ҚР Премьер-Министрінің м. а. Ә. Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жөніндегі кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Ә. Смайылов Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын пысықтауды және Маңғыстау облысында сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдетуді тапсырды.
Сұйытылған газ сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізудің қолданыстағы қағидаларын пысықтау, сұйытылған газды электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға ауыстыру.
Тиісті мемлекеттік органдар сұйытылған газды өткізу кезінде бағалық сөз байласу және өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізсін.
Батыс өңірлер – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың кешенді жоспарлары өзектендірілісін.
Премьер-Министрдің міндетін атқарушы сұйытылған газ, бензин және дизель бағаларын 180 күн мерзімге мемлекеттік реттеуді енгізу бойынша тиісті нормативтік актіні қабылдауды тапсырды.
Мүдделі мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын мемлекеттік реттеу тетігін енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау мәселесін пысықтап, Үкіметке ұсыныстар енгізуі тиіс.
Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу тапсырылды.
Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктері денсаулық сақтау мен балалар проблемаларын шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды қамтамасыз етсін.
«Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды», деді Ә. Смайылов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!