Сенбі, 27 сәуiр, 00:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жер жәннаты – Жетісу

24.04.2021

6561 0

Бұл аймақтың «жер жәннаты – Жетісу» аталатыны неліктен? Ал «Жетісу» атауы нені білдіреді? Ғалымдар өңірдің Жетісу аталуын жеті түрлі өзенмен байланыстырады. Алайда нақты қай өзендер дегенде олардың пікірлері сан тарапқа бөлінеді. Мысалы, А.К. Гейнс жеті өзенге: Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. Ал кейбір географтар өңірдің шығу тарихы нақты өзендермен емес жалпылама алғанда өзенге бай өңір болғасын және қазақта жеті санын киелі санауымен байланыстырады.Жетісу аумағы Солтүстіктен Оңтүстікке дейін 900 шақырым және Шығыстан Батысқа дейін 800 шақырымды алып жатыр. Осындай ұлан-ғайыр алқаптың табиғаты да әртүрлі.  Таудың етегі ауасы ылғалды, салқын болса, енді бір жерлерде көк майсаға бай, өзендер мен тау бұлақтары көп, егін егіп, мал жаюға өте қолайлы жерлер кездеседі.

Жетісу өңірінің жеті кереметі

Шарын шатқалы, Шарын каньоны – Шарын өзені. Шатқал Алматы қаласынан 195 шақырым шығысқа қарай орналасқан. 2004 жылдан бері Шарын ұлттық паркінің құрамына кіреді.

Шарын шатқалы жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан түзілген та­би­ғат ескерткіші. Каньон құздарының биік­тігі 150-300 метрге жетеді. Шарын шатқалы – Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 154 км созылып жатыр.

«Айғайқұм»

Шағыл құмдардан құралған – «Айғайқұм» табиғи  ескерткіші. «Айғайқұм» үлкен және кіші Қалқан тауларының ортасында тастақты жазықта орналасқан. Жалпы аумағы 240 гектар жер негізгі екі бөліктен тұрады. Оңтүстік құмның биіктігі – 150 м, ал солтүстік құмның биіктігі – шамамен 100 м, абсолюттік биіктігі – 600-650 м. Құмның оңтүстік бөлігінде таза шағыл құмдар арасында өсімдіктер өспейді. Екі таудың ортасындағы жел айналымының әсерінен құм осында үйіліп, нәтижесінде үлкен құм төбеге айналған. Тағы бір қызығы, қатты желді күндері құмнан ұшақтың даусына ұқсас дыбыс шығады және құм қатты жел болса да еш уақытта өз қалпын жоғалтпайды. Осы құмның дыбыс шығаруын көптеген ғалымдар зерттеген, десек те олар әлі бір нақты тұжырымға келген жоқ. Құмның дыбыс шығаруына байланысты көптеген аңыздар да бар. Қазіргі таңда «Айғайқұм» Қазақстанның жеті кереметіне енген және мемлекеттік маңызы бар табиғи ескерткіш мәртебесі берілген.

Табиғаттың тартуы – Әулие ағаш

Жетісу жерінде жуандығына бес адамның құшағы әрең жететін, жеті ғасырдан бері өсіп тұрған алып ағаш бар. Күллі халық ол ағашты «Әулие ағаш» деп атайды.

Ел ішінде ағашқа қатысты аңыз-әңгімелер мен оқиғалар жиі айтылады. Дендролог мамандар бұл ағашқа ғылыми анықтама бермесе де оның қарағаш екені мәлім. Оның жасы ел айтып жүргендей 700 емес, 750 жыл­дан да көп болуы мүмкін.

Бүгінде алып ағаштың айналасы толықтай қоршалған. Тәу етіп келушілерге арнап са­лын­ған өз қонақжайы, асханасы бар. Әулие ағаштың қалың елдің назарын өзіне аудара­тындай, әрі «әулие» атанатындай қандай қасиеті бар десеңіз, мына аңыз-әңгімелерге назар аударыңыз. Есте жоқ ескі замандарда Құдайдың жеті сүйікті құлы Меккеге сапарлап бара жатып, осы жерге аялдаған. Солардың ішінде Шамашұрып деген әулие жатар алдында қолындағы асатаяғын жерге қадап қояды. Таңертең қараса әлгі таяққа жан бітіп, тамырын тереңге тартқан, жапырағы жайқалып тұрғанын көреді. Сол кезде Жарат­қанның шексіз құдіретіне сансыз мадақ айтуын тоқтатпаған Шамашұрыптың жүрегiне «Тиме, өсе берсiн!» деп аян берілген деседі. Содан бастап Шамашұрып баба Меккеге жеткенше жеті жерге асатаяқ қадап кетіп отырған. Қасие­ті артқан мұндай ағаш дәл қазір әлемнің үш елінде бар. Оның бірі – Меккеде, екінші­сі – Қытайда, ал үшіншісі – осы.

Тамшыбұлақ тарихы

Табиғаттың сыры бізге беймәлім небір жақұт-жауһарлары бар. Солардың бірі – жер жаннаты Жетісудағы Тамшыбұлақ мекені. Көз жасындай мөлтілдеп төменге құлап ағып жатқан бұлақ суын жергілікті халық емдік су деп атайды. Табиғаттың тамаша сыйын пайдаға асырсақ, халықтың демалуына, туристерді тартуға мүмкіндік болар еді. Әйтсе де Ақсу өңірінің тұрғындары Қапалдағы көрікті орынға тамсанумен келеді.

Қапал – Жетісу жеріндегі табиғаты тамылжыған, тарихи тұнып тұр­ған өңір. Бір ғана Кү­реңбел асуы сан бояуымен сұлу көрінсе 1,5 ғасырлық тарихы бар Қапал ауылынан XIX ғасырдың талай жәдігерін байқайсыз. Мұнда орыс көпестерінің ағаш үйлері де, Шоқан Уәлиханов еккен 3 емен де әлі күнге бар. Тамшыбұлақ айналасын жалбыз көмкеріп, жап-жасыл мүк басқан бұл қабырғалардан қысы-жазы көздің жасындай тамшылар ағып тұрады. Бір ерекшелігі, бұл қабырғалар сан ғасыр өтсе де еш мүжілмеген.

Тамшыбұлақтың суы өте мөлдір әрі мұздай. Ішкеннің шөлін қандырып, шо­мылғанды сергітеді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, суы азайғанымен, еш бүлінбеген. Емдік қасиеті бар. Жергілікті жұрт кейде ем іздесе немесе еңсесі түссе, осы бұлақтын басына келеді. Қысы-жазы бірқалыпты ағып жататын Тамшыбұлаққа қатысты ел аузында аңыз қалған.

Көлсай көлі

Жетісу жерінің сұлу төрі саналатын ауданның мерейі мен мәртебесін асырып отырған көркем өңірлер жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі алыс-жақын шетелдердің қызығушылығын туғызып жүрген көрікті Көлсай. Тұп-тұнық, қашан барсаң да көкпеңбек болып көздің жауын алып жататын Көлсай көлі шын мәнінде ғаламат. Аялап қана алақанға салғандай, айналасы жасыл шыршамен ғана көмкерілген мөп-мөлдір сұлулық символы. Табиғаттың тамаша туындысы іспетті.

Сұлу да сымбатты, көркем де келбетті Көлсай өлкенің ғана емес, Отанымыздың да мақтанышы. Үкіметіміздің арнайы қаулысымен «Көлсай» көлдері» ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесінің құрылып, жұмыс жасап келе жатқаны да соның дәлелі. Бұл таңғажайып көл мемлекетіміздің тікелей назарында, қамқорлығында. Көлсай көлдері – өлкенің мақтанышы.

Көлсайдың тамаша өңірі жануарлар мен өсімдік әлеміне бай. Тіпті ғажайып мекенде сирек әрі жоғалып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар ұшырасып жатады. Оған таңдануға болмайды. Мұнда көне мәдениеттік мұраның орындары бар. Ұлттық парк аумағында 40 түрлі жеміс-жидек өседі. Көлсай өңірінде 226-ға тарта жан-жануар кездеседі. Жалпы алғанда Қазақстандағы жануарлардың 21 процентін дәл осы өңір құрайды. Аталған жан-жануарлардың ішінде Қызыл кітапқа енген сүт қоректілердің 6 түрі, құстардың 13 түрі бар.

Алакөл көлі

Алакөл ойпатында ұзындық 120 шақы­рымдай, ені 55 шақырым болатын Алакөл көлі бар. Демалыс аймағында жүргізілген соңғы жөндеу жұмыстарынан кейін, Ала­көлдің көркіне көрік қосылып, жыл сайын демалушылардың қатары көбеюде. Көл суы көптеген ауруларға ем. Жағаға жақын, тығыз орналасқан демалыс үйлері өте көрікті және мейрамханалар саны да көп. Алакөлдің ши­палы суын танымалдығы сонша, әлемнің түкпір-түікпірінен армандап келетіндер аз емес. Жаздың ыстық күндерінде бұл жерге кемінде 100-150 мың адамға дейін келіп кетеді екен.

Түрген сарқырамасы

Түрген сарқырамасы – Іле-Алатау ұлттық саябағының сұлу шатқалында орналасқан. Алматы облысының туристер баратын орындарының бірі. Түрген шатқалында 7 сарқырама бар. Адамдардың жиі баратыны «Аюлы» және «Қайрақ» сарқырамасы.

«Қайрақ» сарқырамасындағы ағаштың биіктігі 40 метр. Шатқал жер бетіне жайылып шыршалы кілем құратын өзінің Шын Түрген мүкті шырша ағаштарымен танымал. Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан, Іле Алатау табиғи паркінің көрікті жерлерінің бірі саналады.

Табиғаты көрікті, ауасы саф, суы таза Түрген шатқалы флора мен фаунаға өте бай. Мұнда құрғақшылыққа төзімді Семенов үйеңкісі, Мушкетов кургавкасы, жабайы өрік ағашы, Сиверс алма ағашы, қайың мен терек, қылқанжапырақтылардың түрлері, оның ішінде шырша қаулап өседі. Түргенде бұтасын өсімдіктерден қарақат, бөріқарақат, таңқурай, бүлдірген, қойбүлдірген, итмұрын өседі. Жануарлардан қоян, борсық, тиын, қабан, тауешкі, қасқыр, аюды және жылан мен құстың түрлерін кездестіруге болады. Ерте заманда бұл жерде шығысқа қарай, яғни Қытай мен Үндістанға керуен жолдары жүретін болған. Түрген ойпаты өзінің су сарқырамаларымен әйгілі.

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай өлке. Біздің елдегі көрікті жерлерді айтып тауыса алмайсың, сірә!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: