Жұма, 03 мамыр, 03:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Бақшасы жайқалған ауыл

19.07.2022

1067 0

– репортаж –

«Егіншімәрт, жержомарт». Иә, қасиетті Жер Ананы қариядай күтіп, баладай баптай білсең еткен еңбек, төккен терің еселеп қайтады. Сырбойылық диқандар жылдағы дәстүрмен дала төсіне дақыл егу үрдісінен танған емес. Көктем келісімен кетпен, күрегін арқалап, атыз жағалап жүретін дала дарабоздары «Еңбектің наны тәтті» деген нақылды терең түсінеді. Егін шаруашылығы дамыған елдің біріқала іргесіндегі Қарауылтөбе ауылдық округі. Жыл басында жоспарланған жұмыстар желісі бұл елді мекенде ойдағыдай жүзеге асуда. Осы орайда шаруашылықтың тыныстіршілігімен танысу мақсатында ауылға бағыт алдық. Көзбен көріп, қолмен ұстап, көңілге түйіп қайтық.

Ауылдың мүмкіндігі көп

Жә, сонымен бейсенбі күнгі жұмыс бағытымыз бақша басынан басталды. Жол­басшымыз ауылдық округ әкімі Еркін Ахетов. Айтуынша, биыл ауыл халқы он екі гектар жерге бақша дақылдарын еккен. Оның ішінде қауын, қарбыз, асқабақ, жүгері, сәбіз, картоп, қызылша, қызанақ халыққа қажетті өнім түрлерін түгел еккен. Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» қолдауымен егін егіп жатқан қала тұрғындары да көптеп саналады.

– Көктемде аяқ судың сәл кешіңкіреп келуі қолбайлау болып қалды. Әйтпесе әдепкі сәттен қимылдағанда бұдан да көбірек егін егетін едік. Біздің ауылдың мүмкіндігі көп. Топырағының түгін тартсаң майы шығатын нағыз егістіктің жері ғой, шіркін! Бұлай деуімізге себеп те жеткілікті. Ауыл арасында «Төртқұлақ», «Шортанкөл» атанып кеткен осынау алқаптарға жыл сайын егін егіп тонналап өнім алып жатқандар да жеткілікті. Әкем Абдрайхан заманында күріш бригадирі, агроном бол­ған еңбек адамы. Бала кезімізден дала жұмысына жетік болып өстік. Еңбектің қай түрі болсын, білек сыбана кірісіп кететін еңбекқорлығымыз сол кісілерден дарыған қасиет. Бұл ауыл кезінде тәжірибе шаруашылығы аталып кеткен. Тарихы тереңнен сыр шертетін қоныстың тұрғындары өте еңбекқор. Ауылда төрт түлік асырап, бау-бақша егіп, кәсіп жасап, адал еңбегімен нәпақасын тауып отырған жандар аз емес. Ауылдың үлкен автожол бойында орналасуы да тұрғындарға өте қолайлы болып тұр. Әсіресе бақша өнім­дері піскен кезде пайдасы мол болады. «Қарбыз-қауын – жаздай сауын» дегенді естуіңіз бар шығар?! Ауылға жолыңыз түссе, осы қанатты сөздің мағынасына терең қанығасыз. Дәмі тіл үйірген бақша дақылдарына сұраныс баршылық, – дейді ауыл әкімі Еркін Ахетов бізбен әңгімесінде.

Еңбек дүбірі

Қаланың қарбалас тіршілігінен шар­шағаннан болар дархан дала төсіндегі жайқалған егістікті көріп жанымыз жады­рай түсті. Ен даладағы егістік екінші тынысымызды аша түскендей. Әйтеуір даламыздағы еңбек дүбірі санамызға сер­піліс сыйлады. Тас төбеңді тесердей шаңқай ыстықтың өзі адам жанына жылылық сыйлап тұрғандай. Басына күнқағарын киіп, беліне бәйбішесінің қалың орамалын орап, бақшаның арамшөптерін отап жүрген шаруа адамдары мұнда бел жазбай бейнет істеп жүр. Бұйырса, күзде сол бейнетінің зей­нетін көрмек ниеті бар.

Еңбек етіп, еріншектікке салынбасаң қара жер де құр қалдырмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп жүрген жоқ па?! Бір замандарда қарт диқан баласына қарап «Иығыңда кетпенің, осы кеткенің, кеткенің!» деп өзінше байлам жасаған болса, сол бір тәлімді тәмсілдің өміршеңдігі бірнеше ғасыр өтсе де құндылығын жойған емес. Атадан балаға мирас болған диқаншылық ел ішінде үзілмей келеді.

Өніммен тілдесе білу керек

Күн ыстығында да көлеңкелі қосқа келмей кетпен шауып жүрген шаруа адамын сөзге тарттық. Алқапқа алыстан көз тастап тұрған қарт бағбан иыққа кетпенін іліп, бақшалықты аралап жүр. Жасы алпыстарды алқымдаған аға буынды көріп «Осы кезде талай жас жігіттер желдеткішті қосып, үйінде телефон қараудан әрі аспай жатыр. «Жұмыс жоқ» дегенді желеу етіп, жанына серік болған жалқаулықтан ажырай алмай жүр-ау. Ал мына кісінің ісін неге үлгі қылмасқа?! – деген ой санада қылаң бергенін айта кетейін. Алқапты аралап келе жатқан ел ағасына сырттай қарап осылай ой түйдім. Журналист екенімді білген соң бұйымтайымды білген болар, бірден әңгімесін бастап кетті.

– Қиындығы мен қызығы мол диқан­шылықтың жай-жапсарына келсек, сырттай қарағанда тек жемісін көретініміз анық. Ал шөлімізді басатын қызара піскен қарбыз бен дәмі тіл үйірер шырынды қауын бізге дейін қалай жетті? Қалай күтіп-бапталды? Осыны көп адамдар білмейді де, білгісі келмейді де. Зейнетке шыққан соң тіршілігімді жер-анамен байланыстырдым. Қолымнан басқа не келеді? Немерелеріме тәтті қауын апарсам деген ізгі ниет қой, шырағым. Осылай тіршілік етіп жатырмыз. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, жұмыс бастаймыз. Үлгермей жатсам балаларымды көмекке шақырамын. Бақша өнімдерінің басқа түрлеріне қарағанда қауын егу оңай. Дегенмен әрбір пәлекке қолың тиеді ғой. Еңбекті қажет етеді. Өзім қалада «Арай» шағын ауданында тұрамын. Осында жер алып, ермек қылып жатқан жайым бар. Еккен өніммен тілдесе білу керек. Оның не қажет етіп тұрғанын, шығуына не жетіспей тұрғанын айтпай ұғынсаң ғана жемісін көресің, – деді бағбан Берекет Саймағанбетов.

Расымен, көбіміз дайын асқа тік қасық болуды ғана білетініміз жасырын емес. Базардан дайын өнімді сатып алуға құмар­мыз. Ал сайып келгенде өзіміз егіп баптаған табиғи өнімнен артығы жоқ.

Өмірбаяным бақшамен байланысты

Егін даласынан бақша басында жүрген ақ жаулықты ананы да кездестірдік. Ауыл тұрғыны Зейнеп Мутенова немересі Ерасылды ертіп, егіншіліктің қыр-сырын үйретіп жүр. Алты баладан жиырма немере сүйіп отырған ардақты әже жастайынан еңбек етіп келеді.

– Қауын-қарбыздың бірден-бір жауы құрт пен шыбын шіркей. Шыбын бір жылда үш мәрте балалайды екен. Ол шір­кінің он бес күн ішінде құртқа айналып, түйнекті жарып шығады. Жерге кіріп кетіп, шыбынға айналып, қайта келіп әре­кетін жалғастырады. Қауынның жауы. Бұл шыбынға қарсы арнайы дәрі­лері бар. Соны шашып жатырмын. Қаншама отбасы қауыннан нан жеп отыр. Бала күнімізде жеген кейбір қауын сорттары қазір жоқтың қасы. Бұл мәселе республикалық деңгейде көтеріліп ке­леді. Ғалымдар да тыныш жат­қан жоқ. Қауынның түрлі сорттарын дайындауда. Бір сортты шығару үшін бір­неше жыл керек екен. Қазір қолда бар қауын түрлерінің арасында елге ең өтімдісі – әміре. Оның да өз ерекшелігі бар. Әміре қара қауынға қарағанда 20 күн ерте піседі. Оның үстіне дәмі де тіл үйіреді. Бұрыннан там­сана жейтін қауынның бұл түрі әлі де өз биігінде. Бақшалықтағы әрбір өнім жаныма жақын. «Еңбек етсең емерсің» деп тегін айтылмаған. Өмірімнің жартысынан көбі егіс даласында өтуде. Бақшалық пен диқаншылық – менің өмірбаяным. Атыраптағы әрбір бақша өнімінің тілін түсінемін десем артық айтқандық емес. Осында жұмыс істеу жаныма қуат береді. Бақшаға келмеген күні ауырып қаламын, – дейді Зейнеп Мутенова кетпенге сүйене күліп қарап.

Тілші түйіні

Иә, сонымен бақшалық басындағы бағытымызды аяқтап, қалаға қарай бет алдық. Дала төсіндегі еңбектің жемісін жейтін күн алыс емес. Картоптың алды гүлдеп, қауын-қарбыз өркен жаюда. «Еңбек ер атандырады» деп бекер айтылмаса керек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: