Жұма, 08 қараша, 04:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

«Желтоқсанды» жадыңда сақта, жас ұрпақ!»

25.12.2021

1192 0

Тәуелсіздік ықылым заманнан келе жатқан қазақтың арманы болатын. Тәуелсіздік бұл кешегі Желтоқсан оқиғасына қатысқан жүректі жастардың, бүгінде елуді еңсерген намысты жандардың ерлігі. Осынау орны ерек, қазақ халқы үшін қастерлі мереке тұсында Сыр елі тағы бір еңселі ескерткішімен елін қуантты. Қуантты дейтініміз, еліміздің тәуелсіздігі жолында ерліктерімен есте қалған желтоқсаншыларға арнайылап, облыс орталығының «Тағзым» алаңында ескерткіш белгі қойылды.

Желтоқсан оқиғасының құрбандарына қойылған бұл ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ерлігін атап, құрмет білдірді. Сондай-ақ ескерткіштің авторы, мүсінші Жаркен Исмағұловқа ерен еңбегі үшін ризашылығын жеткізді.

– Еліміз тәуелсіздік алған тұста, оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтарды ақтау мақсатында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданып, желтоқсаншыларымыз толық ақталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек. Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы уақыт өткен сайын тереңдей түспек. Сіздердің ерлік істеріңіз халық жадында мәңгілік сақталады, – деді облыс әкімі.

Айтулы сәтте аймақ басшысы мен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Аманбай Қанетов ескерткіш белгісін ашып, Желтоқсан құрбандарының рухына құран бағыштады.

Айта кетейік, бұл ескерткіш белгінің биіктігі 3,55 метр. Еңселі ескерткіш табиғи гранит тастан жасалған. Тек ортасында орналасқан жылқы бейнесі қоладан құйылған. Мүсінде тұлпар мінген жас қазақтың еркіндікке ұмтылып шауып бара жатқан сәті бейнеленіп, «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарына мәңгілік тағзым» деп жазылған.

Қазақ үшін еркіндікті жақындатқан Желтоқсанның орны бөлек. Енді осы ескерткішке қараған әрбір адам жадында Желтоқсан оқиғасы жаңғырып, құрбандарына тағзым ететін болады.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: