Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ел сенімін ақтаған азамат

23.10.2021

1806 0

Адамзат баласы әсілінде туған жерімен тығыз байланысты болып ер жетеді. Саф ауасымен тыныстап, топырағынан нәр алады. Танымы кеңейіп, тағдыры туған жер тарихымен үндесіп жатады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұқашбек Айходжаев осындай тұлғалардың бірі.

Ол 1952 жылы Сырдария ауданына қарасты №15 разьезде дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар жас жігіт 1969 жылы Ғани Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірді. Мектеп жасынан алғырлығымен көзге түсіп, озат оқушылар қатарынан табылды. Бала бейімін байқаған ұстаздары оған көп үміт артып, келешек өмір жолына үлкен сеніммен қарай-тын. Бойындағы білім мен талант өсе келе өзіне артылған зор сенімді ақтай білді. Мектепті үздікке аяқтаған Мұқашбек Мұхтарұлы Қазақ политехникалық институтының «Теплоэлектростанция» бөліміне оқуға түседі. Мұнда жүріп те өзін барлық жағынан жақсы көрсете білді. Ол ауылдағы ата-анадан алған тәрбие танымы мен ұлағатты ұстаздардан сіңірген білімінің жемісі еді.

1977 жылы Қызылорда педагогикалық институтының «Физика» факультетін үздікке бітіреді. Осы жылы Сырдария ауданына қарасты МИС мекемесіне жұмыс істеуге келіп, комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Еңбек майданында шыңдала жүріп, «Халық депутаттары облыстық советінің атқару комитеті» грамотасымен марапатталды. Бұл адал еңбектің өтеуіне берілген елдің алғысы еді. 1987 жылы аудандық халық депутаттар кеңесінің депутаты болып сайланып, өзі сайланған өлке тұрғындарының мұң мұқтаждарын жоғары жаққа жеткізіп, билік назарын аударып, сан салалы істерге ұйытқы болды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Ақжарма ауылының әкімі қызметін абыроймен атқарып, ел алғысына бөленді. Осы жылдары ел ішінде көптен шешімін таппай жүрген түйіткілді мәселелердің оңынан шешілуіне айтарлықтай зор үлесін қосты. Сол кезеңдері жасалған жұмыстардың жемісін ақжармалық ағайындар әлі күнге ризашылықпен айтып келеді. 1995 жылы ауыл әкімдерінің республикалық кеңесіне депутат сайлануы да оған артылған үлкен сенімнің көрінісі еді. 1998-2003 жылдар аралығында Ақжарма ЖШС директоры болып халыққа адал қызмет атқарды. Ол қандай істі бастаса да соңында сапалы орындалуын өзіне міндет тұтатын. Әрбір жұмысын жауапкершілікпен атқаратын.

Мұның бастауында жоғарыда атап өткеніміздей туған жерден дарыған қастерлі құндылық жатыр. Ол 2003 жылы мәңгілік мекеніне ат-танып кете барды. Дегенмен елмен етене араласқан ер азаматтың ерлікке пара-пар еңбектері ұлт пен ұрпаққа жасалған ұлы құрметінің белгісі. Мұқашбек Мұхтарұлының мұрасы – артында қалдырған осындай ізгі істері. Бұл тәуелсіз Қазақстанның дамуына аз да болса қосылған ер үлесі.

Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: