Бүгінде аймақта қоғамдық саяси ахуал тұрақты. Жекелеген қылмыс түрлері айтарлықтай төмендеп келеді. Мәселен, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 20 пайызға, тонау 6 пайызға, қарақшылық 100 пайызға, ұрлық 25 пайызға, мал ұрлығы 14 пайызға, есірткі қылмыстары 7 пайызға төмендеді. Бұл өз кезегінде облыстағы қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Бұдан бөлек, облыс прокуратурасының бастамасымен қылмыстың алдын алу бағытында полиция және пробация қызметінің қызметкерлерімен бірлескен арнайы топ құрылды. Осыған сәйкес, қылмысқа бейім тұлғалардың тәуекел тобы анықталып, олармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы прокуроры Ризабек Ожаров хабарлады.
-Облыс прокуратурасы әр жылы қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасына ерекше назар аударады. Тиісінше, қылмыс деңгейін төмендету бағытында біздің бастамамызбен арнайы жобалар қолға алынды. Қазіргі таңда, көрсеткіш жаман емес. Сонымен қатар, биыл облыс орталығында прокуратураның бастамасымен «Тергеушілер слеті» өткізілді. Слетқа тергеу және анықтау саласының жас мамандары, сот, адвокатура, кәсіби сарапшылар, күштік құрылым басшылары, сала ардагерлері мен ғалымдар қатысты. Аталған жиында қатысушылар қылмыстық іс жүргізу мен сот тергеуі кезіндегі кейбір кемшіліктер туралы пікір алмасты. Бұдан бөлек, Қызылорда облыстық полиция департаментінің арнайы жаттығу алаңында білікті тергеушілер жас мамандарға кісі өлтіру, пәтер ұрлығы және жол көлік оқиғасы қылмыстары бойынша оқиға орнына қарап-тексеруден шеберлік сабағы өткізілді. Тағы бір айта кететін жайт, қалада қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 3 мекеме орналасқан. Онда ахуал тұрақты, тәртіпсіздік орын алған жоқ, – деді Ризабек Ожаров.
Брифинг барысында облыс прокуроры тұрмыстық зорлық-зомыбылықтың алдын алу және отбасы институттарының жұмысын одан әрі жандандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
-Облыс прокуратурасы отбасы құндылықтарын нығайту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, ақсақалдар, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында отбасындағы құқық бұзушылықтың арнайы тізімі жасақталып, тиісті шаралар қабылданды, – деді Ризабек Кәрімұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!