Сурет: qulantany.kz
– Торғай екеш торғай да,
Балапанын қорғайды.
Ана безсе баладан,
Бәрінен де сол қайғы…
Кезінде әнші Мейрамбек Бесбаев тебірене жырлаған «Бозторғайды» көбіміз жақсы білеміз. Мәдениет майталманы Алтынбек Қоразбаев Мейрамбектей шәкіртіне арнайылап шығарған әннің сөзін ақын Әбдірахман Асылбеков жазған. Бұл өлеңді жәй тыңдау мүмкін емес. Зарлы үн, зарлы әуен, зарлы сөз жаныңды тебірентіп, жүрегіңді қозғайды. Көңілің босап, көзіңе еріксіз жас аласың. Иә, бұл әнді тыңдаған миллиондардың осындай күй кешкені анық.
«Бозторғай» – қоғамға ой салу мақсатында, безбүйрек ана, тастанды бала болмауы үшін шығарылған туынды. Кезінде осы ән шырқалғанда бір ғажап болған деседі. Сол кезде жетімдер үйіндегі тастанды балалар азайған. Жүрегі тас болып қатып қалғандардың кейбірі балаларын бауырына қайта басқан екен. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. Біздің айтпағымыз басқа. Жетімдер үйі, тастанды балалар әлі де бар. Бірақ баласын тастап кететін аналардан бөлек сәбиіне қол жұмсап, өлтіретіндер пайда болды.
Елімізде өз нәрестесін өлтірген екі әйелдің қылмысы тіркелді. Бұл – соңғы екі айдың көлемінде болып тұрған жағдай. Жаға ұстатарлық оқиғаның бірі – Ақтөбеде, екіншісі – Ақмола облысында болған. Бұл туралы журналист Бану Әділжанның «Егемен Қазақстан» газетіне жазған мақаласында айтылады. Ақтөбеде жаңа босанған әйел ұлын қағаз қорапқа салып, көпқабатты үйлердің біріне тастап кеткен. Жарық дүниеге келмей жатып шетінеп кеткен шақалақтың мәйітін тұрғындар кеш қарайғанда ғана көріпті. Олар полицияға хабар бергенмен бәрі кеш еді. Ақмола облысындағы оқиғаны айтуға, тіпті ауыз бармайды. Сорақы болғанда да сұмдық. Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданының Макинск ауылының тұрғыны, дәлірек айтатын болсақ, 33 жастағы келіншек жүктіліктің 24-аптасында жоспарлы тексерілуге келген. Ақпарат көздеріне сүйенсек, аудандық аурухананың дәрігері сол кезде әлгі әйелдің екі күн бұрын босанғанын біліпті. Қан кетіп, мерзімінен бұрын үйінде босанған әйел шала туған шақалағын пешке өртеп жіберген дейді. Сұмдық, қалай ғана қолы барған?..
Бұл біздің қоғамда кездесіп отырған алғашқы оқиға емес. Бұған дейін де туған сәбиін көліктен лақтырып жіберген, қоқысқа немесе әжетханаға тастап кеткен сұмдық жағдайлардың жайы талай жазылды. БАҚ арқылы айтылып та, көрсетіліп те келеді. Ең өкініштісі, өз нәрестесін өлтіргендердің жазасы тым жеңіл болып тұр. Қылмыстық кодекстің 100-бабы «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» деп аталады. Осы бапта жаңа туған баласын өлтірген ананың жазасы төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру деп көрсетілген. Бауыр еті баласын өлтіргендер үшін төрт жыл дегенің тым аз секілді… Мұндай қадамға тасжүректердің өзі де бармайтын шығар… Кім білсін, ондайларда жүрек те болмауы мүмкін.
Жүрексіз болдың сен неге, безбүйрек ана?
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!