Сенбі, 21 желтоқсан, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлт тағдыры талқыға түскен сәт

05.01.2023

677 0

Сурет ашық дереккөзден

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы күллі қазақ елі үшін үлкен сын болды. Осынау сындарлы сәтте қарапайым халықты қалқан етіп, залым күштер зұлым ниетін іске асыруға тырысты. Қалаларды қиратып, қарсы кездескенді жайратты. Тәуелсіздікке тірек болған асқаралы арман мен асыл мұраттар адыра

қалғандай әсерде болды.

Ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы талқыға түскен тарихи сәтте бейбіт халқымыздың байсалдылығы мен ел басшылығының батыл қадамдары елдікті сақтап, мемлекетімізді тұрақты қалыпқа қайтарды. Осының арқа­сында еліміз арам ниеттілердің соққысынан аман қалды. Бірақ сол елең-алаң шақта ел-жұрт толқыныстардан  қауіптене түсті. Ол оқиға әлі күнге жұрт жадында. Тарих үшін сол күндерді тағы бір еске түсірдік. Мұндай сындарлы шақтан сабақ алып, екінші мәрте қайталануына жол бермеуіміз қажет.

2022 жылдың 1 қаңтары Жаңажылдық демалыс күндер басталған кез. Билікке бейнеүндеу жолдап, сұйылтылған газ баға­сын төмендетуді талап етткен халық орталық алаңға жиналды. Бұқара базынасына бүкіл ел алаңдады. Газ бағасының негізсіз қым­бат­тауы тіршілікті қиындатты. Халық со­ған наразылықтарын жеткізіп жатты. Жи­налған жұрттың саны көбейе бастады. Адам­дар көшелер мен жолдарды жапты. Ел тыныш­тығын бұзбауға шақырған құзырлы орган қызметкерлеріне ешкім құлақ аса қоймады.

Алғашында Жаңаөзенде басталған бей­біт шеруге Маңғыстау одан өзге өңірлер қосыла бастады. Тұрғындар талап-тілегі де арта түсті. Осы кезде халық арасына арандатушылар түсіп, елдің мақсатын пайда­ланып қалуды көздеді. Ұлт бірлігіне жік салып, тыныштығымызды тәрк етуге айла-шарғылар жасауға бел буды.

Осы сәтте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жердегі билік өкілдеріне халықпен диалог орнатып, келісімге келуге шақырды. Үкіметтік комис­сия тобы құрылып, дереу күшейтілген ре­жимде жұмыс істеді. Үкіметтік комиссия белсенді бастамашыл топпен келіссөз жүр­гізді. Автогаз бағасы төмен бағада сатыла бастады. Бірақ бұл елдің өзге өңірлеріндегі қарсылық шараларын тоқтата алмады.

Дәл осы күнгі шерулер бейбіт сипаттан бүлікке ұласты. «Ереуілшілердің» бір тобы мемлекеттік нысандарға шабуылдап, қыз­меттік көліктерді күйретіп, өртеп, сауда орын­дарын тонауға кірісті. Оларға тосқауыл қоюға талпынған, қарапайым қызмет маман­дарын соққыға жықты. Арты үлкен үдеріске ұшырап, соңы жаппай көтерілске шығумен жалғасты.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда «Қаңтар оқиғасы» кезінде 232 адам қайтыс болған. Қайтыс болғандардың 19-ы әскери мен күштік құрылым қызметкері екені анықталған.

Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облы­сында мемлекеттік органдардың 42 ғима­ратына зардап келген. Бұл –Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының қала­лары. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 28 млрд теңге республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге жұмсалды.

Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда облы­сында 72 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 5-і терроризм, 2-і адам өлтіру, 1-і жап­пай тәртіпсіздік, 4-і қаруларды жымқыру, 4-і билік өкіліне қатысты күш қолдану, 2-і лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және 54-і басқа деректер бойынша қозғалған.

«Қазақ әдебиеті» газетіне қаламгер Ұлықбек Есдәулеттің мынадай пікірі шығып еді.

– Қазақстан қасіретті күндерді басынан кешірді. Жаңа жылдан кейін жойқын құйын­дай жайпап өткен кесірлі, кесапатты оқиға республика халқына ауыр тиді. Күн сайын сан түрлі жаманат хабарды естіп жанымыз түршікті. Ащы тарихтан халық қана емес, билік пен құқық қорғау орындары да сабақ алғаны аса қажет. Егер осы жастар алаңға шықпаса, жемқорлықтың жеміне айналған халықтың мойнындағы қамыты сыпырылмас еді, үміт оты жанбас еді. Бұл – мойындауға тиісті шындық. Ең бастысы – екі тізгін бір шылбырды берік қолға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің еңсесін түзеуге бет бұрған батыл да шешуші қадамдарына ел дән риза болдық. Жарқын келешек жолында жұртымыз көптен күт­кен жаңа, оңды өзгерістер болатынын, өр­кендеу жолына түскен жаңа Қазақстан кел­беті қол бұлғап тұрғанын бағамдадық. Тарих талқысында не көрмеген халықпыз?! Салымыз суға кетіп, сағымыз сынбасын. Еліміздің іргетасын ұстап тұрған бірлігімізді қадірлейік, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.

Т.БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: