Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, этнограф-жазушы: Туған жердің топырағынан нәр алдым

02.12.2023

728 0

Сурет: tirshilik-tynysy.kz

Бүгінгі жүрекжарды сұхбатымыздың қонағы – Сыр өңірінің батырларын, би-болыстарын, ақын-жырау, атақты тұлғаларын әлемге әйгілей жүріп, өзі де қайраткерліктің шыңына көтеріліп, қазақтың рухани қазынасын байытуға үлес қосқан зерттеуші, этнограф, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қорқыт ата  университетінің Құрметті профессоры, Қызылорда қаласының, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының  Құрметті азаматы Тынышбек Дайрабай.

– Сіздің  балалық шағыңызда қиын-қыс­тау күндерді басыңыздан өткізгеніңіз ақиқат. Себебі  сұрапыл  соғыс жыл­дарында  дүниеге келдіңіз. Десе де өмірдің ащысы мен тұщысы қатар жүреді ғой. Есіміңіздің өзінен  тыныштық аңсаған елдің тілегі сезіледі. Елге төнген нәубеттен ерте есейген боларсыз?

– Соғыс зардабын ол кезде түсінетін жаста емеспін. Бірақ өзімізбен бірге ойнаған Жақыпбек Қожахметов, Жаппарбек Үмбетовтер көктем шығысымен сабаққа жалаңаяқ келетін. Жоқшылықтың әсері ғой. Біздер ауқаттылау отбасы болғанымызбен  жазда аяғымызға презент туфли, қыста керзі етікпен телегрейка киетінбіз. Ал бірінші сыныптан бастап жүгері собығын аршу, кейінірек бидай ору, арық қазуға да жіберетін. 6-7 сыныптан бастап өгізге байланған шөп оратын машинкаға отырып,  шөп ордық.

Шамамен 1947-1948 жылдар болу керек,  «Көктөбеде» отырғанда «ауала, ауала» деп шешен ағайындар үйлерге келетін. Біз олардан қорқатынбыз. Сөйтсек ашқұрсақ болып тамақ сұрағандары екен. Осындай қиыншылық басымыздан өтті. Біз өзге ұлт өкілдеріне де құшағымызды кең ашып паналаттық, бір нан жесек жартысын соларға берген күндеріміз болды.

– Жаныңызға жақын туған жеріңіз туралы айта кетсеңіз…

– Туған жердің топырағынан нәр алдым. Біз өскен жерде сексеуіл, селеу, жыңғыл, шеңгел, алабұта, кекіре, есекмия, қамыс, бидайық, ажырық, жантақ өскен. Құттыбай құмы басынан көсік, жуаны талай тергенбіз. Сондай-ақ қырғауыл, қоян, қарсақ, мәлін, шибөрі, байғыз, атшакөкек, сауысқан, қара қарға, шымшық, бозторғай, көлдерде балықшы, тырна, қаздар қауқылдап жатса, Қаратабан жайлауынан әсіресе кешкілік қозы мен лақтар маңыраса, сиырлар мөңіреп, жылқылар кісінеп жататын. Менің балалығымның бейнесі осындай көріністерден тұратын. Ең қызықты шақтар еді ғой. Біз ойнаған, жүрген жерлер Құмарал, Доңғал, Тұзды құмы, Қаратабан, Басар арығы, Іздібай көлі мен «Қырық жайын», «Бала кеткен», «Сасықөзек» біздердің жүрген жеріміз. Атынан көрініп тұрғандай көлден қырық жайын ұсталған, ал «Бала кеткен» жерден бала суға ағып кеткен. Қазіргі күндері бұл жерлерде су жоқ деседі. Бұлар түгіл Жаңаталап ауылы ішіндегі арықтарда су мөлшері өте аз. Ол тұста доп таяқпен, асық ату ойынын, кей кезде арықтар мен көлде қатқан мұз үстінде сырғанақ тебу, кейіннен конькимен жүгіретінбіз. Бірақ мен асықты нашар ойнадым. Ағам Жәкең ұтып жинап берген асығын бір жетіде-ақ ұтылатынмын. Жаяу жарыс, күрескен кездеріміз де болды. Көбіне-көп «Бәлей тама» қасындағы сайда күресетінбіз. Ол кезде кино, концерт өте сирек болады. Әртістер де сирек келетін. Ағайындар жиналғанда «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Мұңлық-Зарлық» секілді жырларды оқып беретінмін. Ауыз әдебиетіне деген ықыласым бастауышта басталды.

Мен ауылда өсіп-жетілгенімді мақтаныш тұтамын. Сондықтан да әрдайым туған жерге асығамын.

– Мемлекеттік қызметте жүріп, зерттеу ісіне араластыңыз, қиын болған жоқ па?

– Өмір жолыма қарап отырсам, мемлекеттік қызметте 19-20 жылдай еңбек еттім. Қай қызметте болсын адал болуға, әрбір істі жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Тіпті 1985-1990 жылдардағы қиын кезеңде ауданның бірінші басшысы марқұм Жолдасбек Ердешев бір үлкен мәжілісте: «Тереңөзекке келетін инеден бастап көлікке дейін мына Дайрабаев басқарады» деген сөзі есіме түсіп отыр. Ол кездері мұндай тапсырманы орындау үлкен жауапкершілік еді. Осы сөзден-ақ еңбекке деген жауапкершілігімді білерсіз.

– Өзіңізбен тұстас қаламгерлер сіз туралы есімі Тынышбек болғанмен, керісінше тыным таппайтын, тың ізденістерден қол үзбейтін ширақ жан деп баға беріпті. Сіз осыншама алапат күш-жігерді қайдан аласыз?

– Ол рас, әрине, біреу өтініш немесе ұсыныс айтса, соны орындауға тырысамын. Менің тынымсыз, бірақ тындырымды еңбегімді кезінде бағалаған Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов, Алдаберген Бисенов, қоғам және мемлекет қайраткері Алмагүл Божановалар болды. Олар осы сөздерді жиі қолданатын. Еңбек сүйгіш қасиетті ата-анадан, туған жер топырағынан алған болармын. Алапат күш деп отырғаныңыз менің еңбегім туралы болар. Ең алдымен адам туып-өскен жердегі белгілі тұлғалар Жәрімбет, Үбіс, Сәдір, Сәтбай билермен қатар Бәйтік-Тоғанас батырлар, ақын-жыраулар Жұбанияз, Жарылқап, Қосназар, Әбдікәрім Оңалбаев, Асқар Қожахметов, ел ақсақалдары атанған Дайрабай, Майлыбай Бекбергеновтер, Нұржан Жұдырықов, Әбжәлел Қожабаев, Шайымбет Есов тағы басқаларды көріп өстік. Менің бақытыма білгір де, шешен болған ақсақалдардың біразын көріп сөйлескенім бар. Олардан ел мен жердің тарихын, елден шыққан қоғам қайраткерлерінің есімдерін тани түстік. Солардың бірі де, бірегейі – Темірбек Қараұлы Жүргенов. Бұл кісі туралы (1969) диплом жұмысын жазып, 1998 жылы алғашқы кітабымды жазған едім.

– Арғы тектеріңізде ғұлама ғалым кісілер болып па еді? Әлде сізді шыңдаған ұстаздарыңыз болды ма?

– Өз бабаларымды атап айтсам ақындығы мен ғұламалығы бар адамдар жоқтың қасы. Бірақ көне сөздің күмбіріндей болған елге ақсақалдық жасаған, бүгіндері сөздері ел арасында қалған Дайрабайдың өзі не тұрады. Ұстаздарыма келсек кезінде мектеп директоры болған Қытайы Бегімова, Мұзарап Шотықов және өзге де ұстаздарды қосуға болады. Айтпақшы 1969 жылы КазГу-ды бітіріп Тереңөзек аудандық газетінде қызметке тұрар кезімде, үйге ұстазым, ақын Асқарбай Қожахметов келді. Қызметке тұруыма әкемнің қарсылығын естіп келген болса керек. Әңгіме барысында «Мәке, баланың жолын бөгемеңіз, қызметке жіберіңіз» деп әкемді көндіргені бүгінгідей есімде.

– Ешкімнен ешнәрсе сұрамай-ақ сонау ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында ұлт рухниятына әркезде де айрықша еңбек еткен баға жетпес мол мұраларды жинап қоймай оны жарыққа шығардыңыз. Бір ауыл, аудан емес Сыр елінің мол тарихын әзірлей отырып, Қазақстан тарихында беймәлім жатқан тұлғаларды тірілттіңіз. Осы жайын сөз етсеңіз…

– Расында,  сонау 1959-1960 жылдарда басталған ауыз әдебиетіне деген құмарлық мені осы жолға салды. Тарихи дүниелерді зерттеумен, оны жазумен айналыстым. Шежіре, ауыз әдебиет мұрасын, жазба құжат арқылы дәйектеп отырдым. Бір ғана Сыр еліндегі ру-тайпалардың белгілі аудандары ғана емес Арқа, Ақтөбе, Өзбекстанның Тамды өңірлерінен қалам сілтедім. Зерттеу мен зерделеудің нәтижесінде 1991 жылдан бүгінге дейін тарихи-танымдық 30-дан астам кітап шығардым. Мемлекеттік тапсырыспен 3 кітабым ғана шықты. 2006 жылы зерттеуші, фольклорист Мардан Байділдаевқа арнап «Мардан» атты кітапты құрастырдым. Өтініш айтушы сол кездегі аудан әкімі Марат Есенов болатын. Олар баспахана шығынын төлеп берді. Тағы да Жалағаштан өтініш түсіп «Жалағаш жері – жыр кені» атты кітапты (ақын-жазушылар, журналистер топтастырылған) 2008 жылы баспадан шығардым. Ол тұста аудан әкімі Өмірбек Шәменов еді. 2009 жылы «Сырдария» (Тереңөзек) ауданы атты еңбекті шығардым. Аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев болатын. Жоғарыдағы үш кітаптан бірде-бір қаламақы алған емеспін. Мен сұрамадым, олар үндемеді. Еңбегімнің ел игілігіне жарап жатқанына қуандым.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Шәкірттерім бар. Олар Қали Омаров, Құрманғали Ашанов, Ғабит Тұяқбаев, оларға Бақытжан Ахметовті де қосуыма болар.

– Өзіңіз секілді зерттеуші, зерделеуші болу үшін қазіргі жастарға қандай қасиеттер керек деп білесіз?

– Ең алдымен қазіргі жастар ел тарихын, жер тарихын білуі тиіс. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ататек шежіресін жақсы білуі керек. Әрбір жас өз ауылының, өңірдің, бүкіл елдің тарихын терең оқып білгенде ғана зерделілікке жол ашылады. Алдымен ауылдан баста, шежіреңді біл дегім келеді.

– Қазір жаңа технология күнделікті өмірімізге енді. Технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ел мен жер тарихын зерттеу қажет пе? Газет-журналдар құндылығы әлі бағалы ма?

– Көпшілік жастар технологияны меңгеріп жатқан тұста (электронды жазба) мол мүмкіндіктерді пайдалана отырып газет-журналдарды, кітаптарды шығару керек. Өйткені газеттердегі аса маңызды мақалалар мен зерт­теулердің астын сызып оқығанға не жетсін.

– Сыр жұртына айтар тілегіңіз…

– «Сыр – Алаштың анасы» деген қасиетті де қастерлі сөздерге біраз маңыз берген жөн. Сыр халқының мәдениеті мен өнер-білімі, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы әр тұста ел басқарған азаматтардың жұртшылыққа жақын болып, олардың талаптарын әрдайым орындауға баса назар аударғаны дұрыс.

Сұхбатты жүргізген Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: