Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Діни сауатсыздық және дүмшелік – діни экстремизмнің басты себебі ретінде

28.10.2020

2758 0

Қазірде еліміздегі діни ахуал әрбір саналы азаматты алаңдатады. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады. 2008 жылғы Ағылшынның ішкі қауіпсіздік қызметінің материалдары бойынша террорлық әрекеттер мен соларға жақын тұратындардың көпшілігі дінді жақсы білмейтін, тіпті діни міндерттерін орындамайтындар екендігін жазады. Ал оның алдын алу ретінде діни ағартушылық пен діни мекемелердің жұмысы дұрыс жолға қойылу керектігін көрсеткен [1].

Бірақ, ислам әлемін фатализм пікірі жаулап алғандығы шындық. Фатализм пікірінің жаулағандығы соншалық адам егер қандай да бір істе өзіне бір пайда беретін болса ол құдайдың тағдырына қарсы келгені болып саналған.

Кезінде бүкіл әлемді мойындатқан мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз көрінеді. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі алаңдатады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша Алжирде 34%, Бангладеште 52%, Мысырда 40%, Мароккода 58%, Пәкістан мен Йеменде 60%, Түркияда 20% адамдар сауатсыз [2].

Шибили Нұғмани мәселеге қоғамдық тұрғыдан қарап, ислам бойынша адамзаттың дамуы, құлдырауы қайтадан өрлеуі не болмаса құрып кетуі адамдардың өздерінің еңбегі мен қажыр-қайратына байланысты болғандығын айтады. Өйткені, дін мен дүниенің бақыты сол адамның еңбегіне келіп тіреледі. Құранда: «Адам баласы тек еткен еңбегінің ғана жемісін көреді» [3, 526 б.]

Бұл жөнінде хакім Абай да: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», дейді.

Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни-рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың да зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр.

Осы орайда елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу, азаматтардың діни сауатын арттыру жолында бірқатар шаралар жасалуда. Мемлекет елдегі діни ахуалға бей-жай қарамау керектігін түсініп Дін істері агенттігін құрып, «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып жұмыс жасай бастады. Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап орта білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» пәні енгізілген еді. Осы пәнге қатысты және «дінтану негіздері» оқулығына байланысты әртүрлі пікірлер де көптеп айтылған болатын. Қазірде бұл мәселе өз өзектілігін жоймай отыр. Себебі, зиянды діни ағымдардың басты нысанасы жастар болғандықтан олардың дүниеге көзқарастық ұстанымдарын қалыптастыру, болашақ қиыншылықтардың алдын алу болып табылады. Осы тұрғыдан мынадай мәселелерге назар аудару қажет деп санаймыз:

  1. Мектептерде «Дінтану негіздері» оқулығын, оны оқыту әдістемесін жетілдіру. Пәнді оқытудың басты мақсатын айқындап, сол бағытта жұмыс жасау қажет. «Дінтану негіздері» оқулығын немесе қосымша оқу құралдарын заманауи электронды оқу құралы түрінде әзірлеу дұрыс. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты тез меңгеруге көмектеспек.
  2. «Дінтану негіздері» пәнін оқытатын мұғалімдер мәселесін әлі де қарастырған жөн. Олардың діни сауатын жетілдіру, діни көзқарасын айқындау, қазіргі кездегі діни ахуалға қатысты мемлекеттік көзқарастарды игерту басты мәселе.
  3. Әлемнің көптеген мемлекетті пайдаланып отырған тәжірибедегідей дінді халықтық мәдениетпен ұштастыра отырып оқыту қажет. Халқымыздан шыққан танымал ғалымдардың еңбектерін қосымша құрал ретінде пайдалану тиімді. Егер діни ұстанымдар, құндылықтар мәдени құндылықтарымызбен астарлас оқытылмаса ұлттық, мемлекеттік тұстастық мәселесіне келгенде жастардың жат көзқарасқа еріп кету қаупі туындайды.
  4. Әрбір мектеп басшылығы мүмкіндігінше жоғары білімді «дінтанушы» мамандарты тартуға мүдделі болуы тиіс. Себебі, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары «дінтанушы» мамандарды әзірлейді. Оларға көп жағдайда жұмысқа орналасу қиынға соғып жатады. Олай болса, бұл тұрғыдан қайшылық орын алып отыр деуге негіз бар. Өйткені, бір жағынан жоғары оқу орнын бітірген «дінтанушы» маман басқа салаға жұмыс іздеп кетіп жатса, екінші жағынан еліміз бойынша «дінтанушы» мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Осы мәселені жолға қою қажет.
  5. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында көрсетілгеніндей, ҚР-да білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады. Дегенмен мемлекет жергілікті дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге, діни білім беру мәселесінің сапасын арттыруға ықпалдасуы тиіс.

Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеуді айтуға болады. Сондықтан да елбасымыз: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» – дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да қатар меңгергені дұрыс. Егер қандай да діннің өкілі болмасын өзін жаратушысының сүйікті пендесі болуын қаласа, сол жаратушысы жаратқан барлық адамзат атаулыған, олардың сенімдеріне, тіпті әлемге құрметпен қарауы қажеттігін түсінуі тиіс. Ал дін атаулының барлығы араздастыруға, соғыстыруға емес, бейбітшілікті орнатуға келгендігін ешбір діннің өкілі жоққа шығармайды. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, жастардың, өскелең ұрпақтың иманды, парасатты болып тәрбиеленуі және діни салаға бет бұрған азаматтарымыздың білімді болуының еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны ерекше екендігін назарда ұстап, әрбір маман өз саласында пайдалы болуға талпынуы қажет.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы. Алматы, 2011. – 217 б.
  2. http://www.sesric.org/baseind_5.php
  3. Кәнған М. Тәфсиру Жәләләйн. – Бәйрут, 1411 х. – 685 с.

К.Тышхан,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Дінтану кафедрасының доценты,

ф.ғ.к., дінтанушы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: