Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Жолыңда қазақ кездессе, бауырым деп есепте»

01.03.2022

1476 0

Қазақстан – достық мекені. Еліміздегі барша халықтың жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір. Олардың мақсат-мүддесі ортақ, достығы берік.

2016 жылдан бастап, бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болды. Бір сөзбен айтқанда, 1 наурыз «Алғыс айту күні» – жер аударылған өзге ұлтқа қазақ халқының мейрімділігі мен, қолда бармен бөлісу, көмек көрсеткені үшін ризашылық білдіру. Бұл өз кезегінде бір ел, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлысты ұйыстырып, татулықты одан әрі бекіте түсті.

Геноцид саясаттың салқыны таным-түсінігі, мәдениеті, тарихы бөлек түрлі ұлт өкілдерін туған жерден, елден, Отанынан алыстатты. Бірақ Қазақстан халқы төрінен орын беріп, екінші Отанына айналды. Бүгінде құшағы кең қазақ елін 130-дан астам этнос өкілдері мекен етеді. Ал Сыр өңірінде 35 өзге ұлт өкілі бар. Олар тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде қазақ жерін паналап, өсіп-өнді. Қазіргі кезде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Солардың бірі қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Сақтапберген Жұбатқановтың қазақ еліне деген алғысы шексіз.

– Расында, алғыс – жүректен шығатын тұнық сөз. Естіген жанды рухани ләззатқа бөлейді. Бір жағынан тілек, бір жағынан адамның ниеті, ризашылығы. Оның мәні мен маңызы сонда жатыр. Ортақ Отанымызға айналған қазақ жеріне, қазақ еліне, бауырмал қазақ халқына ризашылығымыз шексіз! Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы достықтың да, бірліктің де, тұтастықтың да ұйытқысы болып отыр. Келер ұрпағымызға осы ізгілікті ұмытпай жеткізсек, біздің аманатымыз ынтымақтастықтың темірқазығына айналары хақ, – деді ол.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Қызылорда облыстық шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лайла Пашаева өткен күндерді былай еске алады:

– Биыл шешендердің өз Отанынан жер аударылғанына 78 жыл толады. Ал 23 ақпан – сол дәуірдің жастары үшін Кеңес Әскерінің мерекесі болса, шешен ұлты үшін қаралы күн. Ұлтымыздың жүрегіне өшпес жара салған, кіндік қаны тамған жерінен жас пен жасамысты, ана мен баланы еш аяусыз жер аудартқан ызғарлы күн ешқашан естен кетпейді. Олардың қатарында менің әжем, ата-анам бар еді. Әкем Әли Шешен-Ингуш ауданына қарасты Тойзен ауылында дүниеге келіпті. Соғыс басталған тұста атам майданға аттанып, содан хабарсыз кеткен. Ал әжеміз 8 баласымен өзге жерлестерімен бірге белгісіз бағытқа айдауға түскен. Қыстың қақаған суығында вагонга тиелген шешен жұрты бір ай бойы межелі жерге жеткенше ас-сусыз отырған екен. Жол бойы қаншама қарт кісі, сәбилер көз жұмған. Тіпті әйелдер құндақтаулы сәбиінің ажал құшқанын білдіртпей емізіп отырған сыңай танытқан. Баласының ит-құсқа жем болмауын ойлады. Менің әжем балаларымен Жалағаш ауданына жер аударылыпты. Суықтан әкемнің бес бауыры қаза табады. Көп ұзамай анасы да көз жұмады. Ал өзін ізіндегі 2 бауырымен балалар үйіне өткізіпті. Не қазақ, не орыс тілін білмейтін шешен жұрты үшін танымайтын жерде қиын болғаны анық. Дегенмен уақыт өте жергілікті жұртпен сіңісіп, тіршілік еткен. Оған, әрине, қазақ халқының мейірбандығы әсер еткенін айта кету керек. Әкемнің айтуынша, алғашында жергілікті тұрғындарға өзге ұлттармен байланыс жасауға тыйым салған. Әрі шешендерді канибал (адамжегіш) ұлт ретінде көрсеткен. Соған қарамастан қарапайым тұрғындар есік

алдына талғажау етер тамақ қалдырып кетеді екен. Ол тұстағы геноцид саясат қазақ жұртына да оңай соқпағаны белгілі. Осындай қасіретті жағдай жер аударылған барлық ұлттарды қазақ халқымен біріктірді. 1994 жылы шешен халқы үшін тағы да ауыр кезең басталды. Елде соғыс басталып, жұртшылық бас сауғалап, жан-жаққа қашты. Сондай сәтте Қазақстан елі құшағын ашып шешендерді тағы бір мәрте бауырына басты. Шешен халқында «Егер жолыңда қазақты кездестірсең, бауырым деп есепте» деген тәмсіл қалыптасқан. Сондықтан біз бауырлас халықтар татулық пен ауызбірлікте болуымыз керек. Қазақ халқының қиын кезеңде шешен жұртына көрсеткен қолдауының арқасында ата-бабамыз аман қалып, екінші Отанында өсіп-өнді. Мұны біз ешқашан ұмытпаймыз. Рахмет, саған Қазақ елі, Сыр жұртшылығы, – деді Лайла Пашаева.

Аумалы-төкпелі кезеңде қазақ даласына қоныс аударған ұлттардың көбі Кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін атамекеніне көшті. Дегенмен туған жерін, Отанын аңсап еліне кеткендердің кейбірі қазақ еліне қайта оралды. Мұның бәрі түбінде халқымыздың оларға деген ыстық ықыласы мен мейірбандығының көрінісі іспетті. Қиын-қыстау заманда жанына сая болған қазақ жұртына деген риясыз көңілі болар, бәлкім. Қарап отырсақ, соңғы кезде арамызда қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көп. Бұл – біздің қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметтің бір белгісі іспеттес.

Бүгінде этнос өкілдерінің бір ғана тілегі бар. Олар Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен дейді. Өйткені олар үшін ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық. Сондай-ақ олар қазақтай көңілі кең дария, қонақжай мемлекетте өмір сүріп жатқанына дән риза. Әрбір қазақстандыққа алғыстан басқа айтары жоқ. Расында, «Алғыс арқалаған ел алысқа барады» демекші, еліміздің болашағы жарқын боларына біздің де сеніміміз мол.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: