Сәрсенбі, 04 наурыз, 17:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17 (2229)
03.03.2026
PDF мұрағаты

Апостиль рәсімі: халықаралық құжат айналымындағы құқықтық кепілдік

04.03.2026

72 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Апостиль ұғымының мәні. Апостиль – бір мемлекет аумағында берілген ресми құжаттың екінші мемлекетте заңды күшке ие болуын қамтамасыз ететін арнайы куәландыру нысаны. Ол құжатқа қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттігін, қолтаңбаның және мөрдің түпнұсқалығын растайды.
Маңыздысы – апостиль құжаттың мазмұнын растауға емес, оның ресми түрде берілгенін куәландыруға бағытталған.

Апостильдің енгізілу мақсаты

Апостиль институтының негізгі мақсаты – консулдық заңдастырудың күрделі әрі ұзақ рәсімін жеңілдету. Халықаралық қатынастардың дамуына байланысты азаматтардың шетелде оқу, жұмыс істеу, некеге тұру, сот істеріне қатысу қажеттілігі артты. Осындай жағдайларда апостиль құжаттардың танылуын жылдам әрі тиімді етеді.

Апостиль қолданылатын жағдайлар

Апостиль, әдетте, мынадай жағдайларда қажет болады:
• шетелдік оқу орындарына құжат тапсыру кезінде;
• басқа мемлекетте некеге тұру немесе азаматтық хал актілерін тіркеу үшін;
• шетел соттарында немесе мемлекеттік органдарында құжат ұсыну барысында;
• халықаралық шарттар мен өкілдік қатынастарда.

Қазақстан Республикасындағы апостиль рәсімінің ерекшелігі

Қазақстан Республикасында апостиль қою бірнеше уәкілетті органның құзыретіне жатады. Әр орган тек өз саласына қатысты құжаттарға апостиль қояды. Бұл құжаттардың дұрыстығын, рәсімнің заңдылығын және бірыңғай тәжірибені қамтамасыз етеді.

Апостиль арнайы белгіленген квадрат нысанда қойылады және онда:
• құжат берілген мемлекет;
• қол қойған тұлғаның лауазымы;
• мөрдің түпнұсқалығы;
• тіркеу нөмірі мен күні көрсетіледі.

Апостильдің сот және құқық қолдану тәжірибесіндегі рөлі

Сот тәжірибесінде апостиль шетелдік құжаттарды дәлелдеме ретінде қабылдаудың негізгі шарты болып табылады. Апостильдің болмауы құжатты қабылдаудан бас тартуға немесе істі қарауды созуға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл рәсім құқықтық айқындықты және тараптардың теңдігін қамтамасыз етеді.

С.Т. Қыпшақбаева

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: