Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Билет арзан, өнер қымбат

11.10.2022

2686 0

Театрға барасыз ба?

Осы сауалмен жұртшылық арасында сауалнама жүргіздік.  Бұл сұраққа көбі «Бармағалы көп болды», «уақыт жоқ» деген  секілді жауап берді. Тіпті кейбірі үндемей құтылды. Расында, көпшілігі күйбең тіршілікті сылтау етсе, жастар не айтарын білмей абдырап қалды.  Сонымен, сіз театрға барасыз ба?

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» демекші, театр – көрерменнің тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны екен. Алайда мұны барлық адам түсіне бермейді. Өкініштісі де осы.

«Уақыт жоқ» деген сылтау ма? Уақытының басым бөлігін түкке-тұрғысыз әлеуметтік желіде өткізіп, санасын ақпаратқа улап жүрген жасөспірімдерге театр – таптырмас орын. Өнер – біздің әлеміміздегі ең құнды дүние. Рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін бірден-бір орын – театр. Сондықтан театр ешқашан өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес. Рухани тұрғыда емес, материалдық тұрғыда баюды  көздейтін қазіргі қоғамда театр сүйер қауым аз емес. Бірақ соған қарамастан, біздің өмірімізде театр­ға баруға кедергі келтіретін себеп­тердің қатары көп-ақ.

Дегенмен театрда жастарға арналған түрлі қойылымдар бар. Атап айтсақ, 2014 жылдан бері жастар труппасы қызмет ат­қаруда. Топтың алғашқы қойы­лымдары Б.Әлімжановтың «Ең сұлуым – Меңсұлу» комедиясы, И.Сапарбайдың «Сыған серена­дасы» поэтикалық драмасы, С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясы, Қ.Жүнісовтың «Ғашықтар хикая­сы», Б.Әлімжановтың «Ойнайық­шы бір, ойлайықшы бір» спек­таклін атап айтуға болады.

Жалпы, театр – адамның терең ойланып, оны сезінуіне мүм­кіндік береді. Мәселен, от­басын ойран ететін отбасылық ас үстіндегі ұрыс-керіс оқиғаны дұрыс түсінуге, мұндайды бол­дыр­мауға шақырады. Рухани азық алуға келген көрермендер театр сахнасындағы әрекет пен оған қатысушы-қаһармандардың ой-ар­манына, сүйініші мен күйіні­шіне, жалпы тіршілік-тыны­сына бар ынта-зейінімен мән бе­реді. Қойылымның жетіс­тігі – көрер­менінің көп болуы.

Театр – қай уақытта да саф өнердің қайнары. Оның бастауы­нан қаншама жас дарын нәр алып, талай талант түлеп ұшты, шыңдалды. Сиқырлы сахнаның киесі де сол – жаратылысынан өнерге іңкәр жанды бір өзіне баурап алады. Сондай-ақ шығар­машылық ұжымда жас актер, актрисалар жетерлік.

Осындай тәлім таразысынан өтіп, өнер айдынында тыңнан түрен салып келе жатқан жастың бірі – Батырхан Амангелдиев. Ол 2017 жылы Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетіне қабылданып, 2021 жылы «Музыкалық театр артисі» мамандығы бойынша бітірген. 2020 жылы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында мамандығын жетік меңгеру мақсатында прак­тикалық дәріс қабылдап, 2021 жылдан бастап театрда актер болып қызмет атқарып келеді.

Жас талант театр репертуа­рын­дағы Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи дра­­­ма­лық қойылымында – Жәнібек батыр, А.Володиннің «Кез­десу мен қоштасу» драма­лық қойы­лымында – Козлов, Б.Әлімжановтың «Ойнайық­шы бір, ойлайықшы бір» коме­дия­­сында – Тықыр, Е.Шварц­тың «Золушка» балалар қойы­лы­мында – Капрал, Т.Уфимцева­­ның «Ұйқыдағы ару» бала­­лар қойылымында – Ханзада, Р.Отар­баев­тың «Нашақор жайлы новелла» қойылымында – наша­қор, тағы да басқа рөлдерді жоғары деңгейде орындады. Ол сахналық қимыл-қозғалысы еркін, көптеген қойылымның сахналық биінде ерекше көзге түсіп, әрі қоғамдық жұмысқа белсене араласып, жан-жақтылығымен көзге түскен талант иесі.

Сонымен қатар қуыршақ тобының актрисасы – Баян Раушанбекқызы да бүлдіршін­дерді тәрбиеге тарту, құдіретті өнердің күшімен балаларды өнерге баулу секілді игі істерді атқаруда. Ол «Нартайдың бүлдір­шіндері» қуыршақ тобында қойылған барлық спектакльдерде түрлі рөлді сомдап жүр. Атап айтқанда, К.Жанмұратованың «Тапқыр бұзау» спектаклінде – Ақшақар, Ә.Файзулланың «Үй таңдаған лақ» спектаклінде – Лақ, «Ит пен мысық, тышқан дос» спектакліндегі – Тышқан, Г.Ландаудың «Балапан қоразын­да» – Түлкі, «Ақылды көжек» спектаклінде – Тышқан ролін ойнады. Бүгінде Баян кәсіби маман ретінде өз ісінің шебері. Қуыршақ тобында сахналанған жаңа қойылым «Үй таңдаған лақ» спектакліндегі лақтың рөлін жан-жақты сомдады. Қуыршақ өнерінің қыр-сырын меңгерген ол көрермендерін сендіре білген жас өнерпаз. Шығармашылық ұжымда осындай жастар легі жыл сайын еселеніп келеді.

Қарап отырсақ, әрбір қойы­лымның билет құны тым арзан. Алайда оның ішіндегі өнер қымбат.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: