Жұма, 27 желтоқсан, 05:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жол картасы жүзеге асуда

08.08.2023

642 0

Апта басында «AMANAT» партиясының қалалық филиалында  депутаттық фракцияның жетекшісі Талғат Мақашов партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Брифингте   «AMANAT» партиясының жол картасының уақытылы орындалуын қадағалау, 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағ­дарламасын іске асыру жұмыстары жос­парға сай уақытылы әрі жүйелі түрде жүр­гізілгенін жеткізді. Сондай-ақ қалалық мәс­лихат депутаттары өздеріне  жауапты мін­деттерін атқарып жатқандығын атап өтті.

– Партияның Қызылорда  облысы бойынша 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы негізінде жасалған жол кар­та­сының орындалуы пысықталды. Бұл отырысқа жауапты фракция жетекшілері қатысты. Онда жол картасы аясында жасалған индикаторлардың әрбіріне қала­лық мәслихат депутаттары бекітілді. Қазіргі таңда аталған жоба аясында өңірде  бірнеше әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтеруде. Ауысымына 100 келушіге ар­налған емхана, 300 төсекке арналған көпбейінді аурухана (онкологиялық бөлім­шесімен), өнер сарайы, қан орталығы, Тас­бөгет кентіндегі дене шынықтыру сауық­тыру кешені және басқа да ауқымды жұ­мыстар атқарылып жатыр, – деді Талғат Мақашов

Биыл инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту мақсатында елді мекендерді газдандыру бойынша 25 жоба іске асуда. Оның ішінде 2 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі мен Махамбет елді мекеніне газ құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда  тұрғындар «көгілдір отын» игілігін көруде.

– Қалаға қарасты ауылдық округтегі елді мекендерді газдандыру жұмыстары жол картасы аясында жүзеге аспақ. Бүгінде Қосшыңырау ауылдық округіндегі Абай, Досан елді мекендеріне көгілдір отын құбырын жүргізу бойынша қаражат қаралып, қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Қарауылтөбе ауылдық округіндегі ауылдық клуб пеш арқылы жылитын болса, оны «көгілдір отын» жылуына өзгертуге сметалық құжаттарға сәйкес  депутаттық сауалдарымды  жолдадым, – деді «AMANAT» партиясының  депутаттық фракциясының жетекшісі.

Сонымен қатар келешек жас жеткіншектерді өнерге, еңбекке баулып, түрлі үйірмелерге қатысып уақытын тиімді өткізуі үшін жол картасы аясындағы бағдарлама бойынша, қалаға қарасты Қарауылтөбе мен Талсуат ауылдық округінде 150 орындық екі ауыл клубының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол ел игілігіне жылдың аяғында қолданысқа берілмек.

Аталған жоба аясында білім беру мәселесін шешу мақсатында үш ауысымда оқыту бойынша облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға лайықталған қосымша ғимарат құрылысы жүруде. Осылайша биыл үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ Жезқазған трассасы бойындағы 600 орынды құрайтын жаңа 2 білім нысаны оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек.

Жол картасы аясында жол-көліктік инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалмады. Яғни Ғани Мұратбаев пен Яссауи көшелерінің қиылысында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, «Бәйтерек» тұрғын ауданында «Оң магистралды» арнасы арқылы өтетін автокөлік көпірі, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көше жолының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто дәлізімен жанасатын тұста көлік айырығын салу және «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалын қайта жаңғырту мен кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы білім беру, денсаулық сақтау және спортқа қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының бақылауында болады.

Сонымен қатар сайлау науқаны уақытында қалалық сайлауалды қоғамдық штабтың қабылдау бөлмесіне тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер бойынша 160-қа жуық өтініштер келіп түскен. Олардың басым бөлігі қаржылай көмек, демеушілік жасау, коммуналдық-инфрақұрылымдық және әлеуметтік сипаттағы мәселелерінің шешімін табуын жеткізген. Бұл жөнінде тиісті жұмыстарды мәслихат депуттары өз жауапкершіліктеріне алған. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыстар жалғасын таппақ.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: