Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 08:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жол мұраты белгілі, жылдамдықта не мұрат?

28.05.2022

1491 0

Бүгінде адамнан көлік көп. Қала ішінде жүйіткіген көліктердің шуылынан құлақ тұнады. Алайда күн ұзаққа қалпынан бір танбайтын осынау тынымсыз қозғалыс кейде жағымсыз жайттарға да әкеліп жатады. Тосыннан келген темір тұлпардың құрбаны болып, кем дегенде жарақат алып, аурухананың жансақтау бөлімінде жататындардың қатары көбеймесе, азайған жоқ. Күнделікті өмірде мұндай жайттарды жиі кездестіргеніміз сонша, етіміз үйреніп барады. Бүгінде жол апатынан қаза тапқандардың арасында жастардың саны басым. Халықтың санын арттырамыз деп жүргенде, қара жолда тепсе темір үзетін, өрімдей жастардан айырылып жатқанымыз өкінішті-ақ…

Иә, қазір жол апатынан қаза тапты деген ақпаратты жиі еститін болдық. Оған бірнеше себепті алға тартуға болады. Бірақ ең негізгі себебі жол жүру ережесіне деген салғырттық, қайда апарары белгісіз жылдамдық болып отыр. Бұған жолдардың сапасыздығы мен жаяу жүргіншілердің айдың-күннің аманында қолдан жасайтын қателіктерін қоссаңыз болады. Заңда белгіленген жылдамдықты місе тұтпай, жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырғандардың кесірінен елімізде, оның ішінде облысымызда жол-көлік апаты жиі орын алуда. Екі күннің бірінде болатын жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай адамның өмірі үзіліп, аман қалғаны ауыр жарақатынан орнынан тұра алмай, арбаға таңылып,  мүгедек болып қалуда.

Шынында, жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаяр емес. Әсіресе кейінгі кезде жастардың қателікке жол беруі жиілеген. Статистика солай дейді. Құзырлы органдар жол апатынан қаза болғандардың саны артып келе жатқанын айтып жыл сайын дабыл қағады.

«Осы жылдың төрт айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 жасөспірім жол апатынан қайтыс болып, 70 жеткіншек түрлі дәрежеде жарақат алды. Есепті кезеңде республика жолдарында жасөспірімдердің қатысуымен жалпы саны 796 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік апатынан 42 жасөспірім өмірімен қош айтысса, 957-сі жарақат алған. Зардап шеккен балалардың жартысынан астамы жолаушылар болса, қалғаны – жаяу жүргіншілер», – дейді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.

Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Табиғат Мұсылманқұл басылымға жариялаған кезекті мақаласында жаға ұстатарлық мынадай дерек ұсыныпты.

«Еліміздегі әрбір бесінші бала жол-көлік оқиғасынан зардап шегеді екен. Жалпы алғанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім жол үстінде бақилық болып, 3 мыңнан астамы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алып жатады» – дейді ол ақпаратында.

Расында, қазір жол апаты салдарынан көз жұмып жатқандар жетерлік. Биыл қыс мезгілінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолында үлкен жылдамдықпен келе жатқан жеңіл көлік жүк көлігіне соқ­тығысып, ішіндегі барлық адам тіл тартпай кеткенін естідік. Ал осыдан бірнеше ай бұрын Назарбаев даңғылын­да «Приора» көлігі бағдаршамның адамдар үшін жасыл жанып тұрғанына қарамастан жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан мектеп оқушысын қағып кет­кенін көзбен көрдік. Соққының қатты болғаны сонша, оқушы қыз аспанда бір­неше мәрте айналып барып, жерге құлады. Ол көрініс көзбен көрген адам­ның санасына жүк түсірерліктей еді. Хош, жылдамдықты асырып, діттеген жеріме тез жетем деп адам өмірін қия­тындар аз емес. Қорқыныштысы да сол, қазір көлікке не таксиге міне қалсаңыз, иманыңызды үйіріп отырасыз. Өйткені осындай көз көрген, құлақ естіген жайт­тар санамызда «жаңғырып» тұрады.

Осы тұста бір мысал келтірейікші. Өзіміз күнделікті таксиге мінеміз. Бірақ бейнебақылау орнатылмаған жерлерде таксистердің арқаны кеңге салып, «газды» түбіне дейін басатынын көріп жүрміз. Межелі жерге тез жетіп, келесі бір тап­сырысты орындау үшін тар жолда киіп-жарып, асығады да жүреді бұлар. Нәпақасын табу үшін шығар мұның бәрі, әйткенмен заң бәріне ортақ. Ал «адам өмірі – мемлекеттің басты қазынасы». Сондықтан біздің елде осы жайттар кем­шін түсіп жатқандай көрінеді кейде.

Қазір елімізді былай қойғанда, біздің облыстың өзінде жағдай мәз емес. Мақаланы жазу барысында облыстық полиция департаментіне хабарласқан едік. Департаменттің баспасөз қызме­тінің мәліметінше, 2021 жылы облыс аумағында 107 жол-көлік оқиғасы болған. Ал апат салдарынан 141 адам жарақат алып, 24 адам қаза тапқан. Биыл­ғы дерек те көңіл көншітерлік емес. Әлі жылдың белуарынан аспасақ та,  облыс көлемінде апатты жағдайлардың саны артып, адам шығыны көбейген. Нақтырақ айтсақ, алғашқы төрт айдың өзінде 117 жол көлік оқиғасы орын алып,  145 адам жарақат алған. 40 адам ажал құшқан.

Мына ақпараттарға қарап, жол қауіпсіз­дігіне көп кесірін тигізетін жүр­­гі­зушілердің жүгенсіздігі екенін анық аңғаруға болады. Жоғарыда айт­қанымыздай, жылдамдыққа жылдамдық қосып, асығып жүретін көлік иелерінің көбіне патрульдік кезекшіліктер мен бейнебақылау камералары жоқ жерлерде өрескел ереже бұзатынының әсері бұл.

Осындай келеңсіздіктердің салда­рынан ауруханаға түскендер де көп. Солардың бір бөлігінің санын білмекке, облыстық көпбейінді аурухана дирек­торының орынбасары Алмас Әбілпатта­ға хабарластық.

– Былтыр облыстық көпбейінді ауру­ханаға жол-көлік оқиғасымен 624 адам түсті. Соның 148-і жатқызылды. Оның ішінде 13 адам госпитализацияланып, алтауы жағдайларының ауырлығына бай­ланысты әртүрлі жара­қаттарымен реанимация бөліміне жат­қызылды. Жалпы 2021 жылы 5 адамның жарақаты ауыр болып, бақилық болды. Ал биыл жол апатымен 170 адам ауруханаға түсіп, оның 44-і жатқызылды. 3 адам қайтыс болды, – деді облыстық көп­бейінді аурухана директорының орынбасары Алмас Әбілпатта.

Мына сандар расында жантүршігер­ліктей ғой. Соңғы мәліметтерге сүйен­сек, биылдың өзінде тәртіп сақшылары Қазақстан бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3,8 миллион де­регін тіркепті. Оның 68 проценті жылдамдықты шектен тыс асыруға бай­ланысты. Бұл дегеніміз, елімізде әрбір екінші жүргізуші аса жоғары жыл­дамдықпен жүйткитінін білдіреді. Қателік қайда жатыр десеңізші…

Қала ішінде зуылдайтын автокөліктер жайында тұрғындармен тілдескен едік.

– Біздің қалада көлік жүргізушілер жүгенсіз кеткен. Таксистер бар, қара­пайым жүргізушілері бар, көбі жоғары жылдамдықпен жүреді. Жаяу жүр­гінші жолынан қорқып, әрең өте­сің. Жүзбен келіп, қасыңа келгенде барып, тежегіш басады. Айдың-күннің аманында, ішпей-жемей, адам қағады. Қаншама адам қаза тауып жатыр, мүге­дек болып жатқаны қаншама? Таксисті былай қойғанда қоғамдық көліктер де бір-бірімен жарысып жүреді. Билік тарапынан бақылау аз ба, білмеймін, әйтеуір әлеуметтік желіден де, таныс­тарымыздан да «біреуді қағып кетіпті, біреуді басып кетіпті» дегенді естиміз. Мұндай бассыздықты құзырлы органдар тежеу керек қой, – дейді қала тұрғыны Сәуле Сағиқызы.

Қыж-қыж қайнаған қала тіршілігі бір сәтке де тоқтамасы анық. Ал қала орта­лығы нағыз қозғалыстың мекені.

– Мен осы Мұратбаев көшесінің тұрғынымын. Бұл жерде таңның атысы, күннің батысы көлік тоқтамайды. Наурыз айында Шүкіров қиылысында «Мерседес» көлігі жаяу жүргінші жо­лынан өтіп бара жатқан бір қызды көз алдымда қақты. Абырой болғанда тежегішті басып үлгерді, қыз да қатты жарақат алмады. Құдайдың құтты күні көлік соқтығысын көреміз. Бәрі асығыс әйтеуір. Жылдамдықты асыратындар көп қазір. Бағдаршам жанса да, әуелі қатты жылдамдықпен көлік келе жатқан жоқ па екен деп қарап алатын күйге жеттік. Бейнебақылау жоқ жерлерде тіптен қатты жүреді жүргізушілер. Бізге бақылауды күшейту керек. Әйтпесе, өзге облыстарға шығып жүрміз ғой. Қақ­қан қазықтай жаяу жүргінші өтетін кезде тұра қалады, – дейді қала тұрғыны Ермек Бөкейхан.

Бәрін айт та, бірін айт, бүгінде жол-көлік апатынан туындаған өлім-жітімнің саны азаяр емес. ІІМ-нің мәліметіне сүйенер болсақ, ең жиі тіркелетін жол апаты жаяу жүргіншілерді қағып кету екен. Кейінгісі көліктің аударылуы, содан соң жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу. Тағысын тағы.

Көп жол-көлік апатының негізгі себебі – жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Өйткені орташа 50-60 шақырым жылдамдықпен зырғып келе жатқан жүргізуші қандай жағдайда болсын, алдынан адам шыға қалса, тежегішті басып та, тоқтап та үлге­реді. Ал қаға қалса, соққы соңы өлім­ге жеткізетіндей болмайды. Ал 70-тен жоғары жылдамдықтың соңы кейде орны толмас қайғыға апарып жатады. Көбіне қала ішінде, алыс-жақын аудандарға шығатын такси жүр­гізушілері жол ережесін жаяу жүр­гіншілер де бұзатынын айтады.

– Такси болып қызмет етіп жүргеніме 8 жылға жуықтады. Талай оқиғаның куәсі болдым. Жылдамдық асырам деп қолдан апат жасайтындарды да кезіктірдік. Бірақ бәрін таксистерден көре беруге де болмайды. Жаяу жүр­гіншілердің тәртіпке бағынбауынан болатын жол апаттары да аз емес. Жолға арнайы салынған белгіден өтпей, белгіленбеген жерден кесіп өтіп, көліктің алдынан жүгіріп шығады адамдар. Кейде тіпті бағдаршамға қарамай өте шығады. Осылай ереже бұзған соң апат болады да, – дейді такси жүргізушісі Мұратбек Сейілханов.

Тағы бірнеше такси жүргізушілері осы мағыналас пікір білдірді. Жалпы қос тарапты сараптап, өзіміз көзбен көрген жайтты електен өткізіп, статис­тиканы ақтарып, ашық ақпарат көздерін қарап, түйгеніміз жол апатына түрлі жайттар себеп болады. Мәселен, жүр­гізушінің мас күйінде көлік айдауы, әртүрлі мезгілдердегі ауа райының қолайсыздығы, жолдың сапасыздығы, көліктің сын беруі сынды мәселелер де бар. Алайда жылдамдықты асыру ең жиі болатын қателік. Оны полиция мамандары жоққа шығармайды.

Сөз соңы. Төтесінен келген ажалға ешкім қарсы келе алмасы анық. Тек адамның мезгілсіз өмірден өтуіне темір тұлпар тізгіндеген кейбір жүргізуші­лердің себеп болуы қазіргі қоғамға ауыр соғып тұр. Талай отбасыны «сең соққандай» есеңгіретіп тұрған да осы жылдамдықтан болған жол апаты. Жоғарыда айтылған пікірлер секілді әркім әр жайтты алға тартады. Дегенмен жол мен бағдаршам қойылып, бейнебақылау камералары орнатылар, тәртіп сақшылары да бақылар. Алайда жылдамдықты асыратын автокөлік жүргізушілері түзелмесе, жол апатын азайту оңай болмайтын іспетті. «Жол мұраты – жету» болғанымен, біздіңше, сол мұратқа жылдамдықты арттырмай-ақ жетуге болады.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: