Жексенбі, 24 қараша, 01:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жаңа министрліктен не күтеміз?

21.06.2022

759 0

Әбу Насыр әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ғылымды дамытпай, экономика мен әлеуметтік жағдайды түзеу мүмкін еместігін түсінді. Сондықтан да озық білім мен инновациялық технологияларды дамытуға көңіл бөлді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлуді ұсынған болатын. Оның бірі тек ғылым және жоғары біліммен айналысады. Президенттің сөзінше, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыратын Ұлттық пікір айту жүйесін құру керек. Бұл қадам қазақстандық ғылыми журналдардың әлеуетіне серпін береді.

Сонымен елімізде Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктері құрылды. Президент Жарлығымен Оқу-ағарту министрлігін Асхат Аймағамбетов басқарады. Ал Ғылым және жоғары білім министрі болып Саясат Нұрбек тағайындалды. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ инклюзивті білім беру мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері Оқу-ағарту министрлігіне берілді. Ал жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Ғылым және жоғары білім министрлігіне өтті.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл шешім Білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды болып табылады. Сонымен қатар осы саланы дамытуда Президенттің алға қойған міндеттеріне назар аударуға мүмкіндік береді.

Жаңа жұмысына кіріскен Ғы­лым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан ғылымын танымал ету маңызды екенін айтып өтті. Оның айтуынша, жаңа министрліктің басты бағыттарының бірі – ғылымды дәріптеу. «Қазір ғылымды қайтадан танымал, қызықты ету, ғылыми мансаптан үлкен мансаптық трамплин жасау өте маңызды. Әлемді және елімізді алға жылжытып, жақсартатын адам ретінде ғалым мәртебесін қайтаруымыз керек» деген ол БАҚ-қа берген сұхбатында.

Қазіргі уақытта әлемдегі эко­но­микалық тұрғыда дамыған ел­дердің аса маңызды бәсекелестік артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар екені белгілі. Сондықтан да жастар білімге ұмтылып, оларға мемлекет тарапынан қарқынды қолдау көр­сетілуі қажет. Соңғы жылдары үкімет дарындыларды іздеу мен қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта 40 процентке жуық студент осы саланың биік белестерін ба­ғындырып жүр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылым саласында 21782 адам қызмет атқарады. Олардың үштен бірінің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы, 293 ғылым докторы атағына ие.

2020 жылы ҒЗТКЖ кәсіпорын­дарының саны 373-ке жеткен, олардың 50%-дан астамы бизнес және коммерциялық емес сек­торларға тиесілі.

Осы жылдың наурыз айындағы мәліметке сүйенсек, ми­нистр­лік 10 басым бағыт бойынша қазақстан­дық ғалымдардың 1169-ға жуық ғылыми зерттеуін қаржылан­дырады, оның ішінде 317 гранттық жоба жас ғалымдарды қолдау мақ­сатында ұйымдасты­рылған. Бұл көрсеткіштерге қарап, ғылым саласын ұдайы дамытуға, перспективасы бар ғылыми зерттеулерді қолдауға, ұлтымыздың зияткерлік  әлеуетін арт­­тыруға айрықша көңіл бөлініп келе жат­қанын аңғаруға болады.

Ел боламын десең, білім мен ғылымды түзе. Президент Қасым Жомарт-Тоқаев елімізде білім беру мен ғы­лым­ды дамыту үшін бірқатар мақсат қойды. Министрліктің екіге бөлінуі де осы талаптарды орындау мақсатында жасалған жұ­мыстардың негізі секілді. Яғни Мемлекет басшысы алдағы уақытта ғылымды дамытуға аса маңызды басымдық беріп отыр. Қазақстанда ғылымды дамыту саласы әлемдік үдеріспен қатар келе жатпағаны белгілі. «Жаңадан құрылған министрлік осы бағыттың дамуы үшін қандай қолдау жасауы мүмкін?» – деген сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

Өркениет

өрісіне бастаған қадам

– Ғылымның дамуы – елдің дамуына септігін тигізетін негізгі фактор. Жаңа Қазақстанды құру­да ғылым жаңалықтары мен жетістіктерінің маңызы зор. Сон­дықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, елдегі жоғары білім сапасын арттыру мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігін құрды. Осы арқылы жоғары оқу орындарының халықаралық стандартқа сай дамуы үшін келелі жұмыстар жүзеге асырылады деп білемін.

Соңғы екі жылда ғылымды республикалық бюджеттен қар­жы­ландыру 2 есеге өсті. Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2020 жылы – 5, 2021 жылы – 6 кон­курс өткізілді. Бұл өз кезегінде Қорқыт ата университетінің ғылы­ми жобаларын қаржыландыру дең­гейінің елеулі өсуіне әкелді. Мы­салы, БҒМ Ғылым комитетінің грант­тық қаржыландыруы негізінде 2021 жылы 11 жоба орындалды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20 процентке артық. Биыл жас ғалымдар жобаларын 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қар­жыландыру конкурсында 1 жоба жеңімпаз атанды. 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына уни­вер­­ситет ғалымдарының 21 жобасы Ұлт­тық мем­лекет­­тік ғылыми-техни­калық сарап­та­ма ор­талығы са­рап­­тамасынан өту­де. Одан бөлек, об­лыстық бюджет­тен бө­лінген қаражат негізінде жыл сайын архео­логия­лық қаз­ба жұмыстары жүр­гізілуде.

Жаңа министрліктен не күтеміз?

Ел Президентінің «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әлемнің ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды бір жылдық тағылымдамадан өткізу міндеті қойылғаны белгілі. Біздің уни­верситеттің 7 ғалымы АҚШ, Гер­мания, РФ, Беларусь елдерінің ғылыми орталықтарында кәсіби құзыреттіліктерін дамытуда.

Соңғы жылдары ғылым сала­­сында біршама өзгерістер орын алуда. Жаңадан құрылған министрліктің алдында осы салада туындаған түйткілді мәселелерді шешіп, отандық ғалымдардың хал-ахуалын жақсарту міндеттері тұр. Сонымен қатар ғалымдардың санын көбейту, ғылыми эко жүйені нығайту сияқты мақсаттар қойып отыр. Ал ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арт­тыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда болмақ.

Жаңа Қазақстанды құруда ғалымдарға зор жауапкершілік артылып отыр. Осы жаңа ке­зеңде министрлік отандық ғы­лымды дамытып, елімізді өр­кендетуге сү­белі үлес қоса­тын маңызды құ­рылым бола­тынына сенемін,  – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетінің ректоры, фило­логия ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова.

Ғылымды дамыту –маңызды міндет

– Соңғы жылдары «Педагог статусы» деген заң қабылданған кейін жастар арасында педагог мамандығы­на деген қы­зығу­шы­лық пайда болды. Мұға­лім­дердің мәр­тебесі жо­ға­рылады, айлық табысы кө­те­­рілді. Сол себептен де ға­лымның стату­сы тура­лы заң қа­был­дайтын  болса, ғы­лымның мәртебесі өсер еді. Көп адамдар педагогикалық пен ғы­лымды шатастырып жа­тады. Негізі екеуі екі бөлек дүние. Мәселен, педагог жақсы, мықты оқытушы болғанымен ғалым ретінде әлсіз болуы мүмкін. Ғалым  мен педагогты шатастырмау қажет. Қазіргі таңда ғылымды қаржыландырудың көз­дері бар. Дегенмен дамушы ел­дермен салыстырғанда біздің елде ғы­лымға бөлінетін қаржының мөлшері аз. Сондықтан да осы салаға бөлінетін қаржының мөлшерін көбейту қажет. Жас­тардың ғылым саласына кел­меуінің себебі тұрақты табыс жоқ. Басқа да мемлекеттік қызметкерлер тұрақты жалақы алады. Ал ғылымда жоба ұтып алған уақытта ғана ақша бөлінеді де, келесі жылы табыссыз қа­лады. Ғылымның қиын жері осы. Сондықтан да бұл саланы жас ғалымдар тұрақты айлық алатындай қамтамасыз ету керек. Осындай кедергілер Қазақстанда ғылымды дамыту кенжелеп қалғанын көрсетеді.

Иә, бүкіл ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуі қар­жыға келіп тіреледі. Мысалы, химия, биология, физика, медици­на, техникалық ғылымдар, ауыл шаруашылығы ғылымдары – бар­лығы қаржыны қажет ете­ді. Зерттеу үшін қаншама лабора­ториялық база, реагенттер, хи­миялық ыдыстар және тағы да басқа қондырғылар керек. Олар болмаса, ешбір ғалым ешқандай зерттеу жүргізе алмайды. Ғылыми зерттеу жүргізетін зертханалар болмай, «ғылымды дамытамыз» деу – бос сөз.  Ғылыми қаржылан­дырудың базалық, бағдарламалы-нысаналық және гранттық деген үш түрі бар. Базалық қаржыландыру ғылыммен айналыспайтын, бі­рақ ғылыми мекемеде жұмыс істейтін бухгалтер, кадр маманы, еден жуушы сынды мамандарға тұрақты түрде жалақысын тө­леуге, жарық, су, жылуға кететін шығынды өтеуге беріледі. Бағ­дарламалы-нысаналы және грант­тық қаржы­ландыру тек кон­курстық негізде өткі­зіледі. Яғни, жобасы өтпей қалған ға­лымдар қар­жысыз қа­лады.

Ғылым және жо­ғары білім министр­лігінің құрылуы біз үшін қуанттарлық жайт. Сонымен қатар Президент Ғылым ака­­демиясын дамыту ту­­ралы да айтып өтті. Айта кететін жайт, Ғылым ака­демиясында жасы үл­кен ескішіл ғалымдар әлі де бар. Сондықтан да бұл салаға да жаңа көзқарастағы жастар келуі қажет. Жастар ғылымның дамуына сер­пін беріп, өз үле­сін қо­сады деп ой­лаймын. Біздің ел­дің жоғарғы оқу орындарында ға­лым дайындап шығатындай толық мүмкіндік бар деп айта алмаймыз. Техникалық ғылым саласын дамытуға мем­лекет қызы­ғушылығы болуы қажет. Осындай мүмкіндіктер арқылы елімізді дамытуға мүмкіндік болады.

Жаңа министрліктен не күтеміз?

Қай ел ғылымға көбірек қар­жы бөлінсе, сол елдің эко­но­микасы да, ғылыми әлеуеті, әлеу­меттік жағдайы да жоғары. Яғни, бәрі ғылымға тәуелді. Ал кіш­кентай ғана қаржы беріп қойып, «біздің ғалымдар ешқандай нә­тиже бермейді» деу дұрыс емес. Шынын айтқанда, жастардың қы­зығушылығын арттыру қаржы­ға келіп тіреледі, – дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің зерттеуші-про­фес­со­ры Нұрбол Аппазов.

P.S. Ғылым, білім – өте маңызды. «Білімді мыңды жығады» деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді адам ғана барлық қиындықтан өтіп, биік белеске жетеді. Мемлекетіміздің болашағы білімді ұрпақ қолында екені анық. Сондықтан да жастар берілген мүмкіндікті пайдаланып, білімді болуға,  ғылымды зерттеуге  ұмтылу қажет. Бұл өзгеріс еліміздің оқу-ағарту, жоғары білім мен ғылым саласына тың серпіліс әкеледі деп сенейік.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: