Бейсенбі, 16 қаңтар, 22:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3-2116
14.01.2025
PDF мұрағаты

Есірген есірткінің ажалы

16.01.2025

73 0

Ерте, ерте, ертеде, бір керемет көк майсалы өлкеде дәрілік шөптер өсіпті. Олар өте тату екен. Бір-біріне қонаққа жапырақтарын жіберіп, жақсы араласып тұрады екен. Оларды адамдар арнайы іздеп келіп, ауырған жерлеріне ем-дауа тауып, ризашылықпен қайтып жүріпті. Халық қажетіне жараған шөптер өте бақытты болып өсе беріпті. Олар бір өзеннің бойына тізіліп, тәртіппен өсіп, тиесілі жерлерінен аспай, бір-біріне тек ізгі ниетпен қарапты.

Сондай бір күні өзеннен алыс, су бармайтын жерден тағы бір шөптің басы көрініпті. Бүкіл емдік шөптер оны танымай, бір-бірінен сұрайды.

-Бақбақ, сен үнемі ұшып жүресің, мүмкін сен танитын шығарсың!?-деп бәрі бақбаққа қарапты. Бірақ, ол да танымайтын болып шыққан соң, олар бейтаныс шөпті қонаққа шақырмақ болып, жапырақтарын жіберіпті. Барған жапырақтар мұңайып келіпті. Өйткені ол шөп ешкімге қосылмай, өзі ғана жүргісі келеді екен.

Күн өткен сайын алыстан көрінген бейтаныс шөп қаулап өсіп, бұларға жақындапты. Өзеннің жағасына келіп орналасып, қалаған жеріне шыға бастаған дөрекі шөп емдік шөптерге ұнамсыз қылық көрсете бастайды. Бұған шыдамаған Түймедақ:

-Мені үстімнен басып барасың, өзің шыққан төбеде тұра бермей, бұл жерге неге келдің?-дейді.

-Біз шақырғанда келмеп едің. Араласпаймын деп оқшау жатыр едің. Бізді баса-көктеп өсіп кете беретін сен кімсің? Бұл жерде тек емдік шөптер өседі, соны ұмытпа! -дейді қалақай қабағын шытып.

-А, сендер мені танымадыңдар ма? Мен есірткі деген шөппін. Адам баласына менен артық емдік шөп жоқ! Бұдан былай жолыма тұрмаңдар, бұл алқап менікі болады. Сендер бұл жерді босатыңдар, адамдар мен тұрғанда сендерге қарамайды, кетіңдер! -дейді есірткі шөбі астамси сөйлеп.

Дөрекі есірткінің айтқанына емдік шөптер сенбейді.

Сөйтіп тұрғанда, өтіп бара жатқан бір топ жастарды көрген есірткі оларға жапырақтарын ұшырады.

-Бұл алқапта тек емдік шөптер өсетін еді. Бұл қандай шөп екен?-деп ойлаған бозбалалар шөптің жапырағын шайнап көреді. Сол сәтте бойына желік бітіп, ессіз күліп, көңілі көтерілгендей секіре бастайды. Бұны көрген жолдастары:

-Біз де көрейік,-деп есірткінің жапырағын шайнап, бәрі секіріп, күледі.

-Міне, мен тұрғанда, сендер адамға керек емессіңдер!-деп, есірткі шөбі жапырағын жайнатып, бүкіл емдік шөпті менсінбей, келеке етеді.

Емдік шөптер ештеңе айта алмай, өздерін керексіз сезініп, мұңайып қалады.

Бозбалалар есірткі шөбі жайлы елге хабар таратып:

-Тамаша шөп екен. Жаңадан пайда болыпты. Бұрын ондай шөп жоқ еді, басқа шөптерден жақсы,-дейді.

Желіккен жастар желпілдеп келіп, желкілдеп тұрған шөпті шайнай бастайды. Бұған есірген есірткі шөбі, бүкіл шөптің үстін басып, қаулап өсіп, адамдарға қол созып, өткен-кеткеннің аяғына оралып, басына шығып, бәрін жібермеудің амалын жасайды. Есірткі шөбін шайнаған жастар үлкендерді тыңдамай, үйлерін қиратып, елдің мазасын алады. Есірткіге тойып, әбден жалқауланған жастар теруге ерініп, барғандардан сатып ала бастайды. Сатып алуға ақша керек болған соң,ұрлық жасап, елді тонайды. Есірткі өзін емдік шөппін деп таныстырып, адамдардың ағзасын улап, ауру қылып, өзіне тәуелді етеді. Бұл- оның түпкі мақсаты болатын.

Есірткі шөбі тұрпайы әрі сүйкімсіз, арам, қатыгез, тәртіпсіз, өте жаман шөп болатын.

Бұрынғы әдемі тіршілігінен айырылып, керексіз күн кешкен басқа емдік шөптер не істерін білмей, әбден қиналады. Есірткі бұлардың жерін толық алғысы келіп, барлық шөпті ығыстыра бастайды. Емдік шөптер жерінен айырылып,әбден қиналады. Есірткі шөбі қалақайдың тікендерінен қорыққаннан, оның жеріне жолай алмайды.

Барлық емдік шөп қалақайдың қасына тығылады. Емдік шөптер қурай бастайды.

Сондай бір күні немересіне итошаған алуға келген әжей әдеттегі орында басқа шөп тұрғанын көріп көңілі түсіп кетеді. Сол бейтаныс шөпке жастар үймелеп, әдепсіз күліп жатқанын көрген әжей оларды тәртіпке шақырады. Олар әжейді сыйламай, итеріп құлатып, үстінен басып өтіп кетеді. Үйіне зорға жеткен әжей барлық ақылды адамдарды жинап, болған оқиғаны айтады.

Барлық есті адамдар шошып, сол жерге келіп, дөрекі жастардың қылығын көреді. Ақылды адамдар есірткінің ұятсыз залым екенін, улы шөп екенін түсініп, тамырымен қосып жұлып алып, дымын қалдырмай өртеп жібереді. Емдік шөптер өз орнына жайғасып, баяғы есірген жастар әдептілікке келіп, есірткіден бас тартып, оның дүниедегі ең жаман шөп екенін түсінеді.

Есірткіден құтылған ауыл бақытты өмір сүреді.

Көп жасаған, көпті көрген атай емдік шөптерді суарып тұрып:

-Балаларым, есірткі деген бәледен аулақ болыңдар. Ол есіртеді, ауру қылып, жаман жолға түсіріп, адамдарды құртады. Тәуелді етеді. Біз оны қанша өртесек те, ол кез келген уақытта шығуы мүмкін. Сондықтан сақ болып, салауатты өмір сүріп, білімді, тәрбиелі болыңдар! – деп ақыл айтады.

Ахметова Баян

5 «Е» сынып оқушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: