Сенбі, 21 желтоқсан, 17:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Желтоқсан – дүниежүзілік маңызы бар оқиға»

19.12.2022

1403 0

Айтжан Оразбақов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

1986 жыл. Желтоқсан оқиғасы жұрт жадында әлі күнге жаңғырып тұр. Кеңестік жүйеге қарсы тұрған қазақ жастарының отансүйгіштік сезімі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сол кезде бойында ұлттық рухы аспандаған қазақтың өрімдей қыз-жігіттері алпауыт елдің айбарынан сескенбей өз елінің намысын қорғап, орталық алаңға шықты. Солардың ішінде сырбойылық бір топ жастар да болды.

Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздіктің алтын тұғыры. Ата-бабалар аңсаған азаттықтың шырағы жағылған сәт. Осынау тарихи оқиғаның куәгерінің бірі – жерлесіміз, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Айтжан Жұмабайұлы, қанша жыл өтсе де Желтоқсан жүректе жазылмаған жара, тарихта қасіретті күн болып қалғаны рас. Жалпы Желтоқсан оқиғасы өз бағасын алды деп ойлайсыз ба?

– Бұл мәселе күні кешеге дейін жабық күйінде келді. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде ғана осы оқиға төңірегінде ашық айтылып жүр. Өткен 36 жылдың ішінде архив құжаттары жоғалып, ізі суып кеткен сияқты.  Бірақ осы оқиғаның қалай болғаны туралы халық білуі керек. Өйткені осы оқиғаға біреудің әкесі, анасы, біреудің баласы қатысты. Қазақ жастары сол сәтте көшеге шығып, үн қатты. Ел тәуелсіздігін талап етті. Елмен санаспай істелген іске, шығарған шешімге халық наразы екендіктерін көрсетті. Бұл тарих тағылым, тарих сабағы еді. 1986 жылы Колбин басқаруға келгенде ел булығып, бұдан артық қорлауға шыдамайтындарын көрсетті. Бұдан Ресей сабақ алып, басқа мемлекеттер қайталаған жоқ. Бұл дүниежүзілік маңызы бар оқиға болды деп айтуға болады. Сондықтан бұл қазақ халқының ойы, мұңы болып басталды да арты үлкен өзгеріске әкелді.

– Сол жылдарға шегініс жасасақ, қандай оқиға көз алдыңызға келеді?

– 17 желтоқсан күнгі оқу орындарының бос қалған аудиториялары әлі көз алдымнан кетпейді. Оқытушылар жастарды алаңға жібермеуге тырысты деп айтылып жүр. Мен көзіммен көргенді айтайын, бірді-екілі іште жүрген жастарды өздері бастап алаңға барған мұғалімдерді көрдім. Сосын алаңдағы жастар әр жерде ұйымдасып отырды. Бір жерде қолбасшы шығып ұрандар айтады, бір жерде «Менің Қазақстаным» әнін айтып жатады. Бір бұрышта аналар бата беріп жатты. Сондай сәттер есімде қалды.

– Ата-баба арман еткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Әрине, мақтаныш. Дегенмен үлкен жауапкершілік бар. Осы тәуелсіздіктің мүмкіндігін қаншалықты пайдаландық? Ғылым, білім қаншалықты дамыды? Әлі де жазылмаған тарих, айтылмаған зерттеулер көп екені белгілі.

– Рас айтасың. Тәуелсіздік алғанмен оның мүмкіндігін толық пайдалана алмай келеміз. Біз Еуразиялық одақ мүшелігіне ендік. Бұл жерде біздің біршама құқықтарымыз шектеліп қалды ма деймін. Осы одақ құрамында Ресей мемлекеті де бар екенін білесіз. Оларға салынған санкция салқыны бізге де әсер етпей қоймайды. Біз Қытай мен Ресей секілді алпауыт елдің ортасында отырмыз. Сондықтан олармен тату байланыс орнатуымыз керек. Заманауи талапқа сай болудың маңызы жоғары. Жаңа бастамаларды қолға алуымыз керек. Ресей 1986 жылға дейін Қазақстанды өз жеріндей көріп, тың жерлерін игерді. Қажетіне жаратып, құйқалы жерлердің бәрін алды. Сол жылы Алматыда қазақ балабақшасы ашылды. Балабақша ашу арқылы қазақтар мектебін көбейтуді мақсат тұтты. Сол секілді әрбір істі іргетасынан бастап жарату қажет. Дамытатын тұстарымыз көп, жоқ деп те айта алмаймыз. Біздің дамуымызға ешкім кедергі келтірмеуі тиіс. Отандық өнімдер қатарын толықтыруымыз керек. Ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесіне қажетті негізгі өзектерін дамыту ісі жүйелі жалғаса береді деп үміттенемін және сенемін. Өндірісі дамыған шет мемлекет тәжірибелерін қолдана отырып, өзімізге үлгі етуіміз керек деп есептеймін. «Болашақ» степендиясымен оқыған жастардың білімін, еңбек тәжірибесін қолдансақ біздің жетістігіміз бұданда көбейе түседі деп ойлаймын.

– Меніңше, Желтоқсан оқиғасына терең зерттеу қажет секілді. Тарихшы ретінде сіз не айтасыз?

– Желтоқсан оқиғасына терең зерттеу керек. Ең бірінші үкімет тарапынан қозғау болу керек. Мемлекеттік комиссия құрып, желтоқсан оқиғасына қатысқанды ақтау жөнінде шешім шығарылса нұр үстіне нұр болар еді. Осы бағытта жоспар құрылып, оқиға қалай, неден басталды. Кімдерге түрткі болды, ашып айту керек. Жастардың алаңға бір мезгілде келуі тарихшы ретінде мені үлкен ойларға жетелейді. Бір тақырыпта үндеулердің болуы алдын  ала ұйымдастырылғанын көрсетеді. Бұл жерде де халық намысын таптатпау үшін істелген деген ұйғарым тұрады. Жағдайдың қалай өрбігенін толық көрсету керек. Оқиғадан кейін партия жиналысын өткізіп, жазықсыз студенттерді оқу орнынан шығарып жіберді. Аудиторияға кіріп келіп, кім қай облыстан деп тізімдеп жазып алып жатты. Міне мұның бәрі үлкен үрей, үлкен қозғау болды. Сол кезде партия мүшелеріне «Әскер шығарудың орнына мінберге қазақ зиялыларын шақырмадыңыздар ма? Үкімет мүшелері келген кезде жастар қар шөкелеп қуып жіберді. Қазақ зиялылар келсе қар шөкелемес еді ғой. оларды тыңдап алаңнан тарқарма еді» – дедім. Менің осы пікірімді өрескел сұрақ деп танып, маған қатаң сөгіс жариялады. Желтоқсан куәгерлері ортамызда жүрген кезде естеліктерін жазып алып, зерттеу жұмыстарын жүргізу тарих аманаты деп білемін.

– 16 Желтоқсан күніне байланысты әлі де пікірлер екіге жарылады. Бірі – бұл күн Тәуелсіздік мерекесі десе, екінші жақ тәуелсіздікке қол жеткізуге қадам жасаған күн дейді…

– Айтарлықтай айырма жоқ. Екеуінің де маңызы бір. Шынын айту керек, желтоқсан бір жағынан қаралы күн. Қаншама жалынды жастың өмірі қиылды. Тәуелсіздік бастауы деп тойлаған да дұрыс. Бірақ тәрбиелік маңызы бар кездесулер, тарихи сәтке негізделген кинолар қойып, патриоттық әндер фестивалін өткізсе жарасымды болар еді. Ұлттық рух сезілетін әндер орындалса, жастар тәрбиесі үшін пайдасы болар еді. 

– Жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

– Әр дәуірдің жастары өз заманына сай келеді. Біздің кезімізде жастар оқыған кітаптарын айтып, алған әсерлерімен бөлісетін. Соған пікір қосамыз. Оқымасақ ертеңіне міндетті түрде барып, алып оқитынбыз. Өмірлік көзқарастарымыз үйлесіп жататын. Ал қазір мүлдем басқаша. Телефонға таңылған жастар. Бір көшенің балалары бір доппен ойнаушы едік. Топтасып ортақ ой қалыптастыратынбыз. Қазіргі жастар буынына осы жетіспейтін секілді. Білім алуды бірінші мүдде санау керек. Сонда ғана ол өз елінің сенімін ақтай алатын азамат болады.

– Тәуелсіздіктің ең басты құндылығы деп нені атар едіңіз?

– Тәуелсіздің басты құндылығы тіл, жер, экономика. Тілі дамыған, жері кең, экономикасы өркендеген елдің болашағы зор болмақ. Тәуелсіздік – ұлы ұғым, асқақ сезім. Сол биігін жүрекпен сезіну қажет. Қазақтың басты байлығы тәуелсіздік екенін әрбір қазақ шынайы сезінсе, бабалар мұратының орындалғаны дер едім.

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: