Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауапта мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-анаға зейнетақы қалай тағайындалатынын түсіндірді, – деп хабарлайды «Айқын» ақпарат.
– Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-ананың ерте зейнетке шығуы және зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аудару мәселесі қолданыстағы заңнамамен реттелген. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды ерте зейнетке шығарған жағдайда олардың зейнетақысы өте төмен болады. Себебі жеткілікті зейнетақы алу үшін азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тұрақты қатысуы қажет. Жинақтаушы жүйеге қатысу мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді, – деп жазылған жауапта.
Премьер-Министр жасы 18-ден асқан мүгедек баланы асырағаны үшін ата-анаға қанша айлық төленетінін де атап өтті.
– 2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оған сәйкес мүгедектігі бар балаларды (18 жасқа толғаннан кейін) тәрбиелеп отырған ата-аналар жеке көмекші ретінде жұмысқа қабылданады. Жеке көмекшілерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жалақы (128 716 мың теңге) төленеді. Сондай-ақ тиісті жарналар, соның ішінде міндетті зейнетақы жарнасы аударылады. Осылайша, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың зейнеткерлік жасқа жеткен кезде қажетті еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарының сомасы жинақталады. Бұл оларға кейін тиісті деңгейде зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Ал мүгедектігі бар баласы 18 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне ай сайын мемлекеттік жәрдемақы (74 428 теңге) төленеді және оған қоса баланың мүгедектігі үшін жәрдемақы төленеді, – деп жазады Олжас Бектенов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!