Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Балаларды бақытқа бөледі

01.06.2021

6575 0

Жадыраған жаздың алғашқы күніне тұспа-тұс келетін төл мереке – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мереке әлемнің барлық елінде аталып өтеді. Баланың күлкісі бәрінен қымбат. Оларға жыл он екі ай қуаныш сыйласақ та артық етпейді. Осыны ескерген «Фарматека» ЖШС-ның атқарушы директоры Равиль Гайниев балаларға қуаныш сыйлады. Ол көпбалалы отбасылардың балаларына 10 велосипедті тегін таратып, мәрттігін көрсетті.

Балаларды бақытқа бөледі

Қайырымдылық – ізгіліктің нақты көрінісі, адам­ның асыл қасиеттерінің бірі. Адам өз ұрпағына қайы­рымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиет­терге баулуға ұмтылады. Мұқтажы өтелген жанның қуанышын көру, батасын алып, ризашылығына бөлену шынында керемет сезімге бөлейтіні де рас.

– Жер бетіндегі әр сәби, әр бала бақытты болуға лайықты. Әрқашан бейбіт күн нұрын төгіп, ашық аспан астында балалардың сыңғырлаған күлкісі есті­ліп тұрсын. Барлық балалар азат елдің құшағында отан­шыл, арманшыл, бақытты болып ғұмыр кешсін! Бала­лар – біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміз­дің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Бүлдіршіндерді мерекемен құттықтай­мын, – деді «Фарматека» ЖШС-ның атқарушы директо­ры Равиль Гайниев.

Балғындар велосипед алғанда ерекше қуанышқа бөленді. Оларға велосипедпен қоса доп, басқа да спорттық заттар табысталды. Тізімдегі балалардың бәрі көпбалалы отбасыдан шыққан бүлдіршіндер. Ата-аналар мен балалар естен кетпес мереке ұйымдастырғаны үшін өз ризашылықтарын білдірді.

Балаларды бақытқа бөледі

– Бала – адам өмірінің жалғасы, тір­шілігінің мағынасы, ата-ананың дүниедегі ең басты қазынасы. Жарық әлемдегі әрбір сәби ата-ананың жүрегінің бір бөлшегі, көңілінің күні. Ата-ана биік бәйтерек болса, перзенттері оның жайқалған жапырағы іспетті. Расында да, ұрпақ өрбітіп, тіршілікте тамыр жаюды ниет қылған адамзат үшін бақыт пен қуаныш ұғымдары өзінің жанынан жаратылған баламен байланысты болып мәңгі қала беретіні ақиқат. Бүгінгі балаларға қуаныш сыйлап отырған кәсіпкерге айтар алғысымыз шексіз, – деді 9 бала тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана Шолпан Саимова.

Балаларды бақытқа бөледі

Қайырымдылық қоғамға қажетті құндылық. Жақсы істің жаршысы болып келетін қайырымды жандардың бірі Равиль мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта да балаларға қуаныш сыйлауға дайын.

«Жерде бір бала қуанса, көкте жүз періште қуанады» дегендей, төл мерекелерінде бөбектер үлкендердің көр­сеткен қамқорлығына мәз мейрам болды.

Жарасхан Қуанышбайұлы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: