Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақтың текеметі керемет қой…

20.03.2021

4884 0

Ұлттық өнердің бірі – киіз басу. Халқымыз әу бастан-ақ, әрбір тұтынған бұйымның қадір-қасиетін тани білген. Бұл күні әрі киім, әрі төсеніш, маңыздысы денсаулыққа пайдалы тұрмыстық бұйымды тұтыну кенжелеп тұр. Дегенмен ұлт өнерін заманауи үлгіде қайта жаңғыртып жүргендер бар. Соның бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Қуаныш Үркінбаев.

Қазақтың текеметі керемет қой...

Бала кезден сурет салумен әуестеніп, есейе келе осы өнерді серік еткен кейіпкеріміз киіз басуды беріде қолға алған екен. Шығармашылық адамы болған соң мәдени шараларға жиі қатысады емес пе? Сондай халықаралық деңгейдегі көрменің бірінде киізге салынған суретке көзі түседі. Көп дүниенің ішінен ерекше көз тартқан картинаға қызыққан ол осылайша, жаңа өнерді игермекке бел буады. Текемет басудың алғашқы қадамы жүннен сурет салудан басталыпты.

– Әуелде қызығушылық киізге сурет салудан басталды ғой. Сәтті шыққан туындылар сұранысқа ие болды. Кейін тұтынушылар «текемет баса аласыз ба?», «киіз бассаңыз қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Осыдан соң пайдалы дүниені неге жасап көрмеске деген ой келді. Әрі ұлттық өнерді жаңғыртып, қолданысқа енгізсек игі іс емес пе? Киіз басу технологиясын зерттеп жүзеге асырдым. Сұранысқа сай текемет басып, ол көпшілік көңілінен шықты, – дейді кейіпкеріміз.

Қазақтың текеметі керемет қой...

Текемет басуда негізгі шикізат қойдың жүні екені белгілі. Халқымыз мұның пайдасын оқу, білімсіз-ақ жақсы білген. Өкінішке орай, қазір көпшілік киізді қолдана бермейді. Текеметтің орнын түріктің, иранның түкті кілемдері басты. Киізден гөрі салмағы жеңіл кілемді қолайлы көреді. Сондай-ақ киіз шаң жинайды дейтіндер бар. Кейіпкеріміз Қуаныш Үркінбаев текеметті жаңаша үлгіде, қол­данысқа қолайлы етіп шығаруда.

– Негізгі шикізатты өзге өңірден алдырамын. Көбіне меринос, қазақы қызыл қойдың жүнін тұтынамын. Қажетті бояу­ларын да табиғаттан аламын. Яғни, барлығы таза табиғи өнім саналады. Меринос қойының жүні биязы, жіңішке талшықты, жұмсақ келеді. Сондықтан одан жасалған бұйымдар әсемдікке қолданылады. Бұл өнімнен жасалатын текеметті көп­шілік тұсаукесерге қолданады. Сондай-ақ кеуде­шелер, қол сөмке, тақия, моншаға керекті бұйым жасаймыз. Ал қызыл қойдың жүні тығыз, қалың болғандықтан төсенішке таптырмас дүние. Одан жасалған киіз тығыз, қалың болады. Тұтынушының талғамына сай етіп дайындап беремін. Қазір жасанды дүниелер көп қолданыста ғой. Тұрмысқа қажетті барлық заттың құрамы синтетикалық талшықтан тұрады. Оның адам ағзасына тигізер пайдасы жоқ. Ал жүннен жасалған бұйымдар ертеден қолда­ныста бар нағыз табиғи, таза өнім. Тіпті бояуының өзін жантақ, қарағай, жусан сынды өсімдіктерден аламыз, – дейді ол.

Қазақтың текеметі керемет қой...

Бүгінде Қуаныштың өз шеберханасы бар. Киіз басу екі қолдың күшімен, ешқандай құрал-жабдықтың көмегінсіз жүзеге асады. Текемет басудың ертеден қалыптасқан өзіндік әдіс-тәсілі, жөн-жоралғысы бар. Маусымдық шараның салтанаты ауыл жұртына жақсы таныс. Қой қырқудан басталатын шара әрі қарай киіз басу науқанына жалғасады. Мұның барлығы күшті талап ететін жұмыс. Мұндай еңбек әрине, жоғары бағаланады. Ал жұртшылық ұлттық бұйымдар бағасының қымбаттығын айтып жатады. Алайда мұндағы бағалар қолжетімді. Әрі текеметтің денсаулыққа пайдасы көп. Осы орайда Қуаныш Үркінбаев қой жүнінің суық өткізбейтін, қан айналымын жақсартатын қасиеті барын ерекше атап өтті. Осыны ескеріп, тәй-тәй басқан сәбиге төсеніш ретінде тапсырыс беретіндер де бар екен. Кәдесый ретінде киіз сөмкелерге тапсырыс жоғары. Оның ішіне асық салып, сыйлыққа ұсынатындар салт-дәстүрімізді осылай жаңғыртып жүр.

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: