«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»
Ахмет Байтұрсынов
Ана тілі – әрбір ұлттың, ұрпақтың бет-бейнесі, тарихы мен танымы. Сол арқылы өсіп-өнген ұрпақ атамекеннің өткені мен бүгінін біліп жетіледі. Бұл – қастерлі тіліміздің қасиеті. Тіл – бастау тарихын тереңнен алып жатқан ұлы мұрамыз. Термин мәселесі де тіл әлеміндегі тоқсан толғаулы тақырыптың бірі. Қазір таза тіл жоқ. Мұны қоғам көзқарасымен қарасақ ондай таза тілдің болуы да мүмкін емес. Жедел жүріп жатқан жаһандану үдерісінде тілдер де бір-бірімен жақындай түсіп, ұлттар мен ұлыстардың өзара оңтайлана түскенін аңғаруға болады. Бұл жолда термин сөздердің ықпалы ерекше.
Ана тіліміздегі сөздерді тәржімалау тілді шұбарландырып қана қоймай, оны түсініксіз халге жеткізіп, дүбара ұғымға әкеп соқтыратыны анық. Мәселен, ауызекі тұрмыстық қолданыстағы сөздерді алып қарасақ «отырық», кетіп баратырық», «жүрген» деген секілді сөздерді көп естиміз. Сондай-ақ «Пианино» деген халықаралық терминді «Күйсандық» деп атап жүрміз. Ешқандай жанаспайды. Сандық пен күйдің арасында пианиноны қосуға бола ма? Және композиторды әлемде «Композитор» дейді. Біз «Сазгер» деп атаймыз. «Сазгер» деген басқа мағынаны береді. Міне осылайша қазақ тілі яғни ана тіліміз бұзылып, түпкі мағынасы ауысып бара жатыр.
Тіл туады, түлейді, түрленеді. Бұл табиғи құбылыс. Әр халықтың тілі өзінше әсем, өзінше әуезді әрі әсерлі. Оны «Ұлы тіл, кіші тіл» деп әспеттеуге әсте болмайды. Жарты әлемді жаулап алған Шыңғысхан қол астындағы халықтардың ар-намысына тимей барлығына да әділетті көзқараспен қараған екен. Ол былай деп жарлық етіпті: «Әр ұлт өз тілінде сөйлей берсін. Оларды менің тілімде сөйле деп қыспаққа алмаймын. Әр құсты Тәңірі жаратқан, әр қайсысы өзінше сайрайды…», – депті.
Неткен көрегендік көзқарас. «Халық өз тілінен айырылған кезде қам-қарекетінен айырылады» деген даналық сөз бар. Келте ойлы адамдардың таяз ұстанымдары салдарынан талай ұлттың тілі жетімдік көріп, тажал қыспағында қалғандығы тарихтан белгілі. Тіл туралы Ғабит Мүсірепов «Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біріне көңіл аудармау – үлкен қылмыс деп ұрандатқаны аға ұрпақтың жадында.
Кешегі кеңестік кезеңде қазақ тілінің мүшкіл хал кешкендігі жасырын емес. Ол ненің әсері еді. Біз «Одақтас республика» құрамында дербес саясат жүргізуге еш құқығымыз жоқ болатын. Тілді саясаттандыру мүлдем қате көзқарас. Тілдердің бір-біріне әсері ерекше зор. Әсіресе аралас-құралас халықтарда оның өзара ықпалдастығы айқын сезіледі.
Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда мына оқиғаны баяндап берейін. Қайбір жылы теміржол аялдамасында тұрған екі әйел кісі кенет сөзге келіп қалғанын көргенім бар. Кезекте тұрған адам саны көп болатын. Сонда екеудің бірі түрік өкілі біздің орысша ұрсып жатқан қазақ анасына «Сен әуелі өз ана тіліңде сөйлеп ал. Содан кейін барып өзгеге ақыл айтарсың» дегені бар. Бұдан түйетін тұжырым өмірге сәби әкелетін аналарымыз өз ана тілін құрметтемесе одан туған балаға қайтіп ақыл айтамыз. Балабақшада берілген тәрбиеде не маңыз бар? Ол отбасында айтылған өнегеге жетпейді. Осындайда «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтылмаса керек-ті. Біз кейде үкімет қазақша сөйлемейді деп әсірелеп айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Ұлтқа деген ұлы сезім алдымен отбасымызда болуы ләзім.
Қазақ тілінің қалыптасуы қазақ тарихымен тығыз байланысты. Қазақ халқының ежелгі шежіресі Сақ заманынан бұрын тайпалар өмір сүрген кезден басталған. Қазақ даласында осыдан 2 миллион жылдан астам уақыт бұрын алғашқы адамдарды өмірге әкелген. Қазіргі қазақтар ататегін осы алғашқы адамдардан алып, әлемдегі ең ежелгі халықтың бірі саналады.
Мемлекеттік тіл – ұлт мәртебесі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы екенін есте сақтауымыз керек. Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Осы тарапта тіл туралы заңда қолданысқа енгізілген. Ана тілін ардақтау барысында мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс-қағаздар мемлекеттік тілге көшірілді. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдардың саны арта түсті. Кез келген тілдің болашағы жастардың қолында. Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Әр отбасында отбасылық тілді дамыту бағдарламасы жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды. Қазақ тілінің тағдыры қазақтың ғана қолында екенін бір сәтке де ұмытуға болмайды.
Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы. Тіл таусылмайтын қазына екенін жүрекпен ұғынған абзал. Ең құдіретті де қастерлі тіліміз. Ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру баршамыздың борышымыз. Тілге деген құрметімізді ауызша айтып қоя салмай іс-жүзінде де жанышырлық танытып, қолдау көрсеткеніміз ләзім.
«Өнер алды – қызыл тіл» деген қанатты сөз бар. Ақын жазушыларымыздың асыл мұраларын бойымызға сіңіру арқылы тілге деген құрметімізді арттыруымыз қажет. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды, өзіміздің қазақ тілімізбен қайтадан қауыштық. Мұның бәрі қастерлі тәуелсіздігіміздің жемісі мен жеңісі.
Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Тілге құрмет – елге құрмет. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры һәм тұмары әрі тамыры. Бұл ретте мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым екенін айта кету керек. Жыл сайынғы Жолдауларда да мемлекеттік тілді дамыту жайы айтылып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, өрісі кеңейді. Бүгінгідей жаңарған, жасарған заманда «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» жерде қалмайсың, жаман болмайсың. «Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деген Қадыр ақынның сүбелі сөзінің қадірін кетіріп алмайық.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!