Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қош келдің, сиыр жылы!

20.03.2021

2998 0

Әрбір атқан таңнан береке тілеп, жаңа күннен жақсылық күтетін халықпыз. Содан да болар қазақ халқы әр жылдың ерекшелігін, жаман-жақсысын бағамдап, соған сай бағасын берген.

Қазақша жыл санау бойынша биыл сиыр жылы. Жыл басы тышқаннан кейін келетін бұл үй жануарының халық түсінігінде отбасының асыраушысы саналады. Ішсе сусын, жесе тамақ, сатса пұл болатын Зеңгі баба тірі жанға зияны жоқ. Сондықтан сиыр жылын жұртшылық молшылық, тыныштық орнаған берекелі жыл болады деп күтеді.

Өткенге шолу

Өткен ғасырға көз тастап, жыл санауға үңілер болсақ сиыр жылы 1901 жылы келген екен.  Одан кейінгі жылдарда бір мүшелді артқа тастап 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009 және 2021 жылға сәйкес келіп отыр. Ал тарихқа көз жүгіртсек, сиыр жылына тұспа-тұс келген әр уақыттың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, 1901 жылы Қазақстанда өнеркәсіп, сауда-саттық саласы дамыды. Оған сол жылы Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы үлкен себеп болды. Ұзындығы 1668 шақырым болатын темір жол құрылысын жүргізуге 40 мыңға тарта қазақ атсалысты. Осылайша еліміз өркениетке алғашқы қадам жасады. Бұдан кейін сиыр жылы 1925 жылға тура келіп, қазақ халқы үшін оңай болмады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Голощекин сайланып, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранымен өткен саяси науқанның салдары ашаршылыққа әкелді. Өкініштісі сол 1937 жылғы қуғын-сүргін де сиыр жылымен қатар келді. Халқымыздың бетке ұстар азаматтары осы жылы ату жазасына кесіліп, саяси құрбан болды. Халқымыз үшін тағы бір апатты жыл 1949 жылы басталды. Дәл осы жылдың тамыз айында Семей полигонында ядролық сынақ жүргізіліп, зардабын қарапайым халық тартты. Бұл да сиыр жылында орын алған жағдай еді. Осындай оқиғалардан соң сиыр жылы ел есінде қиындық пен ауыртпалық жылы болып ұзақ есте қалды.

Ал жыл қайыру есебі бойынша сиыр жылының бесінші мүшелі 1961 жылдың тұсы еді. Бұл жылы КСРО қарамағындағы елімізде ғылыми-техникалық үдеріс болып, Байқоңыр ғарыш айлағынан адамзат тарихында алғаш рет Ю.Гагарин ғарышқа сапар шекті. Осы ғылыми өркендеудің нәтижесінде өнеркәсіп саласы жаңа бағытта дамыды. Елімізде мұнай, газ өндіру, кен орындарын ашу, химия өнеркәсібі қарқын алды. Қуанышы мен қайғысы қатар жүрген сиыр жылында жаңа өзгерістер де орын алған. Сонау 1973-1985 жылдар ел есінде елеулі орын алмаса да, ашаршылық, қуғын-сүргіннен ада, тыныш заман болды. Одан кейінгі сиыр жылы 1997 жылға тура келді. Бұл еліміз егемендікке жетіп, жарқын болашаққа бағыт алған уақыт болатын. Қазақстанның жаңа белеске қадам басып, тәй-тәй басқан жас мемлекеттің тіршілік тамырына қан жүгірген кезеңі еді. Дәл осы жылы ел астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығы шықты. Сондай-ақ оның халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы «Қазақстан-2030» стратегиясы жарияланды. Содан бері қазақ елі үшін қай жыл болса да өсіп-өну, өркендеу жылы болып келеді. 2009-дағы сиыр жылы да еліміздің өткенге шолу жасап, ертеңге жоспар құрған сәтті кезеңі болды. Бұл кезде ел экономикасы тұрақталып, еліміз дамудың даңғыл жолына түскен.

Міне, осылайша еліміз егемендік алғалы бері сиыр жылының дау-жанжал, қиындықтар мен ауыртпалықтар көп болады деген түсінігі жойыла бастады.

Бүгінге бағам

Жалпы мұсылман күнтізбесі бойынша үй жануарларының жылы жайлы жыл болады деп болжанған екен. Сиыр да сондай. Оны жуас, момын мал ретінде таныған жұртымыз сол жылдан мамыражайлықты күткен. Сол мамыражай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» жылдан биыл да үміттіміз. «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп, жаңа жылға да қадам басқалы тұрмыз. Тышқан жылымен келген індет өзімен кетіп, бұл жолғы сиыр жылы тек жақсылыққа, игі істерге толы жыл болмақ деп болжануда.

Мамандар растайды

Әр жылды ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделейтін жұлдызнамашылар да сиыр жылын табысты жылға теңеп отыр. Тек кез келген өзгерістен, жаңа мүмкіндіктен қорықпаған дұрыс. Қолға алған ісіңіз бірден нәтиже бермесе де, уақыт өте жемісін жейсіз. Сондай-ақ нумерологтар биылғы жылдың басты саны 5 дейді. Бұл сан адамзат өміріне өзгеріс әкеліп, бәрін өз орнына қоятын көрінеді. Ең қызығы жеке бастың қамын көздейтіндер бұл жылы қайырымдылық жасауға бейімделіп, тіпті оны әдетіне айналдырады. Ал мұны әдетке айналдырған жандарға сиыр жылының жақсылығы мол болмақ.

Өткен жылдың ел экономикасына, бірқатар салаға әкелген өзгерісі бұл жылы да өзгеріссіз қалуы мүмкін. Мамандар оған қарсы тұрудың қажет еместігін айтады. Керісінше ондай өзгерістерді оң қабылдаған жөн екен. Ең маңыздысы жылдың екінші жартысында әлемді жайлаған індет жойылып, ахуал жақсара бастайды деген болжам бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Сиыр жылы табысқа, бақытқа кенелткен жыл болғай!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: