Сенбі, 20 сәуiр, 07:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

  Сыр сахнасында жыр жәрмеңкесі

20.12.2022

2603 0

 Қазақ даласы Сыр жағалауын жырдың Алатауына балап, қасиетті өнерді қай заманда болмасын айрықша құрмет тұтты. Дарияны жағалай мекендеген халықтың жыр дариясы да, Сырдариясы да қатар толқып жатты. Бабалар мұрасын бағалай білген байтақ мекен осы өнерлі өлке. Замана көшінде жалғасы үзілмеген жыраулық өнердің мұрагерлері баба сөзін жүрегіне жаттап, ұлттық болмысымыздың бәсін биік ұстап келеді.

Сыр сахнасында жыршы-жыраулардың «Жыр күмбез» аты жыр жәрмеңкесі өтті.

  Сыр сүлейлерінің сүрлеуі қайта жаңғырған жыр кешінде көрермен көңілі жырмен сусындады. Тұран дала төсінде дәуір үні күмбірлеп, өткен күннің жыр мұрасы болашақпен үндесіп, тілдесіп жатқандай әсер сыйлады.

Жыр кешінде күллі түркі жұртына ортақ Көрғұлы дастанын белгілі жырау Бидас Рүстембеков, Айгерім Ешбаева, Ұлжан Байбосынова орындап, өнерсүйер қауымның рухын аспандатты. ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Алматов Балқы Базар Оңдасұлының «Өсиет» шығармасын нақышына келтіре орындады.

Содан соң сахна төріне көтерілген ақын Айдос Рахметов:

«Арма, ағайын, жыр деп соққан жүрегі,

Жырауларды аңсап, тыңдар үнемі.

Сүлейлердің салып кеткен даңғылы,

Жасай бермек өзің бар да Сыр елі.

Балқы Базар болған жырдың алыбы,

Әлі өшкен жоқ жырларының жалыны.

Ғасырлардан-ғасырларға жалғасты,

Терме, толғау тәрбиелі тәлімі», – деп дүбірлі доданың мәйегін жырымен айшықтай түсті.

«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі ерекше күй қосып, ұлттық өнер ұлағатын  өнер өлшемімен өрнектей түсті.

Сыр сүлейлерінің дәріпті жалғасындай болған жыршы жырауларымыз шайырлар шығармаларын нақышына келтіре орындағанда тыңдарманның рухы сілкінді. Міне, өнер, міне, талант дерсіз іштей. Ақ домбырасымен алқалы әлеуметке ақеден жырын ақтарған жампоз жыраулардың жыр жәрмеңкесінде Нұртуған, Нұрмағамбет, Жаңаберген, Жаппарбері, Дәріғүл, Сәрсенбай, Жиенбай, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, Нартай есімдері жаңғырып жатты.

Ғасырлар түкпірінен күні бүгінге жалғасқан жыраулардың мақам мәйегі мәңгілік сарынындай сезіледі. Сырдың бойында шоқтығы биік өнер иесі Тасберген жырау болса, Сыр сүлейінің «Маңырама» деген атпен танылған мақам-сазы ел жүрегін ерекше күйге бөлейді. Тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, көңіл сарайына сәуле құйғандай сезімге жетелейді.

Жыр кешінде осы шығарманы Мәдениет саласының үздігі Серік Жақсығұлов нақышына келтіре жырлады.

Сыр бойында Шамшат бар,

Домбырасын моншақтар.

Қыз едім деп қымсынбай,

Жорғадай басып алшақтар, – деп атақты ақын Әлиакбар Жұматаев жырлағандай Сыр өңіріндегі жыршы жыраулар көшін Шамшат Төлепова бастаған қыз-келіншектер жалғастыруда. Жыр кешінде Ұлжан Байбосынова, Айгерім Ешбаева, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Бейімбетова, Ғазиза Шаймаханова, Зульфия Баймырза, Тоғжан Бақытова, Ақерке Өтепбергенова, Ақмарал Ноғайбаева орындаған жыр мерейі тасқындап жатты.

  Жыр жампоздарына аймақ басшысының ықылас гүлі ұсынылып, шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қорытындылады.

– Жыр жампоздарына үлкен ризашылығымды білдіремін. Сырдың дәстүрлі жыр мектебі әлі талай биіктерге шығады. Дәстүрлі өнер мәңгілік өрістей бермек. Дауыстың қуаты, жырдың екпіні, мақамның өткірі адамды бей-жай қалдырмайды. Тұнып тұрған тәлім-тәрбие. Талантты да, талапты өнер тарландары қырағы көрерменнің оң бағасын алды деп есептеймін. Сыр сүлейлерінің соны соқпақ салған сүрлеуі тағы бір мәрте биіктей түсті. 1925 жылы қазақ өнерін Парижде паш еткен Әміреден соң араға алпыс жыл салып Алмас Алматов эпостық өнерді Еуропада әуелеткенін әлем білді. Жыр – халықтың жүрегін тербеткен ұлы өнер. Бүгін Алмас Алматов пен Бидас Рүстембековтың шәкірттері сол киелі өнерді кемеліне келтіре жаңғыртты. Осынау дәуірлі өнер керуені жаңғыра беруіне тілекшімін, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Сыр аспанына жыр күмбезін орнатқан кеш осылайша жоғары деңгейде қорытындыланды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: