Жұма, 27 желтоқсан, 10:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Конституциялық сот – құқықтық қорғау кепілі

27.02.2024

641 0

Фото: Н.Нұржаубай

Сот имиджінің әлеуетіне қол жеткізу үшін сот билігі ұйымдар мен азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бұл мақсатта елімізде құрылған Конституциялық соттың алар орны айрықша.
          Конституциялық Сот – мемлекет пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға арналған әлемдік модель. Бұл сотқа жүктелген міндет пен берілген функцияға Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында кеңірек тоқталды. 
           Елге бағдар берер стратегиялық құжатта: «Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын» деген еді Президент. Қазақстан тарихында Конституциялық сот болған. Бірақ, түрлі реформаларға байланысты бұл мәртебелі орган кейін Конституциялық кеңес ретінде жұмысын жүргізген. Енді міне, Президент жолдауынан кейін Конституциялық сот қайта құрылып, былтырдан бері нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.       Конституциялық сот дау туындаған жағдайда Президент, Парламент депутаттары сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді, Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды, сонымен қатар Парламент қабылдаған қаулыларды тексереді, ратификацияланғанға дейін Қазақстанның халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестігін қарайды, Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді.                         
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң қазір елімізде қолданыста. Соған орай, ел азаматтары Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Жаңа құрылым азаматтар өтінішінің заңдылығын, Конституцияға сәйкестігін дербес қарайды. Жалпы, Конституциялық Сот биліктің сот тармағына жатпайды. Соған орай, бұл құрылымның жаңаша жұмыс істеуі азаматтардың құқықтық сауатын көтеруге, әділдікке деген сенімін арттыруға қызмет етері күмәнсіз. 
Бұдан бөлек, Конституциялық сот өкілеттіктері бойынша да бұрынғыға қарағанда неғұрлым кең құзыретке ие. Бұл мәртебелі орган енді заңдардың ғана емес, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің де Конституцияға сәйкестігін қарастырады. Яғни, Конституциялық сот бақылау қызметін көбірек жүзеге асырады және заңды күшіне енген нормативтік актілерді қарайды. Конституциялық сот сонымен бірге, мәртебесінің айқындалуымен, судьяларды сайлау тәртібінің енгізілуімен, әрі құрылымдық мәселелерінің нақтылануымен ерекше. 

Жалпы, бұл өзгерістің мемлекеттің дамуына, қоғамның ілгерілуіне ықпалы зор. Конституциялық сотқа түскен шағымдардың басым бөлігін сот шешімдеріне қатысты азаматтардың келіспеушілігі, сот актілерінің орындалмауына, тұрғын үй және еңбек қатынастарына, әлеуметтік қорғауға байланысты өкпе-реніші құрайды. Осыған орай, қоғамның құқықтық сауатын көтеруге бағытталған жұмыстар әлі де болса кең ауқымда жүргізілуі қажет. Және арызшағымдардың мән-мазмұнына мониторнг жасап, жұмыс барысында пайдалану, кемшіліктерді жою кезек күттірмейді. Ең бастысы, азаматтар мәртебелі құрылым сот шешімдеріне баға бермейтінін білуі қажет. 
Конституциялық сотқа түскен өтініштердің төрттен бірінде ғана азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған. Осындай сұраныстарға сүйене отырып  нормативтік құқықтық актілерде кеткен елеулі олқылықтарды үнемі жария ету, біркелкі құқық қолдану мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме беру міндет. Өйткені, заң құқық қолдануда жазалау құралы емес, ескерту құралы ретінде қызмет етуге тиіс. Ал мұндай кезде заңның артықшылықтарынан хабардар ету, сот тәжірибесінде кеткен кемшіліктерді сараптай отырып халықтың құқықтық сауатын көтеру зайырлы мемлекет орнатуда маңызды орын алады. 

Ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын одан әрі қорғау бағытында сот әділдігін жүзеге асыруда сот жүйесі барынша объективті, ашық әрі жариялы түрде қызмет етіп келеді. Сондықтан, сот жүйесіндегі оң өзгерістердің барлығы жалғасын тауып, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деген сенім мол.                          

                                          Айнұр Әбілқайысқызы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: