Сенбі, 07 желтоқсан, 19:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

«Қалаулымды» көретіндер кім?

11.06.2022

1114 0

Бүгінде «Қалаулым» – рей­тингтің ең басында тұр­ған бағдарламаның бірі. Ел  болып жұмылып  бұл бағдар­ламаны жабуға тырыссақ та мүмкін болмады. Себебі көрермені өте көп. Көк жәшік­ке телміргендер осы бағ­дарламаны көруге асық. Негізі бағдарламаның мақсаты – екі жасты жұптастыру, шаңырақ құруға  ұйытқы болу. Алайда бұл бағдарламада халқымызға жат қылықтар көрініс береді. Мәселен, біздің салтта қашан қыз жігітті айттырып келген. «Қалаулымнан» қалаулы жі­гіттерін іздеп келген қыз­дарды көріп, талай мәрте жағамды ұстадым. Қыз айттырған халық­тың «Қыз жігітті айтты­рып келді» дегенін бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл бағдарламада мұны да көрдік. Оларда ұят, намыс жоқ па? Өн бойы инабаттылық пен ибалылықтан құралған қыз баласына жат қылық. Бұл жерде қыз бала­сының биязы­лығы бай­қалмайды.

Ел ішінде «бір жігітке се­гіз қыздан келеді» деген сөз де бар. Алайда дәл осылай қыз­дың жұрт алдына шығып, жігіт іздеуі әбестік емес пе? Ұнату, ғашық болу, танысу арқылы өз жұбын таба алмай ма?

Осы бағдарламаға барып, нені көздеп отыр? Мақсаты не? Танымалдылық болар… Мұндай танымалдылықтың кімге, қандай пайдасы бар? Бұл біздің ұсақталып бара жатқанымыздың, батыстың теріс қылықтарын көргеніміз­дің пайдасы ма, әлде?

Қазіргі кейбір қыздардың махаббаттан тайынбай, ер-аза­матқа «сені ұнатамын», «іздегенім сен» деген сөз­деріне етіміз үйренген се­кілді. Әрине, бұл қазақ халқына өте жат нәрсе. Ал тепсе темір үзетін жігіттердің өзінің жарын бағдарламаға барып іздеуі үлкен қателік. Шыны керек, осындай қыз-жігіттердің кесірінен біздің тәрбиеміз бен санамыз жоғалып бара жатқандай. Тікелей эфирде отырып өз-өздерін көрсету үшін не бір жат қылықтар жасалып жатқанын байқаймыз. Келе­шекте жас буынға қандай тәрбие береміз? Сондықтан үлгі алар өнегесі жоқ бұл бағдарламаны жабу үшін әрекет еткеніміз жөн болар. Қыз – болашақ ана. Ұлтты тәрбиелейді. Теріс тәрбиеде өскен қыздар ертең өз ұр­пағына қандай өнеге айтып, тәрбие береді? Ойланайық… Ой тастайық…

Арайлым ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: