Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Қышқаланы қорғау керек»

27.07.2021

1430 0

Бүгінде аймақтағы көне шаһарлардың сан ғасыр­лық тарихы мен ондағы архитектуралық шешім ға­лымдардың қызығу­шылығын оятып, ғылыми талас көзіне айналып ке­леді. Әсіресе, уақыт қойнауында қалған тылсым қалалар өткеннің анық бедерін тануға, ата-бабаның өмір-салтын тап басуға ықпал етуде. Сыр бойындағы Қышқала шаһары да осындай қайталанбас қолтаңбасымен тың зерттеу көзіне айналған. Себебі Алтын Орда дәуіріне тиесілі қайталанбас нысан Орта Азия тарихи жәдігерлерінде кезікпейтін ерекшелікке бай. Осыған орай апта басында үш жылдан бері көне қалада қазба жұмысын жүргізумен айналысқан ға­лым, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының же­тек­­ші ғылыми қыз­меткері, тарих ғы­лымдарының кан­дидаты Дөкей Тәлеевпен сұхбат­тас­қан едік.

«Қышқаланы қорғау керек»

– Дөкей Әбдікәрімұлы, қазіргі таңда Сыр өңірінен табылған Қышқала шаһары аймақ үшін маңызды тарихи нысанға айналды. Жалпы шаһар туралы мәлімет қай кезеңнен белгілі? Бұған дейін қазба жұмысын жүргізген зерттеу топтары мен ғалымдар туралы айта кетсеңіз.

– Ортағасырлық Қышқала Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Қоғалыкөл ауылдық округі маңында ор­наласқан. Бұл қаланы алғаш рет 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген  В.А.Каллаур ашып, оны Кыс-қала (Гыш-қала) немесе Тасқала деп атаған. Ғалым қаланың Перовскіден шығып, Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 шақырымында  орналасқаны  туралы жазған болатын. Ал 1946 жылы тарихи нысанда С.П.Толстов басқарған  Хорезм археологиялық-этнографиялық экс­педи­циясы (ХАЭЭ) болған. Зерттеу тобы нысанның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанас пен Женттің аралығында орналасқанын көр­сеткен. Бұл – алғашқы зерттеу барысы.

Енді отандық ғалымдарға келер болсақ, 1960 жылы Ә.Қоңыратбаев пен Ғ.Мұсабаев Қышқалада зерттеу жұмысын  жүргізген. Ә.Қоңыратбаев Қышқаладағы моладан адамның, аттың сүйектері,  сырланған көзелер сынығы табылғанын айта келіп: «Қышқала демектің мағынасы онда қыштан салынған кішігірім Сарай (орда) болған…. 1960 жылы біздер (ішінде Ғ.Мұсабаев бар) бірер метр жерін қазып, күйдірілген  кірпіштен жасалған бармақтай сырлы құмыра таптық. Ішіне 25 грамм су кетеді, тұтқасы сынған. Осы төбенің  астынан күміс ақша табылған. Сол жерден 1960 жылы мен сор бетіне шығып қалған алтын теңге таптым. Бірақ бұл жерде (Қышқаланы айтып отыр) қамалдың ізі жоқ… «Қышқала» деген атау ел аузында жүрген кейінгі сөздер болса керек. Сыр бойында ондай қаланың аты жоқ», – деген еді.

Дегенмен Қышқала қаласындағы ал­ғашқы толыққанды археологиялық қазба жұмысын 1990 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтындағы (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚУ) сту­денттер тобы  ұйымдастырды. Қазбаға арнайы шақыртумен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен археолог М.Елеуов екеуміз қатыстық. Негізі 90 жыл­­дарда Қышқалада жүргізілген қазба жұ­мыстарының барысы, онан табылған архео­логиялық заттар жайлы мәліметтер «Кейін­гі ортағасырдағы  Арал өңірінің қала­лары (XIII-XVIII ғғ.)» тақырыбымен Т.Мәмиевтің тарих ғылымдарының канди­даты ғылыми дәрежесін алу үшін жазған диссертациялық жұмысында қысқаша жазылған.

Сондай-ақ 2018-2020 жылдар ара­лығында Қышқаладағы қазба жұмыс­тарын сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің тікелей қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археологтары қазба жүр­гізгені мәлім. Ал биыл қазба жұмысын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің профессоры М.Елеуов ҚР БжҒМ-ның мемлекеттік гранты қаржысына жүргізді.

«Қышқаланы қорғау керек»

– Қышқаланың Сыр өңіріндегі ескі шаһарлардан қандай айырмашылығы болған?

– Қыштөбеде жүргізілген топо­графия­лық зерттеу жұмыстары қаланың  батыс және оңтүстік-батыс шетін алып жатқан аймақтан оншақты дөңгелек (сопақ) кел­ген төбелерді анықтады. Төбелердің диаметрі 30-35, биіктігі 3-4 метр болады. Бір ерекшелігі, анықталған төбелердің басым көпшілігінің үстінде күйдірілген қыш кесек сынықтары мен бір беті түрлі түсте (көк, ақшыл көк, қою қаракөк, сары т.б.) сырланған жапсырмалар мен бір бетіне пышақпен кесіп, өрнек салынған тақталардың сынықтары көп кездеседі.

Қалашықтың оңтүстік-батыс шетінде орналасқан осындай екі төбеге қазба жүргізілді. Қазба барысында олардың екеуі де бір кездегі керемет кесенелердің орны екендігі анықталды. Алдын ала жасалған болжам бойынша қас беттері  майолика және бетінде ойып-кесіп салынған өрнегі бар қаптамалар мен тақталар жапсырылған бұл кесенелер өз дәуірінде елге сыйлы, беделді адамдарға арнап салынған болса керек. Өкінішке орай кесенелер әртүрлі себептермен түбіне дейін талқандалып кеткен. Қала маңында осындай кесенелер­дің саны он шақты болғаны анық.

Біз қазған нысандардың көлемі, сәу­леткерлік ерекшелігі, безендіру нақышы олардың аса шеберлікпен салынған ғұрыптық ғимарат екендігін білдіреді. Қышқаланы қоршаған осыншама кесе­нелер кешені жайлы жазба деректер ештеңе айтпайды. Дегенмен соңғы зерт­теулер нәтижесі Қышқаланың маңында шоғырланған кесенелер қандай да бір құпияны бойына бүгіп жатуы мүмкін екендігін аңғартады. Кесенелердің мол­дығы қаланың Алтын Орда зиялыларын жерлейтін аймақтық киелі орын (пантеон) болған деген ой туғызады. Қышқаланың Сыр бойындағы басқа шаһарлардан басты айырмашылығы осыда ма деп ойлаймын. 

«Қышқаланы қорғау керек»

– Қазір ескі шаһар аумағындағы қай нысандарға қазба жұмысы жүргізілуде?

– Біз қазған нысанның қайсысы болса да қала жүйесіндегі аса маңызды құрылыстар. Осы жылы екі кесененің орны ашылды. Кесенелерді сәулеткерлік ерекшелігі мен безендіру нақыштары бойынша ХІV-ХV ғасырлар деп мерзімдеуге болады. Қаланың өмір сүрген уақытын анықтау мақсатында арнайы кесік салынды. Кесік­тен алынған материалдар негізінде анық­талған мәлімет бойынша, қала ХІІ-ХV ғасырлар аралығында өмір сүрген. Осындай мәліметтерге сүйене отырып, қала Алтын Орда дәуірінде өмір сүріп, осы өңірдің ірі мәдени-сауда орталығы болған деп болжам айтуға келеді.

– Тарихи нысан сақталуы қай деңгейде?

– Қаланың сақталу деңгейі жөнінде ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Жүргізілген қазба жұмыстары тұрғын­дардың қаланы қандайда бір себеппен тастап, басқа жерге қоныс аударғанын көрсетеді. Қала тұрғындарының қайда қоныс аударғандығын анықтау мақса­тында Қышқалаға жақын аймаққа арнайы археологиялық барлау жүргіздік. Әзірге нақты жауап табылмады. Бос қалған қала алғашында табиғи құбы­лыстар әсерінен, кейіннен жергілікті тұрғындардың тарапынан болған бүлін­шіліктен талқандалған. Осы күні көзі тірі ауыл қарттары ХХ ғасырдың 60-70 жылдары әлгінде сөз болған кесене­лердің қабырғалары 2 метр биіктікке дейін тұрғанын айтты. Ескі құрылыс кірпіштерін тұрғындар басшылардың ұйымдастыруымен бұзып алып, мектеп, контор секілді ғимараттардың құрылысына пайдаланған екен. Қамар Рүстемов, Исламбек Әшіров секілді ауыл ақсақалдары Қышқаладағы құрылыстарды бұзып, онан алған қыш кесектерді ауылға арбамен, көлікпен тасып, жаңа құрылыстарды салуға пайдаланғанын жеткізді. Сондықтан шаһардың сақталу деңгейі көңіл көншітеді дей алмаймыз.

– Жалпы Қышқала шаһардың негізгі атауы болған ба? Қала атауына қатыс­ты «Баршынкент» «Қызқала», «Қыштөбе» болжамдар жиі айтылады. Тіпті мекен атауын «Алпамыс батыр» жырында­ғы Гүлбаршынмен байланыстыратындар да бар. Нақты ғылыми тұжырым қандай?

– Сұрағың орынды. Бүгінде көптеген ғалымдар Қышқаланы жазба деректерде «Барчканд», «Барчин», «Барчинлигкент» деген аттармен кездесетін ортағасырлық қаламен баламалап жүр. Әлкей Марғұлан осы болжамды негізге ала отырып, қаланың атын әйгілі Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынның есімімен байланыстырған болатын. Мұндай болжамдардың дұрыс­тығын соңғы жылдарда жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары да растап отыр. «Қыштөбе», «Қышқала» деген ұғымдар қала орнында сақталған қызыл қыш үйінділеріне байланысты туындаса, «Қызқала» мағынасы тікелей Баршынның (Гүлбаршынның) есімімен астасып жатыр. Жазба деректерде айтылатын қаланың орны да осы аймаққа сәйкес келеді. Осының барлығы Баршынкенттің орны осы біз қазба жүргізіп жатқан қалашық екендігін аңғартады. Келешекте атқарылатын зерттеу жұмыстары біздің осы болжамымызды одан әрі негіздей түседі деген ойдамыз. Біз қазған кесененің негізгі қабірханасынан табылған екі кісінің мәйіті арнайы зертханалық сараптамаға жіберіледі. Сол сараптаманың нәтижесі бойынша да бірсыпыра ғылыми тұжырым жасау мүмкіндігі туары анық.

«Қышқаланы қорғау керек»

– Үш жылға созылған археологиялық жұмыстың нәтижесі қалай? Шаһарға қатысты алдағы жоспармен бөліссеңіз?

– Атап өткенімдей, 2018 жылдан бері Қышқала тарихи нысанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры М.Елеуов басқарған «Тұран археологиялық экспедициясы» мен Әлкей Марғұлан атын­дағы археология институты және Ұлттық музей мамандары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Үш жыл ішінде 9 жерден қазба салынды. Солардың қатарында аса маңыздылары деп Керуен-сарайдың орны, Үш Кесененің қирандысы, қыш күйдірген пеш, т.б. нысандарды айтуға болады. Алдағы уақытта қаңқалардың шетелден келетін сараптамасы келешек зерттеу барысын шешеді.

Сөз соңында аймақ тарихында маңызы бар тарихи нысанның келешегі туралы айтқым келеді. Бүгінде шаһардағы негізгі нысандарға уақытша қорғау аралары жасалды. Алайда бұл жеткіліксіз. Қыш­қаланы қорғау керек.

Сонымен қатар олардың бірқатарын туристік нысанға айналдыру мүмкіндігі бар еді. Алайда облыстық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм басқармасы мамандары тара­пынан ешқандай қызы­ғушылық бай­қалмады. Себебі біз зерттеу жүргізген басқа өңірлердегі (Түркістан, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан аймақтары) туризм саласының мамандары ширақ қимылдап, қазба барысында анықталған киелі нысандарды туристік бағдарламаға қосу әрекеттерін жасап жатады. Өкінішке орай, сала мамандары тарапынан ондай қадам кешеуілдеп тұр. Бұл қадам қолға алынса тарихи жәдігерлердің сақталу сапасы артып, аймақ экономикасының даму қарқыны үдер еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: