Осындайда Қасым Аманжолұлының «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел болғанымыз шын ба?» деген сөзі еріксіз еске түседі. Расында, кешегі тектінің ұрпағы неге бүгін сонша ұсақталды екен? Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, қазір үй көбейді. Тағдыр тоғыстырған жетімдер үйі, аналар үйі, қарттар үйі… Қазаққа жат бұл үйлерде қуаныш емес қамығу, шаттану емес жабығу басым. Бірақ жат та болса, көпшілігі уақытша жылулықты осы үйден тапқан. Қасірет. Қазақтың қасіреті. Жасыратын несі бар, соңғы кезде тастанды балалар көбейді. Өмір-ай десеңші. Біреулер балаға зар болып жүрсе, ал енді біреулері өзінің ұрпағынан безіп, «көкек» ата-ана атануда. Қарап отырсаңыз, әке-шешесінің жіберген қателігінен бейкүнә сәбилер зардап шегуде.
Бүгінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Қазіргі кезде облыс бойынша 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 835 бала бар. Оның 750-і толыққанды отбасында өсуде. Ал 85 бала білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде. Сонымен қатар балалар ауылының түлектерін әлеуметтік қолдау үшін жас жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталығы қызмет етеді. Онда 16-23 жас аралығындағы 29 жасөспірім бар. Оның 12-і жоғары оқу орындарында, 17-і кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында оқиды.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері толық мемлекеттің қарауында. Былтыр асыраушысынан айырылған 95 баланың 80-і қорғаншылыққа, 3-і сәбилер үйіне орналастырылды. Ал облыстық мамандандырылған сәбилер үйінде төрт бала тәрбиеленуде. Бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін сегіз білім бөлімі бар. Олар өз кезегінде заң аясында балаларды асырап алу және тәрбиелеу бойынша жұмыс істейді. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы жанындағы қабылдаушы ата-аналар мектебі әр аптаның сенбі күндері өткізіледі. Оларға екі тілде қашықтықтан курс ұйымдастырылады. Қазіргі кезде 256 үміткер сертификат алды. Ал 45 үміткер қашықтықтан білім алуда, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.
Айта кету керек, «Балаларды патронаттық тәрбиелеуге беру және патронат тәрбиешілерге берілген баланы асырап-бағуға ақшалай қаражат төлеуді тағайындау» мемлекеттік қызметіне өтінішті портал арқылы қалдыра алады. Қазақта «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген тәмсіл бар. Жетім. Қаншалықты суық сөз десеңші. Қазіргі атауы «Балалар ауылы» деп өзгергенімен ол жерді әлі де ата-ана қамқорлығына зәру қаракөздер паналап отыр.
Сонымен қатар аймақта өмірлік қиын жағдайға тап болған сәбилерге сая болатын мекеме де бар. Мұнда туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға психикалық және денсаулық жағдайында кемістігі бар балаларға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ баладан бас тарту қаупі бар отбасыларға психологиялық-педагогикалық қолдау жүргізіледі. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «облыстық мамандандырылған балалар үйі» бас дәрігері Гүлсім Ержанова мәлімдеді.
Бас дәрігердің айтуынша, сәбилер үйінде бүлдіршіндерге емдеу, профилактикалық оңалту және психологиялық қолдаулар көрсетіледі. Ал педиатр, терапевт, психолог, логопед мамандары топтасып бала денсаулығын жіті қадағалап, дер кезінде көмектеседі.
Иә, бала мемлекеттің қамқорлығымен өсіп-жетілер, бірақ оған ата-ананың мейірімі мен отбасылық аура ауадай қажет екенін олардан артық ешкім түсінбесі анық. Бұл өмірде баладан асқан бақыт бар ма? Біздің бір ғана тілегіміз бар. Балалар үйі мүлдем жойылып, әр бала өз отбасында ата-анасымен бауырларының жанында тәрбиеленсе екен. Баланың шынайы күлгенін көру қандай бақыт десеңші. Халқымызда «жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың өкпе, бауыр, жалы бар, үш баласы бардың бұқарада пұлы бар» демекші, өмірде жетім бала болмасын.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!