aptalygy.kz» ақпараттық агенттігінің телеграм арнасында қалаға қарасты кент пен ауыл әкімдері арасында сауалнама жүргізіліп жатқанын айтты. Содан кейін әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа жетті. Әуелгіде алғашқы орында едім, кейін Талсуат ауылдық округінің әкімі Айбек Жылқыбай озып шықты. Алайда соңғы кезеңде өзімнің алда келе жатқанымды білдім. Әрине, озып шығарыма сендім. Себебі біріншіден, Тасбөгет кентінің халқы көп, одан соң инфрақұрылымы дамыған, жұртшылыққа қажетті, маңызды деген мәселелер шешімін тауып келеді. Осыны ескере отырып кент тұрғындары лайықты баға береді деп ойладым.

– Ел басқару ісі оңай шаруа емес. Бұл салаға қалай келдіңіз?

Жоғарғы оқу орнын Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Қаржы», Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірдім. 2008 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Дегенмен білімімді ел игілігіне жұмсау үшін  мемлекеттік салаға келуді жөн көрдім. 2013 жылы қала әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінде бас маман қызметін атқардым. Одан кейін де түрлі салада қызмет атқарып, тәжірибе жинақтадым. Ал 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Тасбөгет кенті әкімі қызметіндемін.

– Жұмыс барысында сіздің кабинетте отырмайтыныңызды әлеуметтік желіден байқауға болады. Үнемі маңызды істердің басы-қасында жүресіз. Демек, іскер әкімсіз…

– Кентте орналасқан нөмірі бірінші мекеме болғандықтан өзгелерге үлгі болуымыз керек. Атқарылып жатқан қаншама тірлік бар. Оны бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Оған қоса қазір әлеуметтік желінің дамыған кезі ғой. Сондықтан жұртшылықты кентте атқарылып жатқан тіршілік барысымен ақпараттандыру үшін әлеуметтік желіні тиімді пайдаланған жөн деп ойлаймын. Бір жағынан халыққа түрлі сала бойынша әсіресе, кәсіпкерлік бағытта қажетті кеңестерді де осы әлеуметтік желілер арқылы білуге болады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жиі ұйымдастырамыз. Бұл ақпаратқа да көпшілік «Facebook», «Instagram» арқылы хабардар. Негізгі мақсатымыз – атқарылып жатқан игілікті істермен кент халқын ақпараттандыру. Жалпы тұрғындардың мұң-мұқтажын білу, кенттің жағдайын көзбен көру міндетіміз ғой. Күнделікті жұмысқа келерден бұрын кент аумағын бір аралап, бақылауды әдетке айналдырдым. Әрі қарай тиісті мамандарға тапсырма беріп, сол бойынша жұмыс істеледі. Бұл жұмысты жүйелі жүргізуде тиімді.

– Тасбөгет кентінің әкімі қызметіне келгеніңізге 3 жылға жуықтапты.  Осы аралықтағы нәтижелі істерді айта аласыз ба?

– Кентке әкім болған 3 жылға жуық уақытта атқарылған істер баршылық. Мәселен, мен әкім болып келген тұста шет аймақтағы жолдар нашар еді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұзындығы 17 шақырым 15 көшеге 624 миллион теңгеге қиыршық тас төселді. Осылайша көптен бері шешілмей келе жатқан мәселе шешімін тапты. Мұны тек менің жасаған ісім деуге болмайды. Бұл маған дейін кентті басқарған әкімдердің сұранысы, жасаған жұмысы деуге болады. Келе сала бір істі бастап кетпейсің, бұған дейін атқарылған жұмысқа, сұранысқа, қажеттілікке қарайсың. Содан кейін оны жүзеге асыруды қолға аласың. 2021 жылы «Сабалақ» саяжайына ауызсу жүргізілді. Оған мемлекеттен 1 млрд 300 миллионға жуық қаржы бөлінді. Бұл бірнеше кезеңнен тұратын жоспар болатын. Сол жылы соңғы кезеңді аяқтадық. Осы орайда саяжайда ауызсудан қалыс қалған 50 үй мен Тасбөгет кентіндегі кейін қалыптасқан 4 көшеге демеушілер көмегімен ауызсу жүргізілді.

Сондай-ақ саяжайдан былтыр 600 орындық «Сабалақ Орда» мектебі ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек 900 млн теңгеге жуық қаржатқа Тасбөгет кентінің 27 көшесі мен «Сабалақ» саяжайына электр желісі «Еңбек», «Өркендеу» саяжайларынаэлектр желілері мен ауыз су тартылды.

Соңғы 3 жылда кентіміздегі жалғыз тұрғын үйі апаттық болып танылған, кезектегі 110 отбасыға жаңадан пәтерлер табыс етілсе, кент аумағынан 10-ға жуық спорттық ойын алыңдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар өткен жылдың басты жаңалығы ретінде кентте 5 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлердің бой көтеруі және жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын демеушілікпен салынып жатқан мешіт құрылысын айтуға болады. Осы сияқты жұмыстар істеліп жатыр. Көпшілікті мазалайтыны жол мәселесі ғой. 2021 жылы 13 көше жөндеуден өтсе, былтыр 3 көше асфальтталды. Биыл кент аумағынан жаңадан салынатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 542,1 млн теңге, сонымен қатар 17 көшені жөндеуден өткізуге 700 млн теңгегежуық қаржы бөлінді.

Бұдан бөлек, кенттегі білім ошақтарын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, спорт залдарын жөндеу, алаңдарын салу, басқа да мекемелердің ағымдағы, күрделі жөндеу жұмысы сияқты тірліктер атқарылуда.

Соңғы жылдары кентімізде кәсіпті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артып келеді. 2021 жылы кенттегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1253-ті құраса, 2022 жылы тағы 173 кәсіпкер қосылып, олардың саны 1426-ге жетіп отыр.Кенттің дамуына демеушілер мен ірі кәсіпкерлер де өзіндік үлестерін қосуда. 2022 жылдың өзінде кентті дамытуға кәсіпкерлер тарапынан 3 млрд-қа жуық инвестиция құйылды. Кәсіпкерлік саласын қарқынды дамып келе жатыр деуге болады.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

         – Кентіміз жылдан-жылға өсіп, өркендеп келеді. Соған сәйкес қажеттіліктің де артатыны белгілі. Оған қоса кентке қарасты саяжайлар бар. Биыл кенттің бюджеті 662,2 млн теңге болып бекітілді. Бұған кент және оған қарасты саяжайларда  денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу, жол жөндеу, ауызсу тарту, абаттандыру жоспарлануда. Бұйыртса, наурыз айында «Сабалақ» саяжайында дарынды балаларға арналған мектеп-лицей интернаты пайдалануға беріледі.

– Кент тұрғындарымен қаншалықты жиі кездесесіз? Халықтың мұң-мұқтажын тыңдамай, «бұғып» қалған кезіңіз болды ма?

         – Негізі заң бойынша әр аптаның белгілі бір күні біз тұрғындарды қабылдауымыз керек. Бұл – біздің міндетіміз. Менде басқа күндері тұрғындарды қабылдамау керек деген қағида жоқ. Олар толғандырған мәселесі болғандықтан келеді ғой. Таңертең сағат 8-де жұмыс басталады. Мәселесімен келген кез келген тұрғынды қабылдаймын. Оған шектеу жоқ. Одан бөлек, кент халқының басын қосып, жиын өткізіп тұрамыз. Дегенмен көп жағдайда жинала қоймайды. Бірен-саран тұрғындар келіп ортақ мәселені айтып жатады. Қолдан келгенше халықпен етене жақын, ашық болуға, оларды толғандырған мәселені тыңдауға тырысамын. Мұны қызметкерлерден де, басқа мекеме басшыларынан да талап етемін.

         Енді тұрғындардың көбісі үй, жер мәселесімен келеді. Шамамыз келгенше шешімін табуға тырысамыз. Баспана мәселесін шешу біздің қолымызда емес. Дегенмен пәтер жалдап беруге, жалға алу төлемін арзанырақ етуге, тұрмысы төмен отбасы болса тегін тұрғызуға қолдан келгенше көмек беріп келеміз. Былтыр осындай жағдайдағы 12 отбасының 1 жылдық төлемі демеушілер есебінен төленді. Үйі өртенген отбасыларға материалдық көмек көрсетуге тырыстық. Жер мәселесі бойынша қазір қала бойынша 70 мыңнан аса тұрғын жер кезегінде тұр. Оның 5 мыңнан астамы тасбөгеттіктер. Жер кезегіндегі тұрғындардың мәселесін былтырдан бастап тиісті сала мамандарымен бірлесіп шешуді қолға алдық. Жер кезегі 2006 жылдың маусым айымен тоқтап тұрған екен. Былтыр 130-ға жуық азаматтың құжаттарын рәсімдеуге көмек бердік. Қазіргі таңда 30 азаматтың құжаты рәсімделсе, қалған 100 құжат айналымда. Бұл ұзақ уақытты талап ететін жұмыс. Талапқа сай келсе кенттегі бос жатқан жерлерді тұрғындарға беру мәселесі қаралуда.

– Қаламен біте қайнасып, жақсы дамып келе жатқан кентте көкейтесті мәселелер де аз емес. «Әліңіз келмей жатқан» түйткілді қандай мәселе бар?

– Арман көп қой. «Әлім келеді» деу өтірік болатын шығар. Істелетін жұмыс көп. Әліміз келмей жатқан тұс та бар, оны жасырудың қажеті жоқ. Мәселен, кенттегі №4 емхана ғимараты көптен бері күрмеуі шешілмей тұрған мәселеге айналды. 1984 жылы салынған нысан емхана стандартына сай емес. Бұл емхана тасбөгеттіктерден бөлек, кентке қарасты саяжай, Ақсуат, Ақжарма ауылдық округінің тұрғындарын қамтиды. Қазір емханаға қаралатын тұрғындар саны 40 мыңның үстінде. Сондықтан бұл ғимарат таршылық етеді, кабинет жетіспеушілігі туындауда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келіссөздер жүргізгенбіз. Олар кенттегі туберкулезге қарсы диспансер ғимаратына көшіреміз деген. Алайда әзірге өзгеріс жоқ. Бұдан бөлек, қорым салуға жер бөлу мәселесі де жиі қозғалады. Оның жобасы дайын тұр. Бұйыртса, тиісті қаржы бөлінсе оң шешімін табады.

– «Халқына жақын әкім кім?» сауалнамасында сізден кейін көп дауыс жинаған Талсуат ауылдық округінің әкімі Айбек Жылқыбай болды. Әріптесіңізге қандай баға бересіз?

– Әріптесім Айбек Жылқыбай мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өткен тәжірибелі, іскер, таза жұмыс істейтін, талапшыл азамат.  Талсуат ауылдық округінде де атқарылып жатқан жүйелі істер жетерлік. Ауыл халқы лайықты бағасын берді деп ойлаймын.

– Шынында, халыққа жақын әкімсіз бе? Сіздіңше, «Халқына жақын әкім» қандай болуы керек? Бұл орайда әріптестеріңізге қандай кеңес бересіз?

– Кеңес беретін жаста емеспін деп ойлаймын(күліп). Бізге әлі жұмыс істеу керек. Кеңесті оқыған, тоқыған, көрген, түйгені мол, ел басқаруда елдің ықыласына бөленген алдыңғы буын ағалар беруі керек шығар. Менің кеңесім – өзің дұрыс жүрсең, дұрыс жұмыс істей білсең, өзіңе тиісті міндеттерді толық атқарсаң, жауапкершілікті сезінсең, тұрғындардың мұң-мұқтажын ести білсең,  кішіпейіл болсаң халық өз бағасын береді.

– Мемлекеттік қызмет сізге несімен қызықты?

– Мемлекеттік қызметтің үйретері көп. Атқарған жұмысың нәтижелі болса, түйткілді мәселе шешімін тапса, елдің ризашылығына бөленсең, онда елге қызмет еткен әр азаматтың жеңісі деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: