Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жастарды бөлу қоғамды бөлшектеуге әкелмей ме?

27.09.2022

1657 0

Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қосуда. Мақтанарлық жайт, барлық өңірде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып жүр.

Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет табысқа жете алатыны сөзсіз. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылуда. Жастарға жағдай жасап, қажетті қолдау көрсету – алға қойған нақты мақсаттың бірі. «Бүгінгі заман, болашақ білімдіге тиесілі» дейміз. Осы тұрғыда ел сенімін ақтайтын жас ұрпақтың білім алуы мен жұмыспен қамтылуы үшін күш біріктіре жұмыс істеген жөн. Дегенмен бізді алаңдататыны, не жұмысы, не оқуы жоқ жастар. Оларды бүгінде маргинал немесе NEET санатындағы жастар деп айтады.

Сонымен NEET санатындағы жастар не істеп жүр? Алдымен «маргинал» сөзіне түсінік бере өтсек. Бұл сөздің мағынасын білу үшін филология ғылымдарының кандидаты, ҚМУ профессоры Аман Абасиловке хабарласқан едік.

– Ғылым тілінде айтсақ  – маргиналдар, қазақша айтсақ – мәңгүрттер деп аталады. Олар ара­лықта қалып қойғандар, оларда ешқандай қасиет жоқ деп айтуға болады. Сонымен қатар «маригинал» қоғамда қалыптасқан құндылықтар мен идеяларды мойындамайтын, оқшау адам және өзіндік пікірі жоқ» деген де түсінік бар.

Бүгінде маргинал жастар деген сөз қалыптасты. Жастарға бағытталып айтылған сөздің де мағынасын осылай ашып айтуға болады.  Яғни олар алдарына мақсат қоя алмайды. Қолы бос, уақыты көп. Әркімнің сөзіне еріп жүре береді. «Бөлінгенді бөрі жейді», – деген мақал бекер айтылмаған.  Жастарды әр түрлі санатқа бөлгеннен ештеңе ұтпаймыз. Елімізде тұрақтылық болуын қаласақ, жастардың болашағын ойлаған жөн. Сондықтан да жұмыссыз жүрген жастарды қандай да бір ортаға бейімдеп, жұмыс істеуге ынтасын арттыру қажет. «Жұмысы  жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген. Қоғам азбасын десек, жастардың жұмыссыз жүруіне жол бермеген дұрыс, – дейді ғалым.

NEET санатына «оқуға, еңбек­тенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі төмен, жауапкершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың жалпы жиынтығы» деп түсініктеме берген. Бүгінде мұндай жастардың көбеюі қоғам дамуына кері әсер етеді. Дамушы елдерде осындай санаттағы жастар санын азайтуды көздейді. Сондықтан да Президент NEET жастар статистикасын жылына кем дегенде 1 пайызға азайтуды тапсырды.

Зерттеулерге сүйенсек, жалпы оқу­мен, жұмыспен қамтылмаған жастар­дың жеті түрі бар. Бірінші топтағылардың білімі мен тәжірибесі бар, бірақ ынтасы жоқ. Екінші топқа жалғызбасты аналар мен бала күтімінде отырған әйелдер кіре­ді. Оған қоса ерте жастан ана атанған қыз­дарды да осы топқа жатқызады. Ал фрилансерлер үшінші топқа, ауыл жас­тары төртінші топқа жатады. Ауыл жас­тарының білігі мен тәжірибесі жоқ, сон­­дықтан қара жұмысқа тартылады. Ден­саулығына байланысты жұмысқа ор­наласа алмайтын мүмкіндігі шектеулі жан­дарды да NEET санатына топтайды. Алтыншы топқа оқуын жалғастыруға ниеті бар, алайда мүмкіндігі жоқ мектеп тү­лектері мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасы жастарын қосады. Ал жетінші топ­­та есірткі мен ішімдікке тәуелді, бұ­рын түрмеде отырған, бейімдеу мен оңалтудан өтіп жатқан жастар жинақталған.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасында бой көрсеткен жандардың басым көп­ші­лігі жастар екені айқын. Міне, дәл осы оқиғаға маргинал жастар қатысты деген пікір қалыптасты. Яғни істейтін жұмысы жоқ, өзімен өзі жүр­ген жастардың мұн­дай оқиғада бой көрсетуіне не себеп? Не оқуы, не жұмысы жоқ жастарды қоғамнан бөл­шектеп жүрген жоқпыз ба?

– Жалпы маргиналды жастарды Neet санатындағы жастар дейміз. Яғни олар өздерін қоғамнан алшақ ұстайды. Өзімен өзі жүрген жастардың мұндай оқиғаға қатысуына біріншіден жұмыссыздықтың  әсері дер едім. Көп жастар өздері қалаған мамандықты бітіріп, сол мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмай жатады. Соның кері әсері қоғамда осы тектес жастардың көбеюіне әкеледі. Осы орайда жастар орталығында «Бос орындар жәрмеңкесін» ұйымдас­ты­рып, жұмыссыз жастарды шақырамыз. Шараны ұйымдастыр­ған кезде Жастар денсаулық орталығы­ның психологтарымен бірлесіп психоло­гиялық ойын түрлері немесе тренингтер ұйымдастырамыз. Яғни оларды қоғамнан бөлектемей, бейімдеу жұ­мыстары жасалады. Әрқайсысымен психолог мамандар сөйлесіп, қоғамдық шараға қатысудың, жұмыс істеудің маңыз­дылығын түсіндіреміз. Жұмысқа тұру­ға мүмкіндіктерін қарастырамыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орта­лығының психолог-кеңесшісі Гүлнұр Сәдуақасова.

Байқап отырсақ, қазіргі уақытта жұ­мыссыздар қатары аз емес. Бір бағытта ғана пікір қозғағанымыз жөн болмас. Мәселен, жастар орталықтары түрлі шаралар ұйым­дастырып жатқанын көре­міз. Алайда олардың барлығына тек өз сала­сында көзге көрініп жүргендер қаты­сатын секілді. Ал жұмыссыз жастармен кім байланыс орнатуда? Жастар орта­лық­тары маргинал жастармен жұмыс істеуге, оларды түрлі іс-шараға қатыс­тыруға құлықты ма? Осы мәселе тұрғысынан зерттеп көрдік.

Талғат Тілес, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры:

– Бүгінде облыстық жастар ресурс­тық орталығы тарапынан жастар­дың бос уақытын тиімді өткізу мақса­тын­да бірқатар шара тұрақты ұйымдас­тырылуда. Атап айтар болсақ, мәдени-спорттық, танымдық, ғылыми түрлі бағытта өткізіліп келеді.

Үздіксіз іске асырылған жобаларды бағамдау барысында жаңа идея туындап, NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру мақсатында «Тәлімгерлік» жобасы жүзеге асуда. Басты мақсат – сандық көрсеткішке емес, сапаға қол жеткізу.

Жастарымызды толғандыратын мә­се­лелер баршамызға айқын. Пробле­малар нақтыланған, шешуге мүмкіндік бар. Тәлімгерлердің тынымды жұмыста­ры­ның арқасында 110 жас уақытша жұмыспен қамтылды.

Барлық деңгейдегі жастар ресурс­тық орталықтарының бастамасымен ұйым­дастырылған үй-үйлерді аралау бары­сында жастардың әлеуметтік санат­тары анықталып, бетпе-бет ақпарат алмасу процесіне арнайы әзірленген сауал­нама бойынша ерікті түрде 87100 жас қам­тылды. Мемлекеттік мекемелердің ұсынған (тоқсандық) 11406 жастың тізімі  жинақталды.

Сондай-ақ 2 жастың орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсуіне ықпал еттік. Мүмкіндігі шектеулі 2 жастың мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грант­ты жеңіп алуға алғашқы қадамдар жасалды.

Әліби Басаров, «Qosyl» жастар орталығының директоры:

– Адамдарға көмек көрсету үшін бай болу міндетті емес, қайырымды болу жеткілікті. Бұл – Қызылорда қаласы жастарының басты ұстанымы.  Бойында қайрат пен жігері бар жастық шақта өңір өркендеуіне үлес қосуды мақсат еткен жастардың арнасы бүгінде бір арнаға тоғысқан. QOSYL жастар ресурстық орталығында олар өз идеяларын жүзеге асырады. Біздің орталықта кез келген жасқа әркез қолдау зор. Жұмыссыз жастар түрлі мәселе бойынша кеңес сұрап келеді. Біз әрдайым қолұшын беруге дайынбыз. Сонымен қатар осы мақсатта үнемі жұмыс атқарылуда. Яғни  мұндай санаттағы жастар қоғамнан бөлшек қалған емес. Керісінше, оларды қоғамға бейімдеу мақсатында түрлі шараларға шақырамыз.

Қызылорда қаласында 68 705 жас болса, оның ішінде қазіргі таңда NEET санатында барлығы 1 896 жас бар. Аталған жастарды әлеуметтендіру мен жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп ақпан айында А.Тоқмағамбетов атын­дағы мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 500-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылып, жұмыссыз NEET санатындағы 200 жасты осы шара арқылы жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілді.

Жыл басынан бері облыстық жас­тар ресурстық орталығының бастама­сымен Тасбөгет кенті мен Титов елді мекендерінде «Мүмкіндіктер алаңы» шаралары мен жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп 2 мәр­те бос жұмыс орындарының жәр­меңкесі өткі­зілді. Қазіргі кезде жұ­мыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздар тізіміне тіркелген жастар саны – 1836.

Қызылорда қалалық жастар ресурс­тық орталығы қала көлеміндегі бос жұмыс орындарының тізбесін әлеуметтік желілер «Jumys.Bar» аккаунты арқылы ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Мем­лекеттік бағдарламалар мен жобаларды насихаттауға бағытталған 5 тікелей эфир, телеграмм арнасында 70 пост жарияланды.

Сонымен қатар жыл басында қала жастарына арналған «Qosyl.Kenes.Bot» телеграмм бот іске қосылып, бот арқылы 4 500 жас кеңес алған. Қала көлемінде қызыл аймаққа енген мөлтек аудандарды анықтап, жұмыссыз NEET санатындағы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қызығушылығын арттыру мақсатында «Аула клубтары» жұмыстарын ұйымдастыру әлеуметтік жобасы жарияланып, қазіргі таңда Тасбөгет кенті мен Титов шағын ауданында орналасқан мәдениет үйле­рінің базасында аула клубтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба ая­сында барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жайлы 2000-нан кем емес үнпарақ немесе кітапша әзірленіп, таратылады. Жыл аяғына дейін сала мамандарын тарта отырып 50-ден кем емес кеңес беру шарасын, 6-дан кем емес көшпелі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйым­дастыру жоспарда бар.

Біреуге қолұшын созу, қолдау көрсету қанымызға сіңген қасиет. Сон­дықтан жастар бірігіп, жақсы істердің бастаушысы бола білгеніміз дұрыс. Бұл орталықтың негізгі мақсаты да – осы. Әрбір жастың жетістігі – біз үшін үлкен мақтаныш.

Түйін. Жастар болашақтың жарқын айнасы іспеттес. Елімізде жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналған бағдарламалар көп. Тек мұндай мүмкіндіктерден біз айтып отырған санаттағы жастар қалып қоймаса болғаны. Жастар мәселесіне келгенде, маргинал  NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеуді басты назарға алу керектігін ұмытпағанымыз абзал.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: