Жұма, 31 мамыр, 03:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

Балалар жылы қорытындыланды

29.12.2022

314 0

Президент Жарлығымен бекітілген «Балалар жылы» қызылордалық өрендер үшін түрлі бастамалар мен игі істерге толы болды. Бүгін Сыр елінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балалар жылын қорытындылауға арналған шараға қатысып, дарынды балалармен кездесті.

Басқосуға халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, түрлі ғылыми, спорт және өнер салаларында үздік нәтиже көрсетіп жүрген 50 бала мен жасөспірім шақырылды.

Аймақ басшысы оқушыларды  келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жаңа табыс тіледі және «Балалар жылы» аяқталса да, Сыр елінің ақылды да зерек бүлдіршіндерді жан-жақты қолдау әрі қарай жалғасын табатынын жеткізді.

«Мерейлі жыл аясында өңірде нәтижелі шаралар ұйымдастырылып, мақсатты жобалар жүзеге асты.

Балалар жылы аясында өткен түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шараға, өңірімізден 200 мыңнан аса бала қамтылды. Өткен аптада Ел Президенті атынан балаларға арналған Жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, қала және аудандардан келген 200 баланы құттықтадық. Балаларымызға бағалы сыйлықтар табыстадық. Қосымша 1000 балаға облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылды.

Ата-аналарыңызды тек жақсы істермен қуантыңыздар! Сабақты жақсы оқып, спортпен айналысып, қалаған үйірмеге барып, әр күнді ерекше өткізіңіздер. Қанаттарыңыз талмай, ұстаздарыңыздан саналы тәрбие, сапалы білім алып, бейбіт еліміздің атын әлемге танытыңыздар! Ал біз, ағаларыңыз, сіздерді қолдау үшін аянбаймыз!», – деді облыс әкімі.

Іс-шара барысында жыл бойы түрлі ғылыми, шығармашылық байқауда жеңімпаз атанған үздік спортшылар, әншілер мен бишілер, қолөнершілер, «Үздік «Атамекен» балалар аулының тәрбиеленушісі», «Үздік балалар парламенті» секілді номинация иегерлеріне Алғыс хаттар мен планшеттер табысталды.

Айта кетейік, биылдың өзінде 402 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, спорт турнирлерінің және өнер конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттары атанды.

Биыл балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есебінен Қызылорда қаласы және аудандарда құны 1,6 млрд. теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды.

Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға 50 пәтердің кілті табысталды.

Биыл Сыр елінде 19 балабақша, 6 мектепті ел игілігіне табысталды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы және Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық 2 мектеп-интернаты, Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі және Өнер мектебі ашылды.

Мемлекет басшысының бастамасымен құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары барысында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп интернаттың құрылысын бастауға қолдау табылды.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласының сол жағалауында «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Заманауи үлгідегі нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ҚазМұнайГаз» кәсіпорнының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында салынатын болады.

@Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: