Сенбі, 30 қараша, 00:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95-2105
30.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары брифинг өткізді

27.10.2021

649 0

26 қазанда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Амитов Шамшидин Егенбердіұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифинг барысында облыс көлеміндегі криминогендік ахуал жөнінде сөз қозғалды.

Жыл басынан облыс көлемінде жалпы тіркелген қылмыстар, оның ішінде ұрлық, бұзақылық, есірткі, қоғамдық орында, көшеде, мас күйінде, бұрын сотты болғандармен, отбасы-тұрмыстық саласындағы, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны төмендеді.

Дегенмен, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар, кісі өлтіруге оқталу, алаяқтық қылмыстары өскен.

Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қауымының қатысумен онлайн түрде, яғни «ZOOM» байланысы арқылы дәрістер өткізілуде.

Кәмелетке толмағандар мен жастарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада», «Ата-ана Жасөспірім, Көше», «Тұрмыс», «Квадрат», «Учаске»профилактикалық іс-шаралары өткізілді.

Іс-шаралар нәтижесімен қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 201 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.

Балаларын тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 99 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ӘҚБтК-нің 127-бабы).

Тек полиция күшімен кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстарын тыю мүмкін емес.

Сол себептен, ата-аналардың басқа да қоғамдық емес ұйымдармен бірігіп жұмыс жасау оң нәтиже беретіні анық.

Балаларымыздың ойын алаңдарында, көпқабатты үй аулаларында, көшелерде және басқа да орындарда жалғыз қараусыз жүруіне жол бермеу маңызды.

Қазіргі таңда адамдарды алдап, сеніміне кіріп, оның мүлкіне қол сұғып, иемденіп алаяқтықпен айналысқан қылмыскерлер көбеюде.

Есепті мерзімде бұл қылмыс 27 пайызға өскен.

Бұл қылмыстың ерекшелігі – жәбірленушінің алданып, мүлікті өз еркімен беруі.

Қылмыскерлер пәтер, жер учаскесін, жеңілдетілген несие алып беремін, жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп жәбірленушінің ақшасын иемденіп алу тәсілдерін пайдаланады.

Соңғы кезде ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты, аталған қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалуда (QIWI-әмиян, интернет-банкинг, пирамида, SMS-алаяқтық).

Сондықтан, бейтаныс, толық-білмейтін, жеңіл табыс табуға уәде берген адамдарға сенімділік танытпауды сұраймыз, ең алдымен заң қызметкерлерінен қажетті кеңестер алып, сақтық шараларына ерекше назар аудару қажет.

Келесі мәселе жол қауіпсіздігі.

ЖКО салдарынан адам қайтыс болған көлік апаттары көптеп тіркелуде.

Жыл басынан 295 жол көлік оқиғаларында 362 адам дене жарақаттарын алса, 68 адам қайтыс болды.

Жол көлік оқиғаларының себептері зерделеніп, көше жол тораптарындағы кемшіліктер бойынша тиісті органдарға ұсыныстар жолдануда.

Қазір мектеп оқушылары дәстүрлі форматтағы оқуға көшуіне байланысты, білім беру орындары аумағында балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ювеналды полиция және патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды.

Балалардың қатысуымен жол апатының алдын алу мақсатында қала орталығында мектептер алдына «тыйым салынатын жол белгілерінің қайталануы» жол таңбалары сызылды, №15, №264 мектептер жанында оқушылардың макеттері орнатылды.

Көшелердің авариялық қауіпті учаскелерінде және басты көшелерде, барлығы 36 шақырымға сары және қызыл түсті жол таңбалары сызылды.

Қызылорда қаласында жылдамдықты асыруды автоматты тіркейтін 13 стационарлы «Аркан» құралдары жұмыс жасауда. Келесі қараша айында осындай тағы 7 жылдамдық өлшегіш құралы іске қосылады.

Құрылғылар орнатылған аумақтарда адам өлімі немесе дене жарақатымен байланысты жол көлік оқиғалары тіркелген жоқ.

Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан жол апатына тікелей әсер ететін жол ережесін бұзу деректеріне аса назар аударылды.

Жыл басынан жол ережесін бұзудың 102 340 дерегі анықталса, оның 55 619-ы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар болды (немесе 54,3%).

Атап айтқанда мас күйде көлік басқарған 791, көлік құралын басқару құқығынан айырылған 188, жаяу жүргіншіге жол бермеген 1 997, жолдың қарсы бағытына шыққан 246, жылдамдықты шамадан тыс асырған 38 264 жүргізуші және 1 908 жаяу жүргіншілер тарапынан жол ережесін бұзу деректері тіркелді.

Автокөлік жолдарында қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мәселенің бірі.

Статистикаға сүйенсек, ауыр зардап әкелген жол апаттары осы мезгілде болады.

Бұл бағытта қараша айының 2-і мен 4-і күндері аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық шарасы ұйымдастырылады.

Жол қозғалысы ережесіне сәйкес (ЖҚЕ-не қосымшаның 5-тармағы, 5-тармақшасы), көлікке аязға төзімді шиналарды уақтылы орнату міндеттелген (ӘҚБтК 590-бабы 5-бөлігі – көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлар – 5 АЕК айыппұл).

Осыған байланысты, құрметті жүргізушілер көліктеріңізді қысқы маусымға дайындап, жол ережелерін сақтап, жолда ерекше сақтық таныту қажет.

Жаяу жүргіншілер өткелінде жолдың жағдайын ескеріңіздер, қар жауып көк тайғақ болған кезде, автокөліктерден қауіпсіз ара қашықтықты сақтаңыз.

Карантиндік шектеулер кезінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі алға қойылды.

Бұл қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда төмендеді.

Жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 611 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, 1770 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып жұбайымен қарым-қатынаста шектеулер қойылды, 369 адамға сотпен ерекше талап орнатылды.

Жалпы әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың басым бөлігі отбасы тұрмыстық жағдайда орын алған, өткен жылмен салыстырғанда +4,2 % пайызға артқан.

Бұл қылмыстардың алдын алу мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам», «Зорлық-зомбылыққа жол ЖОҚ», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» «Тұрмыс», жедел профилактикалық шаралары өткізіліп, шараға полиция қызметкерлерімен бірлесіп үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлер және қоғамдық қор мүшелері жұмылдырылды.

Ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді тығыз қарым қатынас орнату мақсатында 1-ші қыркүйектен 1-ші желтоқсан аралығында «Учаске» профилактикалық шарасы өткізілуде.

Іс-шара кезінде 31 856 пәтер, 75 882 жеке үйлер, 2 876 саяжай үйлері тексерумен қамтылды.

Мекен-жайы жоқ 25 адам қабылдау-реттеу орнына жеткізілді.

Профилактикалық және тізімдік есепте тұрғандар 4 791 рет тексеріліп, олармен қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық әңгімелесу жүргізілді (оның ішінде мерзімінен бұрын босатылғандар 969 рет, әкімшілік қадағалауда тұрғандар 118, ерекше талап орнатылғандар 322, қорғау нұсқама шығарылғандар 794, пробациялық есепте тұрғандар 1736, қолайсыз отбасылар 280 рет тексерілді).

Қоғамдық орында қаңғыбастық пен қайыршылығы үшін 280 кәмелетке толмағандар анықталып, 75-і бейімдеу орталығына орналастырылды.

7132 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 160 азаматқа шара көрілді.

Пәтерлерді заңсыз жалға берудің 46 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар кірістер басқармасына жолданды.

Қаруды сақтау, алып жүру, тіркеу ережесін бұзған 37 азаматқа әкімшілік шаралар көрілді.

Заңсыз айналымнан 29 атыс қаруы, оның ішінде 27-і тегіс ұңғылы, 1-і иір ойықты, тағы 1-і электрлі қару тәркіленді.

Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында ашық жатқан құдықтар, жүруге кедергі келтіретін жасанды бөгеттер, тағы басқа жағдайлар бойынша қалпына келтіру жөнінде құзырлы органдарға 136 ұсыныс жолданды.

Қоршаған ортаны және табиғатты қорғау мәселесі бүгінгі күні өзекті болып отыр.

Экологиялық құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, ескерту, анықтау мақсатында қазан айының 11-і мен 19 қараша күндері аралығында облыс көлемінде «Браконьер» профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Рейдтік шаралар барысында табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылықтың 55 дерегі тіркелді, оның 1-і қылмыстық, 54-і әкімшілік құқықбұзушылықтар.

Оның ішінде, аң аулау қағидаларын бұзған 33, балық аулау қағидаларын бұзған 19 азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар көрілді.

Атап айтқанда, 19 қазан күні Арал ауданы Тастүбек елді мекені «Кіші Арал» теңізі жанында заңсыз 634 кг. балық аулаған 4 аудан тұрғыны ұсталып, сотқа дейінгі тергеп – тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: