Жексенбі, 08 желтоқсан, 05:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Балалықтың бақытты бір күні

29.11.2022

2574 0

…Бүгінгі таң мен үшін ерекше. Себебі бүгін 4 шілде. Жаз. Демалыс. Қораздың қиқуынан да бұрын тұрып алған мен даладағы мұздай суға жуынып алдым. Енді таңғы ас ішу керек. Содан кейін ұзақ уақыт күткен шаруаға аттанамын. Жалғыз емес, әжеммен бірге барамыз.

Төрде отырған әжем кеседегі шайын асықпай ішіп отыр екен. Мен де дастархан басына отыра салып, жеңгем қуырған жұмыртқа мен сепаратордан жаңа шыққан қаймақты нанға жағып жеп алдым. Тамаққа тойып алсаң жаяу жүру қиындайтынын білмеймін. Дастархан басында малға шөп, үйге керек-жарақ алу туралы әңгіме өрбуде. Бірақ маған оның біреуі де қызық емес. Таңғы асымды ішіп болғанымды байқаған жеңгем: «Болсаң киіне бер, әйтпесе үлгермей қаласың», − деген соң атып тұрып, үйге кірдім.

Үш ай демалыс түгелдей әженің үйінде өтетіндіктен бұрынғыша киімдерім сөмкеде емес, кәдімгі шкафтың бір бұрышынан арнайы берілген орында жиналып тұр. Шешемнің көшеге киетін деп көрсетіп кеткен киімдерінің ішінен ең әдемісін, «Бэтменнің» суреті бар жейдемді алдым. Құдды бір қалаға баратындай сәнденіп жатырмын. Әйтпесе баратын жеріміз осы ауылдың іші ғой. Не де болса шыттай боп киініп, далаға шықтым. Су жаңа сандалиімді киіп, аулада әрлі-берлі жүрдім. Уақыт өткізіп ойнайын десең болмайды, киімімді бүлдіріп аламын. Ауланы шамалы айналшықтап, үйдің төбесіне бүгін ғана жайылған құрттың біреуін аузыма салып жібердім. Кеппеген құртты тауысқан соң ұртымды жуып, «қылмысты» жасырдым да әжеме: «Түф, әже, тездетші», − дедім. Ол да міне, міне, дегендей көзбен ымдап, піскен тарысын ылдым-жылдым жеп жатыр. Сон соң ол да «әй-әй» киімін киюге үйге кіріп кетті.

Арада аз уақыт өткен соң әжем де шықты. Бүгін ол да ең әдемі деген киімдерін киген. Үстінде өткен айда алпыс жасқа толғанда Алматыдағы қызы сыйлаған әдемі ақ көйлегі. Өткенде құдалыққа барғанда жаңа құдалардың жапқан әдемі өрнегі бар қызыл кәжекей. Оның үстіне баласын көкке көтеріп тұрған ананың суреті бейнеленген алтын алқасы да жалт-жұлт етеді.

Шыттай боп көшеге шыққан Гүлзада  әжей Жайқоныстың баласын жетектеп ауылдың орталығы «Победа» көшесімен асықпай аяңдап келеді. Әжесінің қолынан біреу алып кетердей мықтап ұстап алған немересі секең-секең етіп ойнақтап қояды. Бір-екі рет шалынып құлай жаздаған соң барып тоқтады.

Қарнын таң атпай тойдырып алған мен орта жолда шаршайын дедім. Ауылдың арғы бетінде орналасқан «конторға» дейін әлі біраз бар. Сол үшін аздап қипақтай бастағанымда әжем арқасына отырғызды. Осы сәтте менен бақытты адам жоқ еді. Әжемнің арқасына мініп алып, оның зейнетақысын алуға, кейін сол ақшаны жұмсауға бара жатқан менен бақытты кім бар бұл жалғанда? Оның үстіне биылғы жазда демалысқа келген жалғыз немеремін. Демек бар жақсыны менің алдыма тосады. Қандай бақыттымын!..

− Әже, осы сен мылтық сияқтысың, − деймін біраздан соң.

− Неге? − дейді ол жаттанды жауабымды біле тұра.

− Өйткені белің бүкір, − деймін де тырқ-тырқ күлемін. Әжем де бұл әзіліме күліп: «Менің белім сендерді арқалауға ыңғайлы болуы үшін бүкір», − дейді.

Аздап демалып алған соң қайтадан жаяу жүріп келемін. Анау кім, мынау не деген сұрақтармен миын ашытып келе жатқанда көк қақпадан әжемнің құрбы кемпірі шықты. Кеше ғана ауласынан алма ұрлаған мен әжеме айтып бере ме деп жым болдым. Ол да біздің қатарға қосылып, әрі қарай кеттік. Мен туралы ештеңе демегеніне қарағанда кеше байқамаса керек. Ол да өзінің медалін жарқыратып шығыпты. Алайда әжемнің кеудесінде жарқырап тұрған алтын медалін көріп, өзінің күмісін аздап жасырғысы келетіндей ме?!

Әупірімдеп жүріп межелі жерге, «конторға» да жеттік. Ауылдың кемпір-сампыры түгел жиналып, кезек күтіп отыр. Өз ортасында беделді әжеме келіп сәлем беріп, амандасып жатқандар көп. Жалпы дәл осындай сәтті жақтыра бермеймін. Өйткені әркім бір келіп мені еркелетіп, сүйгісі келеді. Ал мен тек әжемнің ғана немересімін. Сол үшін шамалы жатырқап, қашқақтаймын. Кезектің ұзақ болатынын білген соң әжелерімен еріп келгендер сыртқа шығып ойнап аламыз. Әлсін-әлсін шайтанарбасымен асығып келген шалдар іштегі кемпірлердің кезегін көріп күрсініп, ертеңгі күннен үміттеніп кері қайтады.

Жүгіріп-секіріп ойнап жүргенде «Балам» деп айқайлаған дауысын естіп жетіп барамын. Достармен қоштасуға да уақыт жоқ. Құдды бір кешігіп қалсам әжем тастап кететіндей. Кәжекейінің қалтасы томпиғанын байқап бәрі ойдағыдай екенін түсінемін. «Төретайдың дүке­ніне барамыз. Сол жерден керегіңді аларсың. Мен де қарызымнан құтылып кетейін», − дейді әжем. Оған қарсылық білдіретін немесе ұсыныс айтатын жағдай жоқ. Іштей істің ілгері басып келе жатқанын түсініп, дүкенге қарай асығамын. Бұл жолы әжемнің қолынан сүйреп келе жатқандаймын. Дүкенге тезірек бармаса барлығы өтіп ке­тетіндей.

Міне, дүкенге де жеттік. Біз кіргенде әжеге сәлем берген сатушының көзінен дәл мен секілді қуанышты екені бай­қалады. Себебі бүгін ол да бір жасап қалады. Бүгін ауылдың бүкіл кемпір-сампыры ке­ліп, қарызын төлейді. «Тәк, есептейін бе, апа?» − де­ген сұрағына ымдаған әжемнің жауабын алған соң шеті-қыры майы­сып, кір басқан көк дәптерін парақтап, әжемнің есімі жа­зылған тұсты тауып алды. Бір қолына есептегішін алып тарс-тарс басып, мен санай алмайтын сандарды қосып жатыр. Бұл кездегі менің миссиям − өзіме керек заттарды көзбен жинақтай беру. Дүкеннің қақ ортасында орналасқан азық-түліктің арасынан сағыз, балмұздақ, чипсы, сок іздеймін. Өткенде кілем жуарда жеңгем кір сабынға жұмсаған. Сол кезде мен дүкеннің ішін көзбен сүзіп шығып, тізімімді жасап алған едім. Енді сол заттарды тағы бір жинақтап алу керек. Тәттілерімді тапқан соң оң жаққа қарай ығысамын. Бұл жерде киімнен бастап ойыншыққа дейінгі заттар орналасқан. Мен көрген көк машина әлі тұр екен. Бағасы да қымбат емес сияқты. Ал сол жақ бұрышта жеңгем тапсырып жіберген балаларға арналған тіс жуатын паста ғана. Осылай көзбен түгендеп тұрғанда әжем де қарызын төлеп болған екен. «Ал не аласың?», − деген сөзінен кейін аздап ұялғандай болып кідірдім де тізімдегі заттарды жаудырдым келіп. Дүкенші «Мынау ма?» − деп сұраған сайын әжеме жал­тақтап, қарсы еместігін түсі­немін де «Иә» деймін тақылдап. Барлық затымды сатушы апай пакетке бір-бірлеп салып, тағы да са­тырлатып санай бастайды. Енді әжемнің кезегі. Кішкентай блокнотына жа­зылған заттарын айтып, алып жатыр.

Сол сәтте дүкенге Күләнда кемпір келді. Ол да бүгін зейнетақысын алған. Оның да үйінде бүгін шағын той. Шатақтау келген ол әжеме амандасты да маған қарап «Әй, бала, алатын затыңды алып болсаң үйге бара берсеңші. Әжеңді әбден қарызға батырдың ғой», − дейді өз ақшасын жұмсап жатқандай. «Мұнымен шаруа бітсе үйге бағана шауып кетпеймін бе? Дүкенде күтіп тұрсам себебі болғаны ғой. Қазір әжемен бірге дүкеннен шықпаймын ба?». Үйге жетпей жатып әже тоқтатып: «Мә, ешкімге көрсетпе. Жоғалтып алма», − деп қалтама көк 500 теңгені салмай ма? Қатырады-ей осы әже». Іштей осылай ойлап тұрғанымда әжем де алатынын алып, үйге қайттық.

Түс. Жұмыстың бәрі жайланып, барлығы үйге кіріп кеткен. Терезелерді тұмшалап, ұйқының миссиясын орындауда. Ал мен болсам есікті сықырлатпай ашып, далаға шығып кеткем. Күннің шыжып тұрғанына қара­мастан қораның төбесіне мініп ап, бүгін ғана алған сағызымды сиырша шайнап отыр­мын. Тәтті дәмі кетіп қалса да күйісімді қайырған мен әрлі-берлі өткен балалардың көзіне түскім келіп отыр. Ауылдың шетіндегі алыс қырларға көз тастап, жоспар құрамын. Ондағы жоспар бүгін алған заттарым тау­сылған соң әже берген 500 теңгеге не ала­тыным. Кейде қуаныштан айқайлағым да келетін секілді. «Әй, менен бақытты, менен бай қайсың бар?» − деп бүкіл әлемнің бала­ларына жар салғым келетіндей.

…Күбірлеген дауыстан оянып кеттім. Дема­лыста әжеге барған мен ортаңғы бөлмеде ұйықтап жатқанмын. Жартылай көзімді ашып әжемнің 10 жастағы немересін оятып жат­қанын көзім шалды. Иә, бүгін айдың басы. Зейнетақы алатын күн. Бақытты күнді бастан кешетін інім үшін іштей қуанып: «Тұр-тұр, әже зейнетақысын алуға бара жатыр», −  деп түртіп оятып та қоямын. Інімнің де бұл сәтті ұзақ күткені көрініп тұр, атып тұрды. Дүние алма-кезек. Он жыл бұрынғы мен басымнан өткерген бақытты күндерді енді міне, інім өткеріп жүр. «Бақытты балалар да, сол балаларды бақытты ететін әжелер де аман жүрсінші», − деп таңғы тілегімді іштей күбірлеп айттым да қайта ұйқыға кеттім.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Сурет ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: