Жұма, 27 желтоқсан, 13:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Той төрінде «қауіпсіз» қонақ отырады

25.09.2021

1104 0

Бұдан былай солай болғалы тұр…

Қалай дейсіз бе? Негізі тойдың төрінде ақсақалдар, құда-жекжат, ағайындар, яғни құрметті қонақтар отыратын. Биыл 27 қыркүйектен бастап «қауіпсіз» қонақтар төрге жайғаспақ. Олар кімдер? «Ashyq» қосымшасы бойынша «қауіпсіз» мәртебесі барлар. Иә, дәл осылай деп денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Елді жайлаған індет келгелі халық не көрмеді? Сырттай қарасаңыз, көзге көрінбейтін шайқас секілді… Үлкен-кішісі бар, карантин деп бірнеше ай бойы жаппай үй қамақта жатты. Той тоқтады, асаба, әнші-бишілердің жұмысы алға жылжымай қалды. Халық та бір-бірімен емен-жарқын араласуды қойды. Шектеу деп біраз нәрсеге тыйым салынды. Той мен құдайы асқа жиналатын халық саны азайды. Себебі бәріне денсаулық керек.

Кешегі той…

Той қашанда халықтікі. Ағайынға «көмегім болсын, менің де тойымда қайтар» деп той болмас бұрын ортаға малын салатын. Абысын-ажын шүйіркелесіп, тойдың боладысын жаңалық қылып жеткізіп, желпініп жүретін. Жас келіндер осындай сәтте бір көрініп қалайын дегендей қол қусырып қызмет көрсетіп, үлкендердің батасын алатын. Ағайынмен сағынысып көрісіп, әулеттің балаларын «айналайын» деп бетінен сүйетін. Ақсақалдар төрді толтырып, жасы кіші қонақ күтіп, әулеттің бауырмалдығын, барлығын, көргендігін көрсететін. Міне, қазақтың тойы осындай болатын.

Жұрт жақсылыққа жеткендігін, өсіп-өнгенін осы тойында дәлелдейтін. Кешкісін жастар бас қосса, күндіз қарттары жиналып, дастарқаннан дәм татып, батасын беріп тарқасатын. Заманы бір құрдастар, әңгімесі жарасатын қатарластар думандатып, тойдың сәнін кіргізетін. Құстың сүтінен басқаны дастарханға қою міндет емес еді. Бірақ «бір тойым бар» деп жүрген той иесі тартынып қалмайтын.

Бүгінгі той…

Қазір той жасаушылар тойға кететін қаржысынан бұрын «мобильді топ тексеріп келмей ме, ұсталып қалмаймыз ба?» деп алаңдайтын болды. Иә, бүгінгі індеттің салдарынан той иелері осындай топты да көріп келеді. «Ағайын, менің ұлым үйленіп жатыр немесе қызым ұзатылуда» деп сыртқа сүйіншілеудің орнына үндемей, қайта жабық түрде жасауды жөн көрді. Адам саны азайды. Кешегі тойлар секілді «бәрін шақыру керек» деу жайына қалды. Тек жақындары ғана жиналатын орынға айналды. Айтпақшы, шақыру билетінің өзі де онлайн ұйымдастырылуда.

Бірақ кейбір дәулеттілерге карантин еш әсер етпеді. Олар әлгі мобильді топтың салған айыппұлын төлеп, әрмен қарай «Баяғы жартас сол жартас» дегендей зәулім сарайларда дүркіретіп тойын жалғастыра береді. Ал ұлан-асыр той жасап, қарапайым халықтың байға жетеміз деуі әурешілік. Байлықпен, барлықпен теңесетін жер той емес. Той – әулеттің қуанышы. Оны бәсекеге салып, жұрттан қалмаудың амалына айналдыру бекершілік. Әйткенмен көпшілік үнемді үйренді. Бұрынғыдай ысырапқа жол бермейді. Дәл қазіргі баға нарқының күн сайын өскен шағында ол да дұрыс ұстаным.

27 қыркүйек – той күні

Арнайы той күні болып белгіленген екен деп ойлап қалмаңыздар… Әйткенмен осы күні біраз нәрсе өзгергелі тұр. Сонымен қатар бұл күнді асабалар асыға күтіп жүр екен. Себебі де белгілі.

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақтануына байланысты карантин жеңілдейді. Осыған орай үйлену тойлары мен мерейтойлар өткізуге рұқсат етілді. Бірақ тойханаларға Ashyq-та статусы «қауіпсіз» қонақтар ғана кіргізілетін болды. Яғни, екпе салдырсаңыз, тойдың құрметті ғана емес, «қауіпсіз» қонағы боласыз. Төр де, қошемет те сіздікі…

Алайда өз шарты бар. «Жасыл» аймақта тұрған өңірлерде зал 50%-ке, 100 орыннан, «Сары» аймақта да 50%-ке дейін, бірақ 70 орыннан аспауға тиіс. Ал «Қызыл» аймақта 50%-ке дейін, 50 орыннан аспауы керек.

Тілші түйіні:

Лайым, той тоқтамасын. Жастар бас қосып отау көтерсін, сәби дүниеге келіп, қазақтың әрбір шаңырағын шаттыққа бөлесін. Бірақ «рұқсат берді екен» деп шектен шықпай індетті қайта өршітіп алмасақ екен деген ой, біздікі… Тойды сағынған, тойға баратын «қауіпсіздерге» айтарымыз, сақтану қажет екенін ұмытпаған абзал.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: