Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫ: кім қайда жұмсай алады?

05.01.2021

3936 0

Президенттің өткен жылғы Жолдауында зейнетақы жинағының бір бөлігін ел игілігіне пайдалануға беру жайын атап айтуы көпшіліктің үмітін оятты. Шынында да, жылдар бойы жинаған зейнетақы жинағын кейде қажетіме жаратсам деген арман кімде де бар екені жасырын емес. Содан да болар, бұл жаңалық жыл бойы қызу пікірталас туғызды. Себебі кім-кім де жинағының бір бөлігін алудан үмітті болатын.

Жаңа жылдың екінші күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Бұл заң ел азаматтарының зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Жинақтағы ақшасынан үмітті ел үшін жағымды жаңалық. Әрине, зейнетке жинаған қаржыны халықтың барлығы жаппай ала аламайтыны әу баста айтылды. Дегенмен «кімдерге бұйырады?» деген сауал қоғамда жоқ емес. Көп көкейіндегі сұрақтың нақты жауабы да бар. Сонымен…

Заңға сәйкес ел азаматтары жина­ғындағы қаржысының бір бөлігін тұрғын үй-жайын жақсартуға, емделуге және жеке компанияларға басқаруға беру құқы беріледі.

Жаңалыққа құлақ түрген көпшілікке еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов жинақтағы ақшаны пайдаланудан үміттілер 3 санатта қарастырылатынын жеткізді. Атап айтқанда:

Біріншіден, Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорында жинағы бар, тиісті жаста «жеткілікті шегінен» асатын сомасы бар жұмыс істейтін азаматтарға жинағының бір бөлігін пайдалана алатын құқық беріледі. Елімізде мұндай мүмкіндікті пайдаланатын 760 мың шамасында тұрғын бар екен. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуы тиіс.

Екінші санат – зейнеткерлер. Оларға зейнетақы жинағының 50 процентін алуға болады. Бұл үшін базалық зейнетақы мен мемлекет тарапынан қосылатын зейнетақыны қоса есептегендегі сома зейнетке шығар алдындағы табыстың 40 процентінен кем болмауға тиіс. Бұл санатқа жататындардың саны шамамен 170 мыңға жуық. Оларға орта есеппен әрқайсысына жарты млн теңгеден келеді екен.

Үшінші – зейнетақы аннуитетін рәсім­­деген және БЖЗҚ-да жинағы бар аза­маттар. Бұл санат бойынша орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді екен.

Сонымен еліміз бойынша 721 мың азамат зейнетақы қорындағы жинағы­ның бір бөлігін мақсатты пайдалана алады. Мәселен, жер телімін алуға, екінші дең­гейдегі нарықтан үй алуға, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе толық жабу, баспана салуға, жөндеуге немесе кеңейтуге жұмсай алады. Тұрғын үй мәселесіне қатысты уәкілетті опера­тор – «Отбасы» банкі. Бұл орайда «Отба­сы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова халыққа ыңғайлы онлайн платформа қосылатынын жеткізді. Халық тиімді платформа арқылы өтініш беріп, жинағының бір бөлігін қайда жұмсайтынын таңдай алады. Яғни зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін есік жағалап, уақыт жоғалтпайды.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй мәселесін шешумен қатар, емделуге бағыттауға да болатыны айтылған. Сонымен қатар жеке компанияларға басқарауға беру құқы берілетінін атап айттық. Бұл туралы  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева:

 – Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін инвестициялық кірісті ескере отырып, жинақтар деректері де Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады және одан әрі бұл жинақтар кесте бойынша немесе зейнетақы аннуитеті шарты жасалғанға дейін төлем­дер үшін пайдаланылады. Яғни жеке бас­қарудағы бұл ақша зейнетақы жүйесінен шықпайды және салым­шының еңбекке жарамсыз болған жаста өмір­лік әрекетін қамтамасыз етеді. Бұған қоса компанияның қаржылық тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке капитал, зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілігі, инвестициялық портфельді басқару тәжірибесі және зейнетақы портфелі шеңберінде сатып алынуы мүмкін қаржы құралдарының тізбесі бойынша талаптар енгізілді. Егер басқарушы компания ұсынатын нақты кірістілік нормативтік-құқықтық акт деңгейінде белгіленетін кірістіліктен аз болса, басқарушы компания заңнама шеңберінде салымшыға өз қаражаты есебінен туындаған айырманы өтейтін болады. Бұл бір жағынан салымшы үшін қосымша кепілдік белгілеуге, екінші жағынан инфляция бойынша мемлекет кепілдіктерін іске асыру бөлігінде бюджеттің әлеуетті міндеттемелерін қысқартуға мүмкіндік береді, – деп түсіндіреді.

«Жеткілікті шек» дегеніміз не?

Заңда көрсетілгендей, жинақтағы ақшаның бір бөлігі кез келгенге берілмейді. Азаматтардың жасына қарай жеткілікті шек белгіленген. Жеткілікті шек дегеніміз – есепшотта қалуы тиіс ең төменгі сома. Мәселен,  20 жастағы азамат үшін жеткілікті шек –

1 млн 720 мың теңге. Әрі қарай жасына байланысты жеткілікті шек белгіленген. Жеткілікті шектен асатын қаржыңыз болса, мақсатты жұмсауға өтініш бере беруіңізге болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: