Қызылорда облыстық сотында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңының кейбір ерекшеліктері» тақырыбында семинар өтті.
Шараға азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы мен судьялары, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық, Қызылорда қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары мен төрағалары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қатысты.
Семинарды азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Текетаев ашып, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасау үшін Қызылорда қалалық сотының судьясы Э.Ахметоваға сөз берді.
Баяндамашы аталған Заңның қолданысқа енгенін, сондықтан қарызы бар азаматтар банкроттыққа арыз бере алатынын атап өтті. Ерекшелікке сай бұл рәсімдерді тек қарыз алушының өзі ғана бастай алатынын, яғни несие берушінің борышкерге қатысты осы рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ екенін айтты.
Сонымен қатар Банкроттық туралы заң аясында рәсімдердің үш түріне тоқталды. Атап айтқанда, бірінші соттан тыс банкроттықты – азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштары бойынша келесі шарттарға сәйкес, екіншісі сот банкроттықты – азаматтар қырызы 1600 АЕК – тен астам және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша, үшіншісі төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, яғни тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігіне сай қолданыла алатындығы айтылды.
Сонымен қатар Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Н.Еламанов баяндама жасап, борышкердің төлем қабылеттілігін қалпына келтірудегі судьяның іс-әрекеттерінің алгоритмін слайд түрінде таныстырып өтті. Заңда көрсетілгендей, сот борышкердің арызын өндіріске қабылдағаннан кейін уәкілетті органның екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысын тағайындау міндетті екендігін, сонымен қатар егер сот банкроттық қолдану туралы шешім қабылдағанда қаржы басқарушысы қорытынды есебін және банкроттың міндеттемелерін тоқтатуға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытындысын сотқа ұсынатынын айтты.
Мұнан соң, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Г.Ертанова тақырыпқа сай баяндама жасап, банкроттықтың салдарын атап өтті. Яғни банкрот деп танылған азаматтың 5 жыл ішінде несиелер мен микрокредиттер алуына тыйым салынады, қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады және банкроттық болғаннан кейін 3 жыл бойы қаржылық жағдайы бақылауда болатындығын айтып өтті.
Семинарды қорытындылаған М.Текетаев алдағы уақытта осы бағытта азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет екендігін айтты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!